Жеңісті жақындатқандардың жазығы неде?

Түркістан қаласының орталығында орналасқан «Жеңіс саябағы» бүгінде сұрықсыз кейіпке еніп, тозығы шығып барады.

Жеңісті жақындатқандардың жазығы неде?
ЖАРНАМА ОРНЫ
18.09.2020
569
A+
A-

Түркістан облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Сәкен Қалқамановтың назарына!

Демалыс орнының күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілгеніне жыл толмады. Жеңіс саябағы асқақ рух пен шынайы ерліктің еске алар мекеніне емес, нағыз «масқараның» орнына айналды. Атына заты сай болмай шыққан саябақтың былтырғы абаттандыру жұмыстарына 395 млн теңге қаржы бөлінген.

Саябақта орнатылған мемориалдардың сапасы сын көтермегені былай тұрсын, Ұлы Отан соғысына қатысқан түркістандық батырлардың асыл есімдері жазылған тақташалар аяқ астында қалып жатыр. Отан үшін жанын пида еткен ерлеріміздің есімдері мәңгі есте қалуы үшін жасалған осындай құрмет көрсету үлгісі басқа ешбір елде жоқ шығар.

Былтыр Жаңа жыл қарсаңында облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы күрделі жөндеуден өткен «Жеңіс саябағын» өзі ашып берген. Алайда сол кездегі саябақ келбеті уақытша жасалған «жасандылық» дерсің. Түрлі әшекейлермен көмкеріп, жарықшамдарды жарқыратып қойылғанда баһадүр аталарымыздың зұлмат заманда от кешіп, жанын құрбан еткенін жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетудің жөні ұмытылып қалған секілді.

Тек Ұлы Отан соғысында ғана емес, интернационалдық борышын өтеп жүріп, опат болған азаматтарға арналған ескерткіштердің де есі кетіп, оны толықтырып тұрған элементтері опырылып жерде жатыр. Ауған соғысының да қазақ халқына орны толмас қайғы әкелген. Оның жарасы әлі күнге дейін де жазыла қоймағаны бар. Осы соғыста шейіт болған түркістандық батырларға деген құрмет тақтасының талқаны шыққаны шындық. Енді бұған не айтуға болады?

Мерекелік іс-шаралар, топтық бас қосу мен пикниктік орындарда қойылған үстелдер мүлдем жарамсыз халде.

Саябақтағы спорт алаңдарының қоршау торлары мен есіктері қирап жатыр. Концерттік сахнасы да талапқа сай болмай отыр. Көрермендер отыратын орындықтар, техникалық аппараттар қойылатын бөлменің де сиқы қашқан.

Тұрғындардың қоршаған ортаға деген салғырт көзқарасынан дейін десең, індеттің дендеп, халықтың жаппай демалыс орындарына жиылуы тиылған-ды. Сонда наурыздан бастап санағанда, кешегі 24 тамызға дейін саябақтар жабық алаңға айналған. Таза ауамен тыныстап, демалысқа шыққан әрі ерлердің ерлігіне тағзым етуге енді рұқсат берілгендегі «Жеңістің» келбеті қала тұрғындары мен қонақтарының жанына батып отыр.

Биыл 9 мамырда Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы өтті. Бүкіл әлем коронавируспен алысып жатқан шақтың өзінде ерлердің есімі ұмыт қалмаған-ды. Ұлықталды. Бірақ Түркістан қаласында Жеңістің лебі айқын сезілуі тиіс аймақтың халі барлығын аяқасты етті.

Түркістанның жеңіс үшін шейіт болған қаһармандарға деген сый-құрметі осыншалықты төменге түсіп кетті ме дегенге сенгіміз жоқ. Қаншама ерлік дастандарды, естеліктерді көзінің қарашығындай сақтаған рухани астанамыз өзінің даңқты оғландарын ұмытар ма, болашаққа ұмыттырар ма? Жоқ. Жаңашылдық пен жарқырауыққа жаны құмар Түркістан әкімдігінің батырларға құрмет көрсетуді назарынан шығарған «кінәсі» – бұл. Түркістан әкімшілігі орын алған үлкен кемшіліктерді тез арада түзетуі тиіс. Әлде біркүндік әуестік пен көңіл көтеру үшін ғана 395 млн теңге жұмсалды ма?

ЖАРНАМА ОРНЫ
Тегтер:
Пікірлер

Пікірлер жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.