Бізбен байланысыңыз

Сәлем, сіз не іздеп жүрсіз?

Білім

Фактчекинг пен верификация – журналистің құралы

Біз күнделікті өмірде сезім мүшелеріміз арқылы миллиондаған ақпаратты қабылдаймыз. Нені көреміз, сол – ақпарат. Латынша оны –information – тура аударғанда, түсіндіру және мазмұндау деп жатамыз. Бүгінде ақпаратты түсіндіру алаңы кеңейді десек, қателеспейміз. Себебі ақпарат жаңа технологиялық мүмкіндіктерге жол ашты. Кодтау, жүйелеу, жинақтау сынды бірнеше процестерге ұшыраса да, ақпарат ретінде сақталады. Ақпарат – бұл білім, байланыс, мағына, форма сынды басқа да ұғымдармен тығыз байланысты әрі көпмағыналы ұғым. Біздің дәл қазіргі өмір сүріп отырған дәуіріміз де осы ұғыммен аталады. Ақпарат дәуірі.

          Әрбір қоғам шындық пен әділеттің үстем болғанын қалайды. Сол үшін қоғамда жүйелі заңдар, қатаң тәртіп пен этика нормалары белгіленіп, заңдық тұрғыда бекітіледі. Қоғам үнемі даму үстінде болады. Осыған байланысты оның ғылымның кез келген саласына, жаңа технологияларға деген талабы күшейді. Ештеңе өзгеріссіз қалмайды. Ескі дүниелер өзінің жаңару бағытын таңдайды. Соған сай дамиды. Өткен жылдардағы (2019/2020) әлемдік пандемияға ұласқан Covid-19 коронавирустық инфекциясы бүтін жер шарындағы тіршіліктің даму бағытын өзгертті. Әсіресе білім саласына, сондай-ақ қарапайым өмірге инновациялық технологиялар етене енді. Бұл – шынайы қажеттіліктен туды.

         Data-Journalism дәл қазіргі заманға сай қажеттіліктен дүниеге келді. Себебі өте маңызды әрі өзекті деректер ақпараттық кеңістікте көпшілікке беймәлім түрде қалып жатыр. Цифрлы технологиялардың арқасында бүгінгі таңда ақпараттар күніне бірнеше есе көбейетін өнімге айналды. Күн сайын саны артқан ақпараттар салдарынан оқырман, тіпті журналистика саласының кей мамандары да іс жүзінде қажетті ақпараттарды елемей өтеді. Өзіне қажетті ақпаратты таңдай да, тіпті өңдей де алмайды. Осы мәселе оқырман аудиториясының журналистика саласына жаңа талап қоюына негіз болды. Ең бастысы, дата журналистика – белгілі бір тақырыптағы ақпаратты, сондай-ақ дереккөздерді топтастырып, анализ жасап, әрі өңдеп оқырман назарына көрнекі түрде ұсынады. Бұл жағдай талдамалық материалдарға, ұзақ ізденіске және журналистік зерттеуге деген қызығушылықтың артуына әкелді. Дата журналистика – үлкен көлемдегі ақпаратты немесе «big data-ларды» өңдеуден тұрады.

Заманауи технологиялардың дамуымен дата журналистиканың да ауқымы кеңейді. Деректерге қол жеткізу соңғы онжылдықтармен салыстырғанда едәуір жеңілдеді. Түрлі компьютерлік бағдарламалардың пайда болуы – шындыққа қол жеткізу жолындағы журналистің «артық» жұмысын қысқартты. Сәйкесінше, ақиқатты табуда журналист уақыттан ұтады және мол ақпарат көздеріне жолығады. Бастысы, дата журналистикамен айналысатындардың компьютерлік сауаты жоғары болғаны абзал. Себебі дата компьютер түсінетін форматтың бірінде болмаса, онымен анализ жасау мүмкін болмайды.

Топтық әрі шығармашылық ұйымның бірлесе отырып жұмыс жасауының арқасында тиянақты материал жарыққа шығуының үлесі артады. Себебі бір тақырыптың аясында мәлімет жинауда дереккөздердің едәуір көптігі ұжымдық жұмыстың күшін қажет етіп тұрады. Ең бастысы, тақырыптан ауытқымай, журналиске қажетті ақпараттардың барлығын сұрыптай отырып, тіпті артық деректердің де маңыздысын тауып, қоғамға пайдалы дүниелерді жарыққа шығару қажет саналады.

Иә, шындығында да жалған және фейк ақпараттармен күресте факчек мықты қару. Фейк дегенге келсек, ол көп жағдайда қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты трафик жинау немесе қоғамдық қозғалыс, белгілі тұлға, саяси науқан және т.б. беделін түсіру мақсатымен жаппай онлайн тарату үшін ойдан құрастырылатын жалған жаңалық. Сондай-ақ уәделердің орындалуын қадағалауға, яғни жергілікті билік өкілдерінің, президенттің тағы сол секілді лауазымды азаматтардың халық алдында немесе ашық әрі ресми түрде мәлімдеген уәделерінде уақыт тұрғысынан қадағалау үшін де факчек таптырмас құралға айналып келеді. Жалған ақпараттар – әрдайым журналистиканың басты дұшпаны. Оған қарсы тұруда сандарды сөйлетіп, түрлі ақпараттық ресурстарды ақтарып, шынайы ақиқатқа қол жеткізуде факчекингтің рөлі зор.

         Ендеше факчекингтің дата журналистиканың бір саласы екендігін дәлелдеп көрелік. Факчекинг белгілі бір қоғам арасына тараған жаңалықтардың дұрыс-бұрыстығын анықтау мақсатында жүргізілетінін атап өттік. Әсіресе белгілі тұлғалардың ашық немесе ресми мәлімдемелерінің үстінен де зерттеу жиі жүргізіліп жатады. Factcheck.kz ақпараттық ресурсындағы кез келген материалды алып талдауға болады. Мысалы, авторы Медет Есімханның 11.04.2021 жылы жарияланған «Қазақстан әлемде аборт жасаудан 3-орында ма?» деген факчекін алып көрелік. Бұл материалда автор Instagram әлеуметтік желісінде dailyworldmaps парақшасында жарық көрген қызықты дерегінің дұрыс-бұрыстығын анықтауға тырысады. Парақшада жарияланған кестеге сәйкес 2021 жылы Қазақстан 1000 (15 жастан 44 жасқа дейінгі) әйелге шаққанда аборт саны 35 деп көрсетіліп, жасанды түсік жасау бойынша әлемде 3-орында деген мәлімет келтіріледі. Бұл дерекке сүйеніп, Қазақстанның бірнеше танымал ақпарат порталдары, оның ішінде nur.kz («Казахстан занял третье место из 58 стран по числу абортов»/ 02.04.2021), times.kz , newtimes.kz («В мировом рейтинге Казахстан оказался на третьем месте по числу абортов»/ 02.04.2021) тақырыптың ауқымын кеңейтіп мақалалар ұсынады. Бұл ақпараттың негізгі дереккөзі ретінде «World population review» сайты көрсетіледі. Автордың анықтағанына сәйкес, бұл ақпарат, яғни дереккөзде көрсетілген мәліметтер –ескі. Сондай-ақ БАҚ беттерінде «аборт саны бойынша Қазақстан 3-орында» деген тақырыппен әрі 2021 жылғы статистика бойынша деп жарияланған. Ал дереккөзде аборт жиілігі көрсетілген. Автор аборт «саны» және «жиілігінің» айырмашылығы жер мен көктей екенін жеткізеді. «World population review» сайты аборт жиілігі туралы ақпаратты сенімді дерекқордың бірі – UN Data –дан («Біріккен Ұлттар ұйымының деректері») алған. UN Data-дағы мәлімет 2008 жылдан бері жаңартылмаған болып шығады.

         Бұдан бөлек автор Қазастанның Ұлттық статистика бюросының деректерін негізге ала отырып, 2019 жылы Қазақстандағы 1000 (15 жастан 44 жасқа дейінгі) әйелге шаққанда аборт деңгейі 16,8 екенін жеткізеді. Яғни соңғы 20 жылмен салыстырғанда түсік жасату азайып бара жатқанын дәлелдейді. Сондай-ақ автор факчекке – манипуляция деген үкім қояды.

         Жалпы шынайы ақпарат дегеніміз не? Жауапты болудың принципі – қол жеткізген ақпараттың шынайы екеніне көз жеткізу.

Медиа теоретик, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ресей Білім академиясының білім берудің мазмұны мен әдістері институты Медиа білім беру лабораториясының аға ғылыми қызметкері Екатерина Якушина шынайы ақпараттың ең алғашқы сипаты ретінде сілтеме жасауды көрсетеді. Алайда сілтеме берілген ақпарат көзінің бәріне бірдей сене салуға да болмайды.

Екатерина Якушина, сондай-ақ, сілтеме берілген ақпарат көздерінің қаншалықты сенімді екеніне көз жеткізуді ұсынады әрі Интернеттің Ресейде ресми ақпарат құралы ретінде тіркелмейтінін көлденең тарта отырып, оның ресми ақпарат көзі бола алмайтынын айтады. Қазақстанда да ресми интернет ресурстарының арасында БАҚ ретінде тіркелген ақпарат құралдары өте аз. Сол себепті интернет сайттарының барлығын ақпарат көзіне жатқыза алмаймыз. Әрине, Қазақстандағы заңдарға сүйенсек, интернеттегі барлық ақпарат құралдары БАҚ-қа теңестірілген, бірақ бұл оны ресми ақпарат көзіне теңестірілді дегенді білдірмейді. Сенімді ақпарат көзі ретінде ресми органдардың сайттары мен ресми түрде тіркелген ақпарат агенттіктерінің сайттары ұсынылады. Медиа практик David Brewer «Как проверять факты советы для журналистов» мақаласында қазіргі қағида бойынша ақпаратты екі сенімді ақпарат көзінен тексеру қажеттігін айтады. Doublechecking – әлдеқашаннан бері ақпаратты тексерудің классикалық үлгісіне айналғаны мәлім. Сондықтан тапқан ақпараттағы бір сенімді ақпарат көзі арқылы тексеру қажет.

Америкалық саясаттанушы ғалым, журналист, Таяу Шығыстағы Халықаралық Америка консулдығының президентi Dr.Majid Rafizadeh ақпараттың шынайылығын тексерудің бірнеше жолын ұсынады: Бірінші – ақпаратты ұсынушы негізгі автор. «Негізгі автор – шынайы ресурс бола ала ма?» деген сұрақ қойған ол, оған біржола сене салуға болмайтынын айтады. Ақпараттың шынайы екеніне әрмен қарай көз жеткізе түсу үшін осы саламен айналысып жүрген бірнеше сарапшының пікірі сұралғаны жөн дейді ол. Дегенмен, сарапшылардың өзі бізге ақпараттың шынайылығын дәлелдеуге кепіл бола алмайды. Жеме – жемге келгенде, сарапшылардың өзі тайқып шығуы да ғажап емес. Сол үшін ол адамнан да бұлтартпас дәлел келтіруін талап ету қажет.

Сондай-ақ, ол ағылшын тілді ресурстарда Politifact және FactCheck деген арнайы ақпаратты тексеру қызметтері ұсынылатынын айтады. Бізде ақпараттың шынайылығын тексеру үшін google-дің кейбір қызметтерін пайдалануға болады. www.politifact.com сайты ақпаратты тексерудің 7 жолын ұсынады. Біріншіден, ақпаратты кім ұсынса, сол адамның өзінен оның шынайылығын дәлелдеуді сұрау. Ақпарат ұсынушы адам жайдан – жай айта салмайды. Оның қандай да бір уәждері болуы мүмкін. Екіншіден, бізден өзге де  ақпаратты тексерушілер қандай мәлімет тапқанын іздеу. Әрине, ақпаратты алғашқы болып беруге бәріміз ұмтыламыз.  Алайда, бұл үнемі мүмкін бола бермейді. Үшіншіден, Google – ден іздеу және оны қайта іздестіру ресурстары арқылы тексеру. Google – дің іздеу қызметінің негізі ресурс екені анық. Сонымен қатар, Google тек іздестіру жүйесін ұсынып қана қоймайды, сіз іздеген фактінің қашан, қайда жарық көргенін де қарастыра алады. Іздеген фактіні бір немесе екі ресурстан ғана қарастырып қоя салмау керек. Көптеген ресурсты салыстыру қажет.

Қазақстанда бірнеше жыл бұрын www.factсhесk kz сайты іске қосылды. Сайтты «Сорос Қазақстан» қорының қолдауымен MediaNet халықаралық журналистика мектебі жүзеге асырып отыр. Онда Қазақстан журналистикасындағы ойланбай жасалған көптеген ақпаратты тексеріп, олардың қаншалықты шындыққа сай екенін анықтайды, ақпараттардағы манипуляция мен пропаганданы айқындайды. Қазір біраз өтіріктің беті ашылуда. Сондай – ақ, әлемнің бірнеше тілінде ақпарат тарататын www.stopfake.org сайты Украинадағы жағдайларға байланысты жарияланған ақпараттардың жалған екенін әшкерелейді. Осы сайттан орыс тілінде ақпараттарды табуға болады.

Фактчек тұжырымдамасының ажырамас бөлігіне (жоғарыдағы параграфта атап көрсеткендей) құрылымындағы үкім сияқты өзіндік элементі жатады. Фактчек-тергеуінің әрбір материалы үкім арқылы қорытындылануы керек. Әлемдік тәжірибеде діл мен тілдің ерекшелігіне және журналистік техникаға, өзге де объективті жағдайға байланысты фактчек-ресурстары үштен онға дейін үкім түрін пайдаланады. Үкім талаптары басылымның ережелерінде көрсетілген және бұл ақпарат ашық түрде жарияланып тұрады. Бұл ресурс біреуге жалдамалы деп айтудың алдын алу мақсатында жасалады.

Верификация мен фактчек ұғымдарының ара-жігін ашып алу да аса маңызды. Ағылшын теориясында бұл екі ұғым параллель жүргендіктен, шатасу болуы мүмкін. Атап айтқанда, OED верификацияны “ақпараттың шынайылығы мен нақтылығын анықтау процесі” десе, фактчекке “фактілердің шынайылығын анықтау мәселесін зерттеу процесі” деген анықтама береді. Мұндай анықтама екі ұғымды синоним сияқты көрсетуі мүмкін, алайда, біздің ойымызша, бұл екеуі синоним емес, олардың айтарлықтай айырмасы бар. Сондықтан “верификация” үшін OED ұсынған анықтаманы қалдырамыз да, фактчектің анықтамасын жоғарыда айтылған тұжырымға сай аламыз. Кестеде фактчек пен верификацияның негізгі айырмашылықтары көрсетілген.


            Ұғымдардың мұндай бөлінісі верификация ақпаратпен жұмыс істеудің бір тәсілі екенін, ал фактчектің материал дайындаудың форматы екенін көрсетеді. Журналистиканың кез келген түрінде және одан тыс та верификация болуы мүмкін, өйткені мәліметтерді верификациялау басқа салаларда да кездеседі, мәселен, ғылыми ақпаратты немесе тұрмыстық жайттарды верификациялауда. Верификация процесін сипаттау верификатордың өзінен басқа ешкімге қызық емес екенін атап айтқан орынды, осыдан да верификация бізге жаңа өнім бермейді, ал фактчек үшін журналистің мәліметтері тексеру барысын сипаттау форматы қалыптастыру жағынан маңызды.

Бұл концепция фактчекті тренд, журналистік материалдың өз алдына жеке және дамушы  форматы екенін анықтап қана қоймай, журналистиканың ішіндегі мүлдем басқа бөліністі де қарастырады. Біздіңше, мұндай бөлініс пост-шындық дәуірі деп аталатын кезеңдегі ақпараттық кеңістіктің жағдайына сайма-сай келеді. Журналистер қауымы пост-шындықтың ықпалына түспей, оған тиімді қарсылық білдіре алуы үшін біз мағына журналистикасы мен оның құрамдас бөлігі болып саналатын фактчекті бөліп қарастырдық. Пост-шындық дәуіріндегі журналистикадағы жаңа түсініктің ұсынылып отырған терминологиясы мен методологиясы, біріншіден, қолданыстағы фактчек форматы туралы білімді жүйелеуге мүмкіндік берсе, екіншіден, халықаралық журналистер қауымдастығы үшін форматты және оның пайда болу мен таралу заңдылықтарын түсінудің бірегей концепциясын жасауға жағдай жасайды. Теоретик және практик журналистердің журналистикадағы трихотомия сынды жаңа идеяны біртіндеп түйсінуі нақты білім беріп қана қоймай, фактчек түсінігінің медианы өзіндік қадағалаудағы маңызды механизм екенін де көрсетеді. Бұл сапалы журналистиканы жаңа биікке көтеріп, кәсіби сапасы төмен, мәліметтері мардымсыз, нақты емес деректерді фейктер мен пост-шындық өнімдерінен ажыратуға мүмкіндік береді.

Әбдіхалық Олжас

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1 курс магистранты

You May Also Like

Жаңалықтар

«Тазалық - иманның жартысы» деп Пайғамбарымыз (с.а.с ) имандылықтың жартысы ішкі және сыртқы тазалықтан тұратынын жеткізген. Бұл сөз жер бетінде көпшілік арасында айтылып жүрсе...

Жаңалықтар

Түркістан қаласының басты экологиялық мәселелерінің бірі – оның құрғақ климаты, құмды желі. Мұның шешімі ретінде қала маңында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы 2019 жылдан бастау...

Жаңалықтар

Мақтааралдық Сырым Айтбай шығыс жек-жек өнері спортымен 2013 жылдан бері айналысып келеді. Cпорттағы cегіз жылда үлкен жетістіктерге жетті. Сондай-ақ жекпе-жек спорты мен джиу-джитсудан Қазақстан...

Жаңалықтар

«Түркістан Яссы» ЖШС-не кернеуі 1000 вольттан асатын жерасты кабель желiлерiн зақымдағаны үшін айыппұл арқалады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен...