Екі мың жылдық тарихы бар Түркістан – қазақтың ғана емес, күллі Түркі әлемінің асыл жауһары іспетті. Өркениеттің көшін бастап, білім мен ғылымның, ислам дінінің Орта Азиядағы ордасы ер Есімнің тұсында Қазақ хандығының астанасы болды. Қазақы мәдениеттің, қазақы болмыстың қаймағы бұзылмай, тарихын тереңге жайған мәуелі ағаштай әр тасы сырға толы, руханияттың бал-бұлағы Түркістан екеніне ешкім қарсы келе қоймас.

