«Билік танымыған ұлы сазгер»

Жарты ғұмырын ән әлеміне арнаған дарынды тұлға — Шәмшінің туғанына биыл 90 жыл толды. Кеңес кезеңінде қазақ нақышындағы сазды өлеңдердің өмірге келуіне талай еңбегі сіңген Шәмші Қалдаяқовты танымайтын қазақ жоқ шығар. Ән сүйер қауымның арасында оның әндері барынша кеңінен таралып, әлі күнге дейін қай өңірде болмасын жиі шырқалады. Қырық жылдық шығармашылық қызметінде 300-ге жуық музыкалық туынды жасаған. Олардың қай қайсысы болмасын ән әлемінде ерекше қолтаңбамен есте қалды.

«Билік танымыған ұлы сазгер»
ЖАРНАМА ОРНЫ
08.09.2020
371
A+
A-

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы Отырар ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Негізі азан шақырып қойған аты — Жәмшид. Оның әкесінің шын есімі де — Әнәпия болған. «Қалдаяқ» оған аяғында қалы бар болған соң жеңгелері тарапынан қойылған. Әкесі өз кезеңінде шаруаға қажетті құрал-саймандарды ауыл тұрғындарына жасап, шеберлігімен танылған. Шәмшіге әнге деген құштарлық анасы арқылы берілген секілді. Себебі анасы Сақыпжамал да әнге әуес болған. Шәмші өз естеліктерінде анасының «Қорлан» әнін ұйықтар алдында айтып беретіндігін, бұл әнді сондықтан ерекше жақсы көретінін айтады. Шәмшінің ән әлеміне қарай есік ашуына, бесік жырының орнына «Қорланды» шырқап ұйықтатқан ана әлдиі себепкер болған сияқты.
Шәмші негізі, Қапланбектегі зооветтехникумды бітірген. Осылайша ең алғаш қадамын өнерге қатысы жоқ мамандықты оқумен бастайды. Дегенмен оны шығармашылыққа деген махаббаты музыкадан бүтіндей қол үзіп қалуға мүмкіндік бермеді. Армандап жүріп Құрманғазы атындағы консерваторияның композиторлар дайындайтын факультетіне оқуға түседі. Неге екені белгісіз әлдебір себептермен Шәмші бұл оқу орнынан диплом ала алмай қалады. Соның салдарынан өмір бойы әуесқой сазгерлердің қатарында жүрді. Шәмші — жоғары білімі бар, дипломсыз композитор еді. Алайда нағыз талантты тұлғаның елге танылуына бұл да кедергі жасай алмады. Арнайы оқу орны Шәмшіге диплом бермесе де, талантын өшіріп тастай алмады.
Сазды әуенімен халық арасына кеңінен таныла бастаған Шәмшіге халық «Қазақ вальсінің королі» деп баға береді. Оның әндері, адам болмысының жүрек түкпіріндегі нәзік тұсын, әуенмен тербетіп әкететін ерекше күшке ие. Шәмші саз әлеміндегі ерекше таланты, ауыл адамдарының айтып жүрген өлеңдерінен нәр алып, халық әндерімен сусындағандықтан деп түсіндіреді. Ол тек әннің музыкасын шығарса да, әр туындысының сөзіне де көп мән берген. Кейде апталап бір әнді жазумен айналысатын болса, алдын ала оның сөзін кімге жаздыратынын, тіпті,кім орындайтынына дейін жоспарлап қоятын көрінеді. Шәмші әндерінен ерекше лирикалық иірімді байқаған ағылшын өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: “Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек”, – деп баға берген.
Шәмшінің лирикалық әндерінің барлығы кімнің де болмасын көкейіне нәзік сезім ұялатып, өткенін аңсатып, болашаққа үмітпен қарауға көп септігін тигізеді. Оның әндерін тыңдаған уақытта адамға ерекше демалыс сыйлауының құпиясы осында жатыр. Сазгердің жүректен шыққан туындылары жүрекке жетіп жатты. Сондықтан болар оның Отан, жер туралы әндерінің бәрі халық жадында мәңгі сақталды. Қазақстанның әр облысында ісапармен барып, тұрғындармен жолыққан сайын ән жазған. Мысалы, Жайыққа барғанда «Ақерке Ақжайық», Сырға барғанда «Сыр сұлуы», Арысқа барғанда «Арыс жағасында», Жамбылға барып «Мойынқұмда» сынды тақырыптарда туындылары жарық көрген. Ал «Менің Қазақстаным» әнін 60-жылдардың басында, қазақ жері өлкеге бөлініп жатқан кезде «Менің Қазақстанымды неге бөлесіңдер?» деген мағанада жазып шыққан. Бұл сазгердің отансүйгіш әндерінің алғашқысы болғандықтан ерекше толғаныспен жазып, астын сызып қойған әндерінің бірі еді. Кейіннен әнді Жамал Омарова орындап, күнде радиодан айтылып тұруын өтініш жасаған. 1986 жылы «Желтоқсаң оқиғасында» алаңға жастар осы әнді шырқап теңдік сұрап шығады. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл ән мемлекеттік әнұран болып бекітіледі. Осылайша әнұранды дүниеге әкелген дипломсыз композитор тыңдарман тарапынан шынайы алғысқа бөленді.
Шәмшінің композиторлық атағы шығып, халыққа енді таныла бастаған шағында анасы айықпайтын дертке шалдығады. Өзінің о дүниелік боларын сезінген анасы Шәмшіні Алматыдан арнайы шақыртып, «дүниеге келген әнің айтылмай жатып үзілмесін» деп өсиет айтады. Анасының ақтық сөзі екенін ұғынған Шәмші бір сәт өзін сәбидей сезінеді. Ойлап қараса, анасы оған әлемнің жарығын сыйлаған екен. Осы сәтте ерекше толқыған сазгер анасына былай деп уәде береді:
«Ана, мен сенің басыңа кесене, ғимарат орнатамын деп айта алмаймын. Бірақ мен саған әннің ең асылын, нәзігін арнап жазатын боламын. Ол ешқашан ұмытылмайтын болады» – дейді. Шәмші өзінің сөзін 1961 жылы орындап, «Ана туралы жыр» әнін дүниеге әкеледі. Расында да, бұл туынды көп адамның көңіл түкпіріндегі анаға деген ыстық, сазды сағынышты әнмен тербетті. Өзі уәде еткендей анасына өлмейтін ән жазды.
Шәмшімен жақын араласқан достары атақ-даңқ қуып, есік тоздырмаған адам деп еске алады. Тумасынан қажырлы да қарапайым, еңбекқор азаматты қай жерге барса да халқы құшақ жая қарсы алған. Осынша құрметтің бәрі Шәмшінің көпшіл, қарапайым болмысының арқасында келді. Сөйткен дарынды тұлғаға атақ-абырой да тым кеш келді. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстанның халық әртісі деген атаққа ие болады. Бұл туралы әдебиет, өнер зерттеушісі Бердалы Оспан «Шәмші туралы сыр» атты мақаласында ерекше атап өтеді.
“Иә, Шәмшінің өмірі оңай болған жоқ. Әндерінің кең тарауы өз жемісін әкеліп, “Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қай­раткер” деген атақ аламын ба деп үміттенді. Себебі, бұл атақ ел таныған, бірақ, билік танымаған сазгерге өмірлік зейнет­ақысын қамтамасыз етер еді. Бірақ 1989 жылдың жазында қазақ халқының ең сүйікті композиторына “Қазақ КСР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері” деген атақ берілді. Әрине, екі атақтың арасы жер мен көктей еді. Бұл хабарды вальс падишасы Шымкент қаласына жақын Ленинск қазіргі Қазы­ғұрт ауылында қазақ халық әндерін жи­наушы жасы кіші досы Райымқұл Темірбектің үйінде отырғанда газеттен оқып біледі. Сосын, тамаша әндерімен елін 35 жыл қуан­тып келген сазгердің көздерінен парлап жас ақты. Шәмші жылады. Ұлы Шәмші көз жасынан ұялмай ұзақ жылады” деп еске алады Бердалы Оспан.
Қанша жылдық еңбек жолында үмітім ақталса екен деп аңсап өткен Шәмші тыңдарман тарапынан бірде-бір мемлекет сатып әпере алмайтын құрметті иеленді. Нағыз таланттың бағасын халық сыйлады. Осындай дарын иесіне Түркістан қаласындағы жаңадан бой көтеріп жатқан «Ақжайық» музыкалық мектебіне Шәмшінің атын берсе де жарасады. Бұға халық қуанбаса, қарсылық танытпайтыны анық.
1991 жылы ауруханада жатқан уақытта сазгерге «Қазақстанның Халық әртісі» деген атақ беріледі. Өлер шағында иемденіп үлгерген атақты арқалап, 1992 жылдың 29 ақпанында халықтың шын ықыласына бөленген ұлы сазгер дүниеден өтеді.

ЖАРНАМА ОРНЫ
Тегтер:
Пікірлер

Пікірлер жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.