Байқап қарасақ,Кентау қаласындағы біршама баннер мен билбордтар тақырыпқа сай өзектілігін жоғалтып бара жатыр. Себебі қала ішіне кірген бойда ескірген баннерлер көзге оттай басылады. Жалпы Кентау қаласында тозы шыққан әрі мереке күндеріне арналып ілінген билбордтар көп. Әсіресе көлік көп қатынайтын басты жолдың бойы Яссауи даңғылында орналасқан билбордтардың ескіргенін байқауға болады.
Осы тұрғыда баннерлер мен билбордтарға жауапты Кентау қаласының ішкі саясат бөлімінің инспекторы Тәжібаев Ғалымжанның айтуынша, жалпы баннерлерді ауыстыру жұмыстары тақырыптың өзектілігіне қарай жүргізіледі. Мысалы 9 мамыр күні қойылған билбордтарды 15 мамыр күні ауыстыру керек екенін айтады. Алайда қалада Жеңіс күні мен 7 мамыр қарсаңында қойылған билбордтар әлі де ілулі тұр.
2020 жылғы баннерлер мен билбордтарды жаңарту жұмыстарын арнайы порталдар арқылы (яғни тендер арқылы) жүзеге асады деп отыр инспектор маман. Тағы бір мән беретін жайт, шұғыл түрде қойылуы керек болған баннер немесе билбортарды жарнамалық агенттіктерге қарызға жасайтынын айтты. Міне, қызық. Сонда халыққа үгіт-насихат және ынталандыру жұмыстары үшін әкімдіктегілерге қаражат жеткіліксіз болып отыр ма?
Адам санасы қоршаған ортадағы белгілі бір заттар мен құбылыстарға бағынышты келеді. Қарапайым мысал,үй ауласының алдында тұрған темір тақтадағы жазуды күнде көрген сайын мида жаттанды түрде сол жазу қалып қояды емес пе? Ал үгіт нысандары ретінде қолданылатын баннер мен билбордтардың негізгі мақсаты – халыққа идеологиялық ой тастау.
Бұл қалаға көрік қосатын құралдардың ескіріп тұруы қала әкімдігіне үлкен сын. Қалалық Ішкі саясат бөлімінің бұған не себепті көңіл бөлмей отырғаны белгісіз?