Рашид Аюпов әкім болып тағайындалған жылдан бері қалаішілік газ мәселесін шешуге ден қойған болатын.
Түркістан қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету, үй ішілік газ жүйесін жүргізу туралы 2020 жылдың шілде айындағы соңғы мәліметі мынадай. Ішкі газ құбыры жүйелері 12 696 тұрғын үй мен пәтерге жүргізілген. Ал қала ішінде газбен қамтамасыз етілуі тиіс 52 037 абонент бар. Қазіргі таңда оның 8257-сі табиғи газды толық пайдаланып отыр. Бұл дерек, барлық абоненттің небәрі 13 пайызын құрайды. Демек, жылдар бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесі осы.
Негізі Түркістан қаласын газдандыру 3-кезеңмен жүргізу жоспарланған. 1-кезең бойынша қаланы газдандыру 2013 жылы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ инвестициялық жобасының аясында бастау алған. 2015-2017 жылдары қалаіші тұрғындарының 7034-і газ пайдаланып отырса, ішкі газ құбырларын жүргізу 10 518 абоненттің 8877-не тартылған. Сонымен қатар, 2018-2019 жылдары «Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету (II-кезең ПГБ-5) нысаны бойынша — 3505 абоненттің 475 үйі және Отырар мөлтек ауданы, ХҚТУ тұрғын үйі (ГРП-1,2,3,4,5) – 1025 абонентке газ құбырлары тартылған. Оның 562-сі табиғи газды пайдаланып отыр. Бекзат мөлтек ауданы (ГРП-9,10,11) – 2954 абоненттің 186 тұрғын үйі ғана көгілдір отынды пайдаланып отыр.
Жалпы осы жылдары толық газ құбырлары жүргізілген 11 484 абоненттер бар.
Өздеріңіз оқып отырғандай, бұл күн сайын бірлі жарым тұрғынның көгілдір отынмен қамтылып отырғанын көрсетеді. Биыл 2020 жылы тек 800-ге жуық абонентке ішкі газ құбырлары тартылғанымен табиғи газды осы жылы пайдаланып отырғандардың саны белгісіз. Яғни келіп тұрған газды орнатып алу жағы үлкен мәселе болып тұрған сияқты. Дегенмен, жоғарыдағы 2020 жылғы көрсеткіш салыстырмалы түрде газдандыру жүйесі жылдан жылға баяулап бара жатқандығын көрсетеді. Қала әкімі Рашид Аюповтың өзі 2020 жылы сәуір айында өткен кезекті апталық жиынында қалаішілік газдандыру жұмыстарының бәсеңдеп кеткенін сынға алған. Тіпті көңілі толмайтындығын жеткізген болатын. Алайда әкімнің көңілінің толмауы жұмыс сапасын арттырмасы анық.
Түркістан қаласындағы Иассы мөлтек ауданына қарасты Тұран (Оралман) (ГРП-2,3) мен Бірлік тұрғын үй массивінің және Қызылорда тас жолы бойындағы тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету осы жылдың 30-тамызында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал Шавгар мөлтек ауданы мен Шипа су коммунизм аумақтары (ПГБ-4) және Ремзауыт, Жаңа құрылыс, Түркістан қаласы орталықтарында (ПГБ-1) газ құбыры әлі келмеген. Түркістандағы кей көшелер газдандыру жұмысынан тыс қалып кеткен сыңайлы.
Қаланы толық газдандыру жұмыстары 2020 жылдың 15-желтоқсан айында 100 пайыз аяқталмақ.
Құдай қаласа, тура бір айдан соң, түсі суық сұр бұлты қаптап күз келеді. Тұрғындардың кейбірі газдандыру жұмысының бәсеңдеп кетуіне көңілдері толмай қыстың қамына өз беттерінше кірісіп кетті. Тіпті үйлері газ жүйесіне қосылғанмен көмір түсірудің әлегінде. Оған себеп жауапты мердігер компаниялардың келіп тұрған газ құрылыстарын аяғына дейін жеткізе алмауында екен. Қала ішін толық газдандыру мәселесіне жауапты «Инфрақұрылым және коммуникациялар» бөлімі жоғарыдағы аталған мердігер компаниялар қозғалысын бір сүзгіден өткізіп отырса, газдандыру жұмыстары қарқынды жүрер еді. Әлде Түркістан қаласын табиғи газбен қамтамасыз етуге жауапты мекеме «қырқына шыдадың, тағы күте тұр» деген сыңай танытқысы келді ме екен?
Фото: 24.kz