Бізбен байланысыңыз

Сәлем, сіз не іздеп жүрсіз?

Жаңалықтар

Адал еңбек елеусіз қалмайды

Әкем жайлы ой толғап, қолыма қалам алуыма себепкері Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінен түскен телефон шылдыры болды.

«Сіз Жұман деген кісінің қызысыз ба? Туған қызысыз ба? Біздің музейге 1989 жылы әкеңіздің ұста дүкенінде пайдаланған ескі көрігі сыйға тартылған екен. Аты-жөнінен басқа дерек жоқ. Толықтырсақ деп едік».

Буын-буынымнан әл кетіп, 22 жыл бұрын қайтыс болған әкем қайта тіріліп келгендей күй кештім. Есімде қалғанын қағаз бетіне түсірдім.

Сәтбергенов Жұман – 1915 жылы 20 мамырда Түркістан ауданы Ынталы ауылында (қазіргі Майдантал ауылында) дүниеге келген.

Әкесі – Сәтберген егіншілікпен айналысқан. Майданталдың тау жақ баурайына әр түрлі жеміс талдар егіп, әдіспен қияға су шығарған, қиямет-қайым еңбекпен майда-майда талдар егіп, еккен талы үлкен мәуе баққа айналған, жемісі маңайдағы дүйім елге жеткен екен. Сол майда-майда талдар өсе келе үлкен мәуе баққа айналып, сол жердің атын «Майдантал» деп атаған екен. Сол ат кейін совхоз болып құрылғанда «Майдантал» совхозы болып атанған.

Сәтбергеннің балалары Әбен, Жұман, Беген, Заманбек, Адамбек(17 жасында соғысқа кетіп, хабар-ошарсыз кеткен). Ал Жұманнан Ауданбек, Аюбек, Таңат, Кенжебек атты төрт ұл, Пернегүл, Күлаш, Алтыншаш, Ұлбосын, Манат атты бес қыз, жалпы, тоғыз ұрпақ тараған. Үш ұлы дүние салып, ұлдан ең кенжесі ғана және бес қызы аман-есен, бес үйдің отын жағып отыр.

Жұман Ұлы Отан соғысы басталғанда 26 жастағы жаңадан үйленіп жатқан жігіт екен. Қоштай мен Дәнегүлдің жалғыз қызы Фатимамен яғни, менің шешеммен шаңырақ көтерген еді. Бала жасынан құлағының ауырлығына байланысты (жасында дүмше молдалар ауырған құлағына құманбұлау жасап, пернесін тесіп алған көрінеді) соғысқа жарамай, елде, ұста дүкенінде жұмыс істеген. «Темірден түйін түйген» деген атпен газеттерге мақалалары шығып, газет бетін бермеген дейтін шешем. Ел майданда жүргенде, бойында күш-қуаты тасыған жас жігіттің атқарған жұмысы аз емес еді. «Бәрі майданға!» деген ұранмен қару-жарақ, кетпен-күрек, орақ, т.б. қажетті нәрселердің бәрін жасаған. Шешем де омыраудағы жас нәрестесіне де қарамастан колхозда жұмыс істеп, алдына жан салмаған. Басқарма басшысы бас жүлдені шешем – Фатимаға бергенде жұрт шулаған екен. Сонда басқарма басшысы: «Шуламаңдар, бәйгені бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан Фатимаға ғана емес, Жұмекеңнің жасаған кетпені үшін де беріп отырмыз» дегенде, жұрт мойындап, тына қалған екен.

Әкемнің ұста дүкенін мен өзім де көргенмін. Зейнетке шыққанша көкем сонда істеді. Жұмысқа әбден берілген әкемнің үй алыс болмаса да, келіп түстік ас ішуге шамасы келмейтін еді. Мен әпкеммен бірге тамақ алып баратынбыз. Әкем мейірлене күліп, өзінің жасап жатқан нәрселеріне масаттанатын. Қып-қызыл отқа темірді қыздырып, күйе-күйе ұста дүкенінің ішінде өзінің сүйікті ісімен айналысып жатады. Әкем жуынып, тамақ ішуге отырғанда, біз салбырап тұрған көріктің жібінен ұстап, әрине, басуға шамамыз жетпейді, салбырап тұрушы едік. Мен кішкентай болған соң ба, әкемнің ұста дүкені үлкен боп көрінетін. Кетпен, орақ, пышақ, балта, күрек, т.б. кейде қып-қызыл отта комбайндардың орағының жүзін ұрғылап жататын. Әкемнің жұмысы өте ауыр еді. Өзі өте көңілді кісі болатын. Балалармен де ойнай беретін. Әрі аңшылық қасиеті де бар. Қансонар болған күні ол кісіні ұстау мүмкін емес дейтін шешем. Әкелген аңдарын көрші-қолаңға, жетім-жесірге таратып бергіш-ақ еді. Қалғанын үйге әкеліп, аңға бірге шыққан жас аңшы достарымен шешеме қуыртып жейтін. Біреудің келіні көтермей жүрсе де, тіпті көп қыз тауып, ұлы болмаса да, қатты уайымдап, дұға етіп жүретін, қызық мінезді кісі еді.

Екінші ұлы – Аюбек(1950-1976) Ақтөбе қаласында музыкалық училищенің баян бөлімінде оқитын. Демалысқа келіп, қайтатын уақытында анау-мынаусын арқалап, әкем де шығарып салуға аэропортқа барады. Әкеме еріп үйренген тазы қалсын ба, бірге барады. Самолет жерден көтерілгенде ондайды көрмеген тазысы ағамды бір жаққа алып бара жатқандай тұра жүгіреді. Қатты желіне тұншығып қала ма, жоқ әлде басқа жағдай ма, әйтеуір тазының ажалы сол жерде болады. Тазысын үйге өлі көтеріп әкелген әкем еңкілдеп жылап, неше күн өзіне-өзі келе алмай жүрді. Қара тазы расында ақылды еді.

Аң аулап, олжалы келген күні арсалаңдап үйге дейін кіріп, қолы-басыңды жалап-жұқтап, балаша еркелеп кететін. Әкем де масаттанып, шешем жаңа ғана пештен шығарған таба нанның жартысын бөліп алып, тазының алдына тастай салатын. Ол күні әкем екеуіне ешкім де ренжімейді. Аң әкелмеген күні сүмірейіп, кіреберіс босағадан аспайтын. Тамақ та жемей қоюшы еді. Сол тазысына әкем көп қайғырды. Бәлкім, қайғырмау керек пе еді?! Сол шығарып салған ағам кейін оқуын бітіріп, қызмет істеп жүргенде 26 жасында кісі қолынан қаза тапты. Артында үш қызы қалды. Әкем қашан шамасы келмей қалғанынша қой сойып, қапқа салып ап, жетім қалған немерелеріне апарып жүрді.

Әкем 1998 жылы 9 шілде күні 83 жасында өмірмен қош айтысты.

ӘКЕМЕ

Ұста да болдың темірден түйін түйетін,

Көрігін басып жұмысын жандай сүйетін.

Есімде әлі, жан әке, ұста дүкенің,

Темірің отта қып-қызыл болып күйетін.

Автор

Жатушы ең келсем толғанып, «айналайын» деп елжіреп,

Маңдайдан иіскеп емірене, жан бар ма сүйер енді кеп.

Орның бөлек екен ғой, кеш, әке, кештеу сезіндім,

Көңілімнің көлін толқытып, қозғап бір кетті-ау селді леп.

Жалғасың болып өмірде жолыңды қуып келемін,

Өзіңнен алдым керегін, тамырын жайған терегім.

Аңқылдап, әке, жүруші ең күлдіріп барлық баланы,

Басыңа қояр көктасым – жазылған осы өлеңім.

Тоғыздың бөліп ішінен мен еді, әке, сенерің,

Жырларым шығып жарыққа, жаныңды нұрға бөледім.

Алысқа кетіп тентегің, сағынтып еді қаншама,

Сағындым бүгін өзіңді, жаныңның сездім тереңін.

ӨМІР – МАЙДАН

О, әкем, мәуелеген орман-бағым,

Қайтпайтын мәңгі мекен – барған жағың.

Алғаш шыққан жырымды қолыңа алып,

Әлі есімде күні ұзақ толғанғаның.

О, әкем, арман әкем, қайран әкем,

Қалқиып жүргенің де сайран екен.

Бұл өмір – аз жасайсың, көп жасайсың,

Жеңіліп қайтатын бір майдан екен.

Жан әкем, асқар тауым, ғасыр әкем,

Қол жайып келіп тұрмын басыңа мен.

Осынау өзің жатқан туған жердің,

Әр бұта, не бар дейсің тасына тең!

***

Әкем Сәтбергенов Жұманның мен – бесінші перзентімін. Әкем өмірден өткеніне он алты жыл болғанда бөлем Бекжан Қаралтаевтың қолынан әкем жасаған кетпенді көргенде туған өлең. Әкем Майданталда ұста дүкенінде жұмыс істеді, темірден түйін түйген ұста болатын. Бала күнімде әкемнің көрік басып, қып-қызыл қып темірді қыздыратынын көзіммен талай көргенмін. Біз әкеме түскі ас апарып беретінбіз. Кейде көрік басуға шамамыз келмесе де көмектесуге тырысушы едік. Әкем өте еңбекқор, адал жұмыс істейтін. Үнемі газетке шығып тұратын. Шешемнің айтуынша (құлағының ауырлығына байланысты) соғыс кезінде тылда жүріп-ақ соғысқа өзінің жан аямас еңбегімен үлкен үлесін қосқан екен.

Сол әкемнің қазіргі сәтте Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде (100 жылдық мерейтойы қарсаңында), (83 жас ғұмыр кешіп, дүниеден өткеніне 22 жыл болғанда) ұста дүкенінде пайдаланған көрігі бар екені анықталып, музейдің қор бөлімінің аға ғылыми қызметкері Төлендиева Айгүл Сұлтанқызы көріктің иесінің туыстарына іздеу салған екен. Биылғы жылы тірі болса, 105 жасқа келетін әкеміздің көрігін көріп, сұхбат беруге Сәтбергенова Пернегүл әпкем мен әкемнің ағасы – Әбен көкемнің жалғыз ұлы – Сәтбергенов Дүйсен барып қайтты. Алған әсерлерін айтып жеткізу мүмкін емес. «Өлгені тіріліп, өшкені жанған» күн болды. Үш ұлы есейіп жеткенде дүниеден озып, кенжесі қала жағалап кеткен Жұман әулетінің өшкені жанғаны емес пе бұл?! Ауыр бейнет кешкен әкемнің еңбегі жанды! Аллам ешкімнің адал еңбегін елеусіз қалдырмайды екен ғой. Тәуба!

ӘКЕМНІҢ КЕТПЕНІ

Тарих қой, шіркін-ай, өмірдің өткені,

Он алты жыл болды жан әкем өткелі.

«Ұстаның артында қалады заты» – рас,

Бұл – менің әкемнің жасаған кетпені.

Әкемнің қолымен жасаған бұйым бұл,

Көңілге қуаныш әкелді биыл жыл.

Бөлемнің қолынан көргенде бұл затты,

Ұл етіп тумаған тағдырға күйіндім.

Кетпенің тозбаған, нұр шашып жүзінен,

Толғандым, тебірендім қолға алып бүгін мен.

100 жасқа толыпты дәл бүгін жан әкем,

Елуде ұрпағың ерген мен ізіңнен.

Сақтаған көзіндей көненің бұрынғы,

Айтайын бөлеме мың алғыс бүгін бір…

Адасқан тағдырым адасып әлі жүр,

Өткенім елес те, алдағым бұлыңғыр.

P.S.

Әкешім, затың бұл қалдырған артыңа,

Қалдырсам деп жырын шырылдап қызың жүр.

АТАМ ЕККЕН МАЙДА ТАЛ

(Сәтберген атама арнаймын)

Туған мекен, мейіріміңді сағындым,

Қанат байлап сенен ұшқан сарыңмын.

Мені жіпсіз байлап қойған, шіркін-ай,

Құдіретіңе, қасиетіңе табындым.

Мөлдір шығың кәусар бұлақ суындай,

Сағынышым басылар ма жуынбай.

Анам тартқан ақ жаулығы секілді,

Ақша бұлтың қасиетті туымдай.

Ата-бабам топырағын басқан жер,

Өнерменен көкірегімді ашқан жер.

Өзіңменен бірге соғар жүрегім,

Байрағымдай мөлдір, тұнық аспан-көл.

Шабыт болып ақ нөсерің жауар-ақ,

Суың, ауаң көкірегіме дауа нақ.

Атам еккен майда талдар бүгінде,

Жеміс берген ұрпағына мәуе бақ.

Жүгіреміз қазір қайда пайда бар,

Атамыздай қасиетті қайда нар.

«Майдантал» деп ауыл атын шығарған,

Сол баяғы атам еккен майда тал.

***

Жөнеле бердің қоштасып мына өмірмен,

Кетпейді, әке, кетпейді бейнең көңілден.

Барыңды жайып отырушы едің келгенге,

Өткеніңде де несібең көл боп төгілген.

Қайтармаушы едің қысылған жанның тілегін,

Білмейтін адам жоқ екен Сізді бұл өңір.

Жиналды тегіс, «ақ көңіл еді әкең» деп,

Жаннатта жанын, пейіштен орын тіледі.

***

Асқар тауым ең, қалқаным едің, қорған ең,

Не қызық көрдің, келемін жылда зорға мен.

Азабын тартып, алыстың ұзақ дертіңмен,

Жақсылық, әке, жасадым нендей сонда мен?

Қамқорым едің, қорғаным едің, панам ең,

Сағындым, әке, сарғайдым бүгін санамен.

Мейірін төккен, шуағын шашқан күнім ең,

Дархан пейіліңді теңеймін мына даламен.

Жұртыңды жиып өмірмен мәңгі қоштастың,

Көре алмай, қайран, бейнеңді, әке, от бастым.

Қош бол деп, әттең, болмадым неге жаныңда,

Өзіңдей қамқор ешқашан енді таппаспын.

Сапарға соңғы шығарып сала алмадым,

Жүрегім сезіп зымырап ұшып самғадым.

Кетіпсің, әкем, бір сағат кейін мен жеттім,

Сипалап қалдым орныңды, көре алмадым.

Ағыл да тегіл көл болып кетті жанарым,

Дәрменсіз болып несіне ғана жаралдым.

***

Сырласа алмадым тіріңде,

Тірліктің күйкі құлы боп.

Отырмын, міне бүгінде,

Жетімек қыздың бірі боп.

«Жетімек қозы тасбауыр,

Түңілер-дағы отығар».

Дүниені шарлап шықсам да,

Өзіңдей қамқор жоқ шығар.

КІНДІК ҚАНЫМ ТАМҒАН ЖЕР

Тағдыр осы, туған жер де жат қазір,

Елесі жүр балалықтың бақта құр.

Жанарымда жылтылдаған қос моншақ,

Үзілердей, түсіп кетпей шаққа тұр.

Жат боп кеттім, ұмыт болып әр тасың,

Белгісі өшіп мен ойнаған жартасың.

Сағыныштан жүрек түбі шаншиды,

Көрмеген соң ағайынның ортасын.

Он жеті-ақ жыл еркелеппін төсіңде,

Ақ көйлекті балғын кезім есімде.

Өткізбедім мен өзіңде, туған жер,

Тым құрыса жиырма жастың кешін де.

Шетке кеттім арман қуып, жыраққа,

Бір сәт сені ұмытқам жоқ бірақ та.

Қимастарым – әкем, анам, бауырым,

Сенде жатыр, мәңгі қайтпас тұрақта.

Қызбын қонақ – барар жерім жат мекен,

Туған жердің сағынышы тәтті екен.

Анам екен менің Темірқазығым,

Туған жерім, қазір маған жат, бөтен.

Жұлдыз сиреп, аспанымда ұрланды Ай,

Жүрмін, тағдыр, «сыбағаңнан» құр қалмай.

Елге бардым, бәрі маған жатырқап,

Бүкіл дүние теріс қарап тұрғандай.

Қош, мекенім, атам еккен майда тал,

Жайылатын қырда жылқы, ойда мал.

Майданталым – кіндік қаным тамған жер,

Дәп өзіңдей ыстық мекен қайда бар?

Әкем, әне, сәйгүлігі шайқалып,

Қызғалдақтар қырды алып тұр жайқалып.

Сол Сәтберген атам еккен майда тал,

Шақырады тым алыстан байқалып.

Арман, Сымбат гүл тереді қыраттан,

Анам, әне, су алады бұлақтан.

Әкем атын үй артына тұсай сап,

Шынтақтай кетіп бір шара қымыз сұратқан.

Келіп едім соны көреді екем деп,

Жерімді апты жат біреулер мекендеп.

Өшіруге тырысыпты ізімді,

Туған үйім көрінеді бөтен боп.

Жатқандай бір қарызымыз төленіп,

Анам жатыр жер бесікке бөленіп.

Қыр басында зираты тұр қоршаусыз,

Қара шалының соңын ала жөнеліп.

Майданталым, қайран, туған ауылым,

Өзіңде өтті балалығым, сауығым.

Баяғыдай барамын да тұрамын,

Сенде менің анам, әкем, бауырым.

Алтыншаш Жұманқызы

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You May Also Like

Жаңалықтар

«Тазалық - иманның жартысы» деп Пайғамбарымыз (с.а.с ) имандылықтың жартысы ішкі және сыртқы тазалықтан тұратынын жеткізген. Бұл сөз жер бетінде көпшілік арасында айтылып жүрсе...

Жаңалықтар

Түркістан қаласының басты экологиялық мәселелерінің бірі – оның құрғақ климаты, құмды желі. Мұның шешімі ретінде қала маңында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы 2019 жылдан бастау...

Жаңалықтар

Мақтааралдық Сырым Айтбай шығыс жек-жек өнері спортымен 2013 жылдан бері айналысып келеді. Cпорттағы cегіз жылда үлкен жетістіктерге жетті. Сондай-ақ жекпе-жек спорты мен джиу-джитсудан Қазақстан...

Жаңалықтар

«Түркістан Яссы» ЖШС-не кернеуі 1000 вольттан асатын жерасты кабель желiлерiн зақымдағаны үшін айыппұл арқалады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен...