Сырым Қалмырзаұлы – Әскери самбодан спорт шебері. Сондай-ақ қоян-қолтық ұрыстан өткен спартакиадада 2-орын иеленген. Соңғы жетістігі джиу-джитсу комбат систем спорт түрінен ел біріншілігінде 77 келі салмақ дәрежесінде 3-орынға қол жеткізді.
«1997 жылы 12 наурызда ОҚО, Мақтаарал ауданы, Азаттық ауылында дүниеге келдім.Тоқжігітов атындағы жалпы орта мектебін бітірдім. 7-сыныптан бастап еркін күреске қатысып, спортқа бет бұрдым. Есейе келе джиу-джитсу, әскери самбо, қоян-қолтық ұрыс, ММА спорт түрлеріне қатыса бастадым. Әрине, жаттықтырушыларым – Бауыржан Сыздықбаев, Мұхтар Мамбетов, Мейірхан Досымбаев, Бауыржан Оралбеков, Әділ Сейітқұл, Қалдар Қасымбаевқа алғысым шексіз. Өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Жаттығу жасау жаныма жақын іс. Сондықтан күнделікті 4-5 сағатымды жаттығу залында өткіземін. Бапкер ретінде шәкірттер дайындаудамын»,-деді ол.
Спортшы негізінен 2012-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжінде Заңгер мамандығы бойынша білім алған. 2015 жылы Отан алдындағы борышын өтеді. 2017-2020 жылдар аралығында Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде “Дене шынықтыру және спорт” мамандығын бітірген.
Сырым Қалмырзаұлы – бүгінде Ә.Нұрмаханов атындағы Олимпиада резервінің мамандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шығыс жекпе-жек бөлімінде бапкер. Жас бапкер Жетісай ауданы, Асық-ата кентінде жасөспірімдерді ММА аралас жекпе-жек, джиу-джитсудан жаттықтыруда.
Нұртас Кеңесбеков