Жоғарғы Ақсуды ауыл деуге болмас. Себебі тұрғындарға жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, ұйқылары тыныш. Бұл тұрғыда осы ауылда бірнеше жылдар учаскелік полиция инспекторы болып абыройлы қызмет еткен, бейнетінің зейнетін көріп, жақында зейнеткерлік демалысқа шыққан полиция подполковнигі Жанасыл Нұрашевтың еңбегі зор. Бұл ауыл ақсақалдарының патриот полицейдің еңбегіне берген бағасы. Ауылдың қай тұрғынын әңгімеге тартсаңыз да, полицейдің еңбекқорлығын, істеген жұмысын тізбектей жөнеледі.
Тыныштық ұялаған ауылдың бетке ұстар қарттарының айтуынша, Жанасыл Нұрашев мектеп ұжымы, әкімшілік және ардагерлермен бірлесіп, нәтижелі жұмыстар атқарған. Күнделікті ауыл тұрғындарының жағдайларын біліп, үйді-үй аралап отырған. Тіпті, бұл ауылда учаскелік полицейдей елден алғыс алар азамат болсын деп немересіне Жанасыл есімін бергендер де бар.
Өзгелер үшін Үлгілі ауыл аталып кеткен ауылдық округтің жастары мен қарттары ерекше сыйластықта ғұмыр кешуде. Жас буын арасында тұрақты түрде салауатты өмір салтын қалыптастыру, өнерге баулу мақсатында спорттық-мәдени жарыстар өткізіліп отырады. Үлкендер жағы үнемі өмірлік ақыл-кеңестерімен бөлісіп, жақсы жаққа тәрбиелеп келеді. Қадағалау мен бақылаудың арқасында сөзді ұғатын жастар, жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстайды. Мұнда ешкір құқық бұзушылыққа жол берілмейді. Көріп отырғандарыңыздай, Жоғарғы Ақсулықтар елдегі қазіргі бақ-берекені учаскелік полицеймен байланыстырады. Ендеше, бақ қонған мекенде күні-түні кірпік ілместен қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа әрдайым биіктен көріңіздер, деп тілек білдіреміз!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі