Кез келген жағдайда «тұрақсыз» деген сөз жақсы мағына бермесі анық. Мәселен, қарапайым қызметкер болып жолыңыз болмай бір жерден екінші жерге «секіріп» жүрсеңіз, берекеңіз қашады. Үйде де, түзде де жолыңыз болмай, тұрақсыздықтың зардабын тартасыз. Әр нәрсенің басын бір шолып жүрген кейпіңізге айналаңыз тұрмақ, отбасыңыз да оң көзбен қарайтынына күмәнім бар. Ал керісінше, тұрақты адам біздің қоғамда қашан да сыйлы. «Ісіне мығым, іскер» деген тіркестердің көбісі жұмыс өтіліне, қанша жылдық тәжірибесіне қарап айтылады. Қысқасы, көп жыл бойы бір жерде жұмыс атқарып, жүктелген шаруаны аяғына дейін апарар болсаңыз, қызметкерлер арасында сізден сыйлы, құрметті жан жоқ. Абырой мен мансап жолындағы белгілі мекемелердің табысты болуының құпиясы да осы – кадр тұрақтылығы. Әрбір жаңа компания бастапқыда нарықтық жүйеге тез бейімделе алмай, жарты жолдан кері қайтып жатады. Оның салдары қарсы тараптағы компания қызметкерлерінен олардың тәжірибесі аздау немесе мүлдем жоқ болып шығуы.
Жоғарыдағы мысал секілді жергілікті биліктің ең басты мәселесі де осы сарында. Неге десеңіз, лауазымды мемлекеттік жұмысқа орналасу үшін алдымен еңбек өтіліңіз кем дегенде үш жыл болуы шарт. Онда да лауазымы жоғары қызметтерге орналасу мүмкіндігі жиі бола бермейді. Өйткені жергілікті билік те бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан, тәжірибесі мол қызметкерден оңай айрылып қалмаудың жолын жасап, жібермей ұстап қалады. Ал енді осындай жүйе жаңа басшы келе қалғанда бірден өзгеріске ұшырағанына қалай қарайсыз? Жалпақ тілде түсіндіріп көрер болсақ, жаңа «қожайын» жаңа кадрларымен билікке келер болса не болмақ? Әрине, жаңағы біз айтқан тәжірибесі мол, бар еңбегін жұмысқа арнаған жандар амалсыздан «қожайынның» адамдарына орындарын босатып береді. Сосын су жаңа орынға жайғасқан маман жұмыс орнына сіңісемін деп біраз уақыт алады. Ал жергілікті биліктің шаруасына араласқан осындай жаңа басшылар сол қаланың (ауыл, аудан) өзінен болмаса, тіпті қиын. Себебі ол жалғыз жұмыс орына емес, өзі табан тіреген қаласына, тұрғындарына үйренісуі үшін біршама уақыт жұмсауына тағы да тура келеді. Міндеттелген істі игеріп кете алса жақсы, игере алмай ұятқа қалса кімді жазғырамыз? Әрине, о баста тәжірибелі мамандармен орнын алмастыруға итермелеген жаңа «қожайынның» жауап беруіне тура келеді.
Ал енді Түркістан қаласы әкімдігінің кадр саясатының тұрақтылығына бір көз жүгіртіп шықсақ. Қала әкімі Рашид Аюпов басшы болып тағайындалған жылдан бастап жоғарыда келтірілген мысалдағыдай бірге оқыған, таныс болған, жақын араласқан мамандарды жұмысқа тарта бастады. Өңір басшысы тағайындап жатқан мамандар «шетелде оқыған, бірнеше тілді меңгерген» деген сияқты ерекшеліктермен бірден таңдай қақтырды. Таңдаулы қызметкерлердің бәрі бірден бір-бір мекемелердің тізгінін ұстады. Атап айтсақ, Түркістан қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлім басшысы Н.Қасымбеков, Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің Визит Орталығы директоры қызметіндегі Е.Толебаев, әкім орынбасары қызметіндегі М.Керимжанов, әкім аппаратының Цифрландыру бөлімінің бас инспекторы С.Нарбек, құрылыс бөліміндегі бас маман және сектор меңгерушісі Н.Тұрғын, Д.Садыков, әкім орынбасары қызметіндегі М.Базарқұлов, әкім аппаратының басшысы Ж.Н.Наушабай, қала әкімінің кеңесшісі С.Компаниец, әкім көмекшісі қызметіндегі А.Сембекұлы, әкімнің кеңесшісі Б.Тұрғараев, әкім аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы А.Сабырбекұлы, әкім аппаратының Персоналды басқару бөлімі басшысы Н.Амандық, «Түркістан Жарық-Тазалық» МКК директоры А.Тоғызбаев, «Жасыл-Түркістан» МКК директоры Е.Ауелбеков, Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Н.Бектұрсынов, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғ.Аманқұлов, Халықты жұмыспен қамту орталығы басшысы Е.Балабеков. Жоғарыда аталған басшылардың өмірбаянын оқып, Түркістан «Нью-Йорктен» асып кететіндей қуанасың. Ал басшылықтағы азаматтардың бүгінгі күнгі атқарған жұмыс нәтижелері қандай болды екен?
Түркістан қаласы әкімдігі эксперимент алаңына айналды ма, бір жыл ішінде бірнеше рет басшылар ауысып келді. Коммуналдық салаға жауап беретін әкім орынбасарлары бір жылдан астам уақыт ішінде үш рет ауысты. Әкім орынбасары қызметінде болған Ж.Байырханов Ақтөбе қаласынан ауысып келіп, бір жыл өтер-өтпес ол да жұмыстан кетті. Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы 3 рет, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлім басшысы 3 реттен ауысқан. Зерттеп қарасақ, тұрақсыз басшылардың барлығы Түркістанның тыныс-тіршілігінен хабарсыз, сырттан келген болып шықты. Түркістан сияқты ауқымды жобалардың алдында тұрған қала үшін кадр тұрақтылығы ең маңызды мәселе. Оның үстіне әр ауысқан мекеменің артында қаншама халықтың тұрмысы мен мұң-мұқтажы жатыр. Қаншама тұрғындар жыл өтпей ауысып жатқан басшылардан үміт күтіп отырды. Орындалып жатқан әрекеттер мемлекетіміздің кадрлық саясатына тура келеді ме? Себебі жақында ғана Президентіміз меритократия принциптері жиі сақтала бермейтінін айтып, командамен ауысу мәселесін сынға алған болатын.
«Іс жүзінде министр немесе әкім ауысқанда кадр құрамы да айтарлықтай өзгеретіні анық. Меритократия принциптері әрдайым сақтала бермейді. Әлі күнге дейін ықпалды «қамқоршылар» таныс арқылы қызметте өсу және қамқорлық жасау деректері бар. Бұл рас, біз бәрін білеміз. Мұндай жүйені сынау керек, оның ішінде қоғамдық пікір еленуі тиіс. Басқаша істеуге болмайтын дәрежеге жетті, себебі басты нәрсе – нәтиже», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Жаңа Түркістан» редакциясы көтеріп келе жатқан шаһардағы ең өзекті проблемалар жетерлік. Атап айтсақ, қаладағы көгалдандыру жұмыстары, түн ортасында басы кесіліп, қоқыс полигонына аттанып, күтімсіз қалған ағаштар, қала ішіндегі бей-берекет төгіле беретін жабайы қоқыс алаңдары, тасада панасыз қалған мәдениет қызметкерлері және көпшіліктің көкейіндегі газ мәселесі. Оған инфрақұрылым салдарынан жөндеуге келместей талқандалған асфальт жолдар мен топырақ жолдарды қосыңыз. Газдандыру жұмыстарындағы бәсеңдіктің салдарынан биыл қала ішіндегі топырақ жолдар да жөндеу көрмей отыр. Мұның барлығын газетіміздің алдыңғы сандарында көтердік. Аталған істердің барлығы бұқара тұрмысына әсер ететін ауқымды тақырыптар. Бірнеше ай бойы, осы істер төңірегінде зерттеу жүргізіп, олқылықтарын жариялап отырдық. Сынап та, сипап та жеткіздік.
Ал енді мына қызыққа зер салыңыз, жоғарыдағы шешімі табылмай жатқан жұмыстардың барлығының басы-қасында «қожайынның» таңдап отырғызған басшылары жайғасқан болып шықты. Осы тұста «нәтиже қайда?» деген сұрақты тағы да қоюыма рұқсат етіңіз. Сонда шетелде оқыған, бірнеше тілді меңгерген тәжірибелі мамандар міндеттелген шаруада осалдық танытып отыр ма? Біз оған да жауап таптық. Себебі олардың барлығы Түркістанның топырағында аунап, қала ішіндегі ең нашар тұстарда жүріп көрмеген ғой. Басшылардың барлығы басқа жақтың тумасы, сырттан келген азаматтар. Сондықтан жергілікті халықтың мұң-мұқтажын айтпай-ақ ұғына алмайтыны түсінікті жайт. «Әр үйдің сыры басқа» демекші, қала тұрмысына бұрыннан қанық болмаған адам нақты мәселеде шарасыздық танытуы заңдылық. Осының бәрін біле тұра лауазымды қызметті арқаларына жүктеген өңір басшысының «жүрек жұтты» әрекетіне тәнтіміз. Осы тұста «әрекетіңізден нәтиже шықты ма?» деп сұрауға тағы да рұқсат етіңіз. Кезінде «кадры решают все» деп айтқан Сталиннің сөзі бүгінде расталып отыр. Неге десеңіз, әкім тағайындаған кадрлар жұмысты өз деңгейінде алып кете алмай отырғаны мемлекет басшысы ескерткен ең басты нәрсе – нәтиженің болмауына себепкер емес пе?
Оқиға осымен біте салса жақсы, енді жоғарыдағы «білікті мамандардың» орны үшін қызметін алмастыруға тура келген «тұрақты» мамандар туралы сөз етейік. Жанболат Ибрагимов, Самат Танирбергенов, Жанар Жумабекова, Роллан Рыскелдиев, Дилмухан Сулейменов, Нұржамал Ошантаева, Бауыржан Қалданов, Қаныш Үркімбаев, Еркин Рустемов, Асанов Абуталип. Бұл тізімді жалғастыра берер болсақ, бітпейтін түрі бар. Ауысып кеткен жергілікті кадрлардың арасында 20 жылдан астам уақытын мемлекеттік іске арнағандар бар. Ең аз мемлекеттік қызметкердің жұмыс өтілі он жылды құрайды. Аталған қызметкерлердің барлығы көптеген жылдар бойы Түркістанның болашағы үшін аянбай еңбек етіп келді. Сын сағат жеткен уақытта шетте ысырылып қала берді. Жаңа басшыға тәжірибесі мол, жергілікті кадрлар не себепті жақпай қалды екен? Қарап отырсаңыз, бұл іс-әрекеттер бейне бір жекеменшік акционерлік қоғамында болып жатқан секілді. Сонда мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесі заңмен қорғалатыны қайда қалды?
Екі жылға жуық уақыттың ішінде мемлекеттік қызметкерлердің жартысына жуығы жұмыстан босап, басқа жұмыстарға ауысуға мәжбүр болған. Себеп не? Қаншама жыл әкімдіктің қызметінде болып, тәжірибе жинақтаған қызметкерлердің өмірбаяндары, оқыған орындары басшымызға жақпай қалды ма? Олай емес дейін десек, «таңдамалы» қызметкерлермен орын алмастыруға мәжбүр болған жергілікті мамандардың оқу орны мен тұрғылықты мекенінде ғана айырмашылық көріп тұрмыз.
Қала өркениеті үшін тұрақты жұмыс істейтін жас мамандарды тәрбиелеу қажет. Ең басында айтып өткендей «тұрақсыз» деген сөздің өзі жақсы ұғым емес. Ал жергілікті биліктегі кадр тұрақсыздығы алға қойған мақсаттардың жүзеге асуына кедергі келтіретін қозғалыс. Түркістандағы түйткілді мәселелердің шешімі табылмауы да осы – кадр тұрақсыздығынан.
Сонымен «қожайын, нәтиже қайда?» деп сұрақ қоятын кез келді.