Бізбен байланысыңыз

Сәлем, сіз не іздеп жүрсіз?

Жаңалықтар

Сағымға айналған ну орман

Түркістан қаласының басты экологиялық мәселелерінің бірі – оның құрғақ климаты, құмды желі. Мұның шешімі ретінде қала маңында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы 2019 жылдан бастау алған. Оған сәйкес Түркістан 2022 жылға дейін жасыл желектермен шеңберленіп қоршалуы тиіс болған.

Нұр-Сұлтан қаласы секілді Түркістанда да қолайлы климат қалыптасып, экологиялық ахуал жақсаратын болды деген тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Бұл, біріншіден, халықтың демалатын жері болса, екіншіден, қаланы жел эрозиясынан қорғайтын үлкен мүмкіндік еді. Алайда «Жасыл белдеу» қалыптасудың орнына құрдымға кетті. Ал 2019 жылдан бастап бүгінге дейін 8 миллиардқа жуық қаржы құмға сіңген судай кетті десе де болғандай. Жұмыс жүйелі орындалмай, қала халқының сенімі мен үміті ақталмады.

Ескі Иқан ауылы аумағынан бастап, облыс орталығының шығысы мен Үшқайық ауылы аумағынан Қарашыққа дейінгі 2300 га алқапқа 2019 жылы күзде бір миллионнан аса ағаш отырғызылып басталған. Алайда бір де бірі көгермей кетті. Былтыр 1200 гектар жерге ерте көктемде қосымша 769 628 дана көшет егілген, көктемеген. Бүгінгі күні миллиондаған көшеттердің қураған қаңқалары ғана тұр. Жасыл белдеу деген аты ғана болмаса, сырты қоршалған болашақ орманның атырабы бейне егілген ағаштардың мазарына айналған. Тіршілік нәрін татпай, тамырына су тимеген көшеттер жауапсыздықтың салдарынан өлген. Бірер жылда жасыл желектерімен жайқалып тұруға тиіс мекендердің жаппай қуарған далаға айналуы Түркістан болашағына қолдан жасалған қастандық па деген ой келеді.

Ашығын айтқанда, «Жаңа Түркістан» газетінің журналистік тобы «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайын бақылауға Түркістан-Шәуілдір тас жолы мен Үшқайық ауылындағы алқапқа жол тартқан. Қанша жол жүрсек те, жайқалып тұрған ағаштар көзге шалынбады. Отырғызылған ағаштардың бірде бірі су тамшысын татпағаны айқын көрінеді. Қуаң далаға айналған жасыл белдеу аймағының хәлі мүшкіл.

Ең маңыздысы, Жасыл белдеу тіршілік нәрін тата алмай отыр. Егілген ағаштарды суару үшін қазылған су жүйесінің бірде бірі жұмыс жасамайды. Су цистерналары жай ғана декорация үшін жасалып қойылған дерсің. Су татпай қураған ағаш қаңқаларын көргенде көзіңе еріксіз жас алатұғын жағдайда. Обалдың көкесі осы болып тұр. Су тапшылығынсыз ағаштардың өзі көктемеді дейін десең, бір рет болса да суарылса, ол жерге арамшөп те шығады. Алайда басы қылтиған шөпті де көрмейсің. Сонда «Жасыл аймақ» кімді алдап жүр? Қала халқын егілген ағаштардың санымен алдап отыр ма? Егер жауапты «Жасыл аймақ» мекемесінің жұмысына арқа сүйер болсақ, таяу жылдары «Жасыл белдеудің» қалыптаса қоймасы анық. Осыншалық олқылықты көрмей отырған облыстың Табиғи ресурстары мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылығы айға қарап жүр ме?

«Жасыл белдеудің» қазіргі кейпі толыққанды сараптамалық жұмыстан өткізілмей басталғанын айғақтайды. Суландыруға жерасты суын пайдалануы тиіс еді. Алайда бірде бір құдықтан су шыққан емес. Бұған қарағанда жерастындағы су қорына геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмеген. Түркістанның топырақ құрамы, оған бітетін ағаш түрлері барлығы зерттеуді қажет етеді. Дегенмен мұның бірі де орындалмаған сыңайлы. Одан бөлек, біраз тұрғындардың жеке меншік, халықтың жайылымдық және егістік жерлері жасыл белдеуге еніп кеткен. Заңды мекендеріне қоршау қойылып, ағаш егіліп кеткені қалай? Шойтөбе аталатын мекенде қоршаудың орнына қазылып тасталған. Халық ол жерлерді әлі күнге жайылымдық жер ретінде пайдаланып келеді. Қазылған орға түсіп шыға алмай мертігіп жатқан жануарларға обал. Жасыл белдеудің жалпы аумағы 7 мың гектардан асады. Бұл белдеудің бекітілген аумағы қаншалықты заңды?

Оның үстіне «Жасыл белдеуге» қыруар қаржы бөлінген. 2019 жылы қураған ағаштарға 2,4 млрд теңге жұмсалған. Тұқымбақта мыңға жетер жетпес көшет қана көктеп тұр. Ең болмағанда тұқымбақтағы көшеттердің жағдайы жақсы болғанда сырттан сатып алудың керегі болмас еді. Миллиондаған ағашты тұқымбақтың өзі шығаруға қауқары жетердей-ақ. Әрине, дұрыс күтім болса ғана.

2020 жылы белдеудегі көгалдандыру жұмыстары 3,8 миллиард теңгені құрады. Ал биылдың өзінде 1 миллиард 600 миллионнан аса қаржы, жалпы үш жыл ішінде 8 миллиардқа жуық қаржы осындай сапасыз жұмысқа босқа шашылып отыр. Қомақты қаражат желге ұшпай тұрғанда мұның алды алынса игі еді. Облыстың прокуратурасы мұны басты назарға алуы керек. Әйтпегенде «Жасыл аймақ» Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 миллион ағаш тігеміз деп атой салуда. Жасыл белдеудің жапан даладағы ағаштар мазарына айналғаны – көзбояушылық үшін жасалған жұмыстардың жемісі емей немене?

You May Also Like

Денсаулық

Облыс орталығынан қырық шақырым жерде орналасқан Абай ауылы тұрғындарының бүгінде көңілі алаң. Мың жарым адамға жетер-жетпес халқы бар ауылдың негізгі күнкөріс көзі – ауыл...

Жаңалықтар

Нұртас Адамбайдың «Әкім» деген киносын көрген боларсыз? Күлдіріп тұрып жылататын фильм. Ауыз суға, жолға жарымайтын ауыл тұрғындарының ащы тұрмысын көрсеткен туынды аз уақыттың ішінде...

Денсаулық

Ақ халатты абзал жандардың барлығына бүгінде әлем мұқтаж. Жыл басынан бері кесапат болып жабысқан кеселдің жалғыз құтқарушысы да – өздері. Ел басына күн туғанда...

Жаңалықтар

Түркістан облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары болып Ғани Рысбеков тағайындалды.