Апайтөс даласында алшаң басқан Алаш баласының күллі тіршілігі мен салт-дәстүрін, бүтін тарихын, кем-кетігін қара өлеңмен түгендеген жандар болса, солардың арасындағы шоқтығы биігі – Абай. Күш керуенінде иық тірестіруші Батыс пен Шығыстың арасын жайлаған жері кең, саны аз момын жұртты қара сөзге де, өлең сөзге де арқау етуі, ақынның ел ішіндегі бірді-екілі басбұзарларға қапаланғанынан емес, шетсіз-шексіз даланың әр қиырын мекендеген халқымызға заманның бетбұрысын нұсқауынан туған шер болатын.
Кейде төрткүл дүниедегі өзгерістердің бірінің болсын исі мұрнына бармайтын, құр даңқ пен малға қырықпышақ болған, қомағай жамағайынынан көңілі қалса, бірде дала заңына бағынып, бойындағы өр рухы мен тектілігін жоғалтпаған жұртына сүйінеді, әрі қайран қалады. Бүкіл тіршілігі табиғатпен байланысып, көшпелі тұрмыс салтымен біте қайнасқан қазақ жұртының желкенін желге ілестіру – Абайдың ең асқақ мақсат-мүддесі еді. Өзі айтқандай баласын медресеге біл деп берді, «шен алсын, қызмет қылсын» деп бермеді. Қазақтың бұқарасын тым жабайы, тым қараңғы, беделсіз де тұрақсыз көретін сырт көздер алтын шыққан жерді белден қазуды көздеді. Әйткенмен, өз жауһарымызбен қоса, жасынан Шығыс пен Батыстың ғылымы мен мәдениетін қатар меңгерген хәкім Абай қазақ баласының есепсіз мал жиғанын емес, оқу мен өнерге ден қойғанын қалады. Сол жолда ұлдары мен немере інілерін оқытты, замананың тұрпатын күн ілгері болжап, ұлт тұрмысының кемшін тұстарын жалпақ жұртқа өлеңмен жеткізді. Данагөй ақын өзінен кейінгі қазақ поэзиясының өкілдеріне де жарқын үлгі ретінде көрінді. Бұл оның өлеңдерінің қазақ поэзиясының төл табиғатынан ажырамай, бір естігенде-ақ көңілге қона кетіп, ойға ұялайтындығынан болса керек-ті.
«Пайда ойлама,ар ойла,талап қыл артық білуге» деген Абайдың шеберлікпен жырын сөйлетіп,таусоғардай тасты да күйретіп,халқын білім мен өнер ізденуге шақырған алып тұлғасы қазақтың бағыт ұстанар темірқазығы іспетті.Жолынан айнымаса,келер күні жарық боларынан хабар береді.Хакімнің «мал жұтайды,өнер жұтамайдысы» әрбір жастың санасында жаңғырып тұрса,дүниенің кереметін сезінер еді.
Қалай десекте, Абай – XX ғасырдағы қазақ ағартушылығы мен ұлт поэзиясының маңдайына біткен алтынға бергісіз тұлға. Өлеңдері өміршеңдігін жоғалтпаған ақынның есімі де ел жадында мәңгі сақталары анық.Бүгін – ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туған күні.Қазақстан Республикасының Үкімет қаулысы бойынша мерекелік күн ретінде күнтізбеге енгізілді.Абай – біздің рухани реформаторымыз,ұлы ойшылдың осылай ұлықталып жатқаны қазақ халқын қуантатыны жасырын емес. Абай күні баршамызға құтты болғай.