Коронавирус атты тажалдың бетін қайтару үшін халық үйлерінде қалуға мәжбүр болды. Орта және шағын кәсіпорындардың басым бөлігі жұмысын тоқтатты. Бар-жоғы 42 500 теңгені қанжығалап, екі қолына бір күрек таба алмай жүргендер қаншама. Ал біршама кәсіпкерлердің негізгі күнкөріс көзі базарлардың апталап карантинге жабылуы оларға ауыр соққы болғаны жасырын емес. Бүтін ел қиын-қыстау заманында қалғанда жарықтың қымбаттауы қисынға келер ме?
Өткен айдың 21 күні «Энергопоток» ЖШС тарапынан электр энергия бағасын көтеру туралы хабарламасы бойынша жария тыңдау өткен. Бар-жоғы жиырма адам қатысқан жиналыс тартыстың ортасына айналған. Сонымен қатар серіктестіктің жобасымен танысуға онлайн түрде тұрғындардың қатысуына жағдай жасалған. Десе де, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирде 45 адам белсенділік көрсеткен. Жарық бағасының көтерілуіне облыстық мәслихаттың депутаты Үмбет Жүсіпбаев өз наразылығын білдіріп, ұсынысын айтқан. Депутат халықтың үйіне тығылып, вирустың беті қайтпағанда бағаның қымбаттауы жөн емес деп біледі.
Серіктестіктің қаржы директоры Е.Жақсылықов электр энергиясының өсуі Энергетика министрінің 29 маусым күнгі №243 бұйрығына сәйкес екендігін айтты. Бұйрықта 1 шілдеден бастап энергия өндіруші ұйымдардың 0,7-ден 25 пайызға дейінгі өсіммен жаңа тарифтері бекітілген.
Жарықтың қымбаттауы халық тұтынатын тауарлардың бағасының өсуіне алып келетіні жасырын емес. Ал онсызда тұтынушысы азайып, коронавирустың әсерінен ісі кері кеткен кәсіпкерлер қыруар шығынның астында қалайын деп тұр. Оңтүстікті жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Энергопоток» мекемесі құны артқан тарифтерін былайша бағалаған. Жеке тұлғалар үшін жарық құны 1 квт-қа 13,86 теңгеден 14,69 теңгеге өседі. Заңды тұлғалар үшін 24,70-тен 27,43 теңгеге қымбаттайтын болады. Бүгінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті шешім шығарып қойған. Қымбат тариф 659 324 абонентке 15 тамыздан бастап енгізілетін болды.
Жарық өндіруші ұйымдардың тарифтік бағасы министрлік бұйрығы арқылы көтерілгенмен, тұтынушылар үшін бағаны жарықпен қамтамасыз ететін мекеме жобалайды. Бүгінгі күні бағаның 8 бен 11 пайыз арасында дейін артқаны белгілі болды. Бірер пайыз болса, білінбей қалар ма еді, олай болмады. Енді қызмет сапасы сол күйі қала ма? «Энергопоток» ЖШС-нің тұтынушылары жарық жиі кесілетінін айтып шағымданады. Жел соқса, жаңбыр жауса, күні бойына жарықсыз қалғанымен қоймай, белгісіз себептермен де жиі электр желісі кесіледі. Жаңа жарық бағаналары мен трансформаторлар толығымен қайта жабдықталмайынша, жағдай жақсармасы анық.
Жария тыңдау тек белгі үшін өткізілді десе де болғандай. Тыңдауға жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, қоғамдық бірлестіктер мен тәуелсіз сарапшылардан, БАҚ-нан, түрлі кеңестер мен ұйымдардан мәжіліс залында орын жеткілікті болғанымен, карантинге байланысты барлық санитарлық шараларды сақтауға мүмкіндік болғанымен қатысушылар болмады. Тек жария тыңдауды өткізуге мүдделі жақтың адамдары ғана қатысып отырды десе болады. Сол жиында онлайн режимінде облыс бойынша тыңдап отыр деп жария етілгенімен онысын байқалмады. Сондықтан жария тыңдаудың хаттамасын құжат ретінде жарамсыз, тыңдау өткен жоқ деп таныған дұрыс.
Екіншіден, тариф неге бүгінгідей уақытта пандемияның өршуі кезінде, карантиннің жалғасуында көтерілуі тиіс? Мәселені індеттен құтылғаннан кейін, жұрттың бәрі нәпақасын тапқаннан кейін, ауыр соққыдан есін жиғаннан кейін қарауға болмас па еді? Әлде бұл «Жау жағадан алғанда, бөрінің балақтан тістеуінің» көрінісі ме? Тарифті дәл осы уақытта өсіру, ол туралы мәселені қараудың өзі ел арасында жік салу деп түсінеміз. Қаралған күнде де тұтынушылар өкілдерінің жеткілікті дәрежеде қатыстырылуымен өткізілуін қалаймыз.
Үшіншіден, естеріңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бір кезде орынсыз тарифті өсіруді сынға алғаны белгілі. Содан кейін кейбір монополистер электр қуаты бағасын төмен түсіргені де аян. Бірақ бізге белгілі тариф өсуде. Жалпы электр қуатын пайдалануға, оны өндіруге қайта қарауды ұсынылып жатыр. Тариф заңды тұлғаларға төмен болу керек, дүниежүзілік тәжірибе. Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 29.05.2020 жылғы №243 санды бұйрығын Парламенттік деңгейде қарауды немесе заңдылығына баға беру қажет. Әсіресе, бүгінгі қалыптасқан экономикалық қиын жағдайда оның түпкі нәтижесінің неге апарып соғатындығына мән беру қажет.
Төртіншіден, электр қуатын тасымалдаушы мекемелердің жұмысын толыққанды тексерулер жүргізуді де ұсыныс ретінде қарастыру қажет. Өйткені 1квт электр қуатын 39%-ға сатып алып, оны 61% тұтынушыға сату тек біздің елде шығар. Қағаз монополистер осында шоғырланған. Сондықтан бұл мәселеге құқықтық баға беріп, нақты тексерулер жүргізіп оны елге жария ету керек болып тұр.
«Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалы жанындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің» мүшесі, Түркістан қаласы Ұлы Отан соғыс және Еңбек ардагерлері қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Досыбеков Пернетай Камбарович