Алтауымыз ала болып, ауызымыздағы кетті

Нағыз ауылды аңсаған жанға, әдебиет пен жыр-дастандарды парақтасаң, ақын-жазушылар сипаттаған ауыл көрінісі қандай керемет десеңші.

Алтауымыз ала болып, ауызымыздағы кетті
ЖАРНАМА ОРНЫ
18.09.2020
235
A+
A-

Қазіргі ауыл көрінісінен мүлдем басқа. Санамызбен дамыдық, өркендедік десек те аты ғана ауыл болып, затына сай еместігі әрі нағыз ауылдың аз ғана жұрнақтары қалғанын көкірек көзі ояу азаматтардың барлығына мәлім.

«Ауылы араластың, қойы қоралас» деп атам қазақ ауылдың қандай болуы керектігін бір сөзбен сипаттап кеткен. Татулығы мен үнемі төс қағысып, әрқашан амандық-саулық тілесіп тұратыны, жыласа жұбатып, құласа демеп тұрғызатыны бір бөлек әңгіме. Егемендік алып, Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Бабайқорғандай ауылымның қазанында қайнап жатсақ та ел-жұрттың бір бірімен араласып, қойы қоралас болудан алшақ кетті. Бұрындары ауыл халқы бір-біріне иланатыны соншалықты, сеніп табыстап кететін аманатына селкеу түсірмей өтетіндері мақтанатын дүние еді. Ел ішінде кемшін болатын жай туып жатса, бірлігі шайқалары байқалса, бір сөзімен нәтиже шығаратын «Әй дейтін ажасы мен қой дейтін қожасы» бар болатын. Қазір ауылда көбісінің бір-бірімен шаруасы жоқ. Малым жанымның садақасы дегендей кішкене ғана ауылға сән беріп тұрған малының барымен жан бағып өмірлерін өткізуде. Отыз жылда жеткен жетістігіміз қайсы деп ертедегі Бабайқорғаннын бейнесінің жоғалуына себеп болған жағдайларды ойша іздедім.

Қанша басшы ауысса да Бабайқорғанның көркін кіргізе алмағандығы белгілі. Ауылда әр басшы өз кезегінде бір іс атқардым, халықтың сүйіспеншілігіне бөлендім дейтін болар. Істелінген істерін бұрынғы Бабайқорғанда жойылып кеткен көріктіліктің бір кірпішінің орнын толтыратындай іс деуге келмейді. Бар болғаны ауыз толтырып айтпасаң да тілге тиек етіп қана айтатын; әрбір үйге тартылған таза ауыз су, ауыл орталығында шектеулі жерге төселген тротуар, одан қала берді көше бойына тартылған жарық бағаналар ғана. Қайсысы болса да істелінген уақытында жаңа туылған төлдей сүйкімді боп көрінгенмен, аз уақыт өте келе сапалары сын көтермей, елдің біріне күлкілі көрінгенмен ойлы азаматтарды қынжылтқаны сөзсіз. Ең сорақысы, мал ұрлығы өршіп тұрған кезде әрі жылдамдықты арттырған көлік иелерінің жол ережелерін бұзуын бақылау үшін орталықтың төрт бұрышына орнатылған камералардың бірі жерге қарап, бірі аспанға қарата тұрғанын көрген адамның санасы неше түрлі ойлардың жетегінде кетеді екен.

Ел сенімін арқалаған бір басшының: «Біз ауылда жерде жыбырлаған мен аспанда ұшып өткеннің бәрін қадағалап отырамыз» деп айтқан сөзінің ықпалы болды ма екен камераның бірі жерге бірі аспанға қарап қалғандығы. Немесе төртеуім түгел болды деп, төбедегі келетіннің қалай келетінін бақылап отырғылары келді ме екен? Бірінің ұйқыдан оянып, танертен үйінен шыққанда бірінші боп көзіне түсетін камераның көкке қарата қойылғаны: жерде жасалынған, құпиясы ашылмай жатқан мал ұрлығына тосқауыл жасауға тапқырлығымен орнатқаны сияқты әрекеттермен сабақтаса ма деп ойлайсың. Мүмкін мал ұрлығының ізі жоқтығының салдарынан қылмыстық іс ашылмауы, ұрылар да заман ағымына сай аспандап ұрлау тәсіліне көшкен бе дерсің? Не ойласаң да, қалай ойласаң да мың түрлі тақырыпқа сеп болатындығы мүліктің қараусыз қалғандығын байқатады.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» қағидасын ұстанған қазіргі ел егесі сыртқы көрінісімен аңғал халыққа жақынындай көрінеді. Ал көзі ашық азаматтың ойынша, сасқан үйректің артымен сүңгігені сияқты іс әрекеті сөз басында айтылған ала болған алтаудың бірі болып ауыздағыны кетіріп жатқаны белгілі.

Әзілмен шындықты жазғандарымнан: ел ішінде жүріп күлгеніме қарағанда жылағаным, қуанғаныма қарағанда қынжылғанымның көптігін байқарсыз.

Іңгәлап туылып, орда бұзар жасқа жеткен жігіттің жасындай, Тәуелсіздігімізге отыз жыл өтсе де ауылымда мардымды атқарылған істі көрмедім. Мемлекет басшысы Тоқаевтың «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен ауылды көркейту керектігіне менің де жеке қосар ойым, енді арқаны кеңге салып жүре бермей, етек-жеңімізді жинап, қазақ атам айтқан төртеуімізді түгендей төбеден келер берекемізді ауыл көркіне шашуымыз керек деп ойлаймын. Аттарынан ат үркімесе де аты аңызға айналған әулие Үкаша ата, Гүрзіхан ата, Қарасүңгір мен Бабай батыр, Төлен ата сынды текті аруақтардың ұрпағы емеспіз бе? Төле би бабамның: «Атаға бөлінген адыра қалады» дегеніндей, әрқайсымыз әр жаққа сенделместен бірлігімізді жаңартып,ат төбеліндей ғана ауылымыздың атын естіген жұрт тамсанып таңырқайтындай ауылға айналдырсақ, келер ұрпағымыздан тек алғыс еститін жан болатынымызға сенімім мол.

Абай Әбдімәлікұлы

ЖАРНАМА ОРНЫ
Тегтер:
Пікірлер

Пікірлер жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.