Түркістан облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Сәкен Қалқамановтың назарына!
Көбіне мереке күндері ілінетін үгіт нысандарының бүгінгі жағдайы қала көркін кетіріп тұрғаны бар. Мерекелердің аяқталғанына бірнеше ай өтсе де оған назар аударатын Түркістан қаласы әкімдігі жоқ.
Тек қана мейрам күндері емес, ұлы даналарамыздың ұлағатты сөздері жазылған ақпараттық құралдардың мақсаты – халыққа дұрыс әрі сапалы идеологиялық ой тастау. Дегенмен жазулардың да көрікті әрі таза орындарда тұрғаны жақсы.
Жолаушы мен жаяу жүргіншінің көзіне бірінші болып түсетін баннер мен билбордтардан басқа орталық көше бойындағы желбіреген «TÚRKİSTAN» жазулы жалаулардың шаң басып кірлегені көңілге кірбің ұялатады.
Түркістан – таза қала деп, бес батпан кірлі жалауларды асып қоюға арлану керек секілді.
Әкімдіктің жуып тазалауға немесе ауыстыруға шамасы жетпейтін болса, онда көшелер бойын ластанған жалаулардан арылтқаны жөн болса керек.