Кешегімізден келешегіміз бақуатты, болашағымыздың баянды болуы үшін де өткен дәуірге көз тастап, өнеге алуымыз шарт. Ықылым заманнан бері ана тіліміз халықтың ең құнды қазынасы болып келді, және солай болып қала береді. Жасыратыны жоқ, кешегі күні аспанды торлаған қара түнектің көбесі сетінеп, әділеттің ақ жалауы көтерілгелі бері қазақтың ұлттық мәдениетіне мизам шуағы тарағандай болды. Саналы ғұмырын қазақтың сапалы өмір сүруі үшін, ана тіліміздің абыройы аспандауы үшін арнаған Алаш арыстары да осы мизам шуағындай ұлтына шұғылалы сәулесін таратып келеді. Ол қатарда ұлттық ғылым тілі мен терминологиялық қорымыздың қалыптасуына, әдебиет салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлы бар. Ұлт ұстазының тіл хақындағы ұшан-теңіз еңбектерін келешек ұрпақ көңіл зердесіне тоқып, сана сандығында сақтауы керек. Ахмет Байтұрсынұлы халықтың рухани-мәдениетін көтерудегі тілдің орнына тоқталып, оның қолданыс аясының кеңеюіне ерекше мән берген. Ұлағатты ұстаздың «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» – деген қанатты сөзі де айтар ойымызды айғақтай түседі. «Қазақ тіл білімінің атасы» деген атағы да Ахмет Байтұрсынұлының абырой биігінен тайқымағанының көрінісі іспеттес. Тілдің табиғатын сақтап, болмысының бұзылмауы үшін де тың тұрпаттағы ойлардың тоғысуы шарт. Ал ондай ойлар ұлтты ұйыстыруды ұждан санаған ұлға ғана келеді. Ахметтің ізін жалғастырушы саналатын әдіскер-ғалым Телжан Шонанұлы: «Тіл – мәдени өркендеудің басты факторы. Тіл жоқ жерде халық, біріншіден, ұлттық бет-бейнесінен айырылады, екіншіден, рухани, мәдени тозғындауға ұшырайды. Тіл мен сөз болмаса ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ал ой-санасыз сөз жоқ», – деп Аһаңның айтар ойын қуаттаған. Қазіргі кезде тілге байланысты (әсіресе ана тілімізге қатысты) айтылып жатқан әңгіме де, жазылып жатқан дүние де көп. Алайда, солардың арасынан Алаштықтар жазған еңбектер сияқты жүрекке жол тапқан дүниелерді көре алмадық. Қазір оқысақ, қазір ұмыт болады. Жадымызда жатталмайды. Санамызға сіңбейді. Алаш арыстары айтқан өсиеттер мен асыл сөздер әлі күнге дейін құлағымызда жаңғырып тұрады. Зиялылардың еңбегі сонысымен құнды, сонысымен өміршең. Тіл – адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Ақиқатында тіл арқылы ұлттың тұтас бітім-болмысы мен мінез-келбеті көрініс табады. «Тілім барда айтылар сөз ойдағы» деп бұрынғылар толғанғандай өз ана тіліміздің құнын түсірмей, қырын сындырмай таза табиғи қалпында сақтау жүрегі елім деп соққан әр қазақтың абыройлы міндеті десек артық айтпаған шығармыз. Абайдың өлеңі өріліп, Мұқағалидың мұңы төгілген, Жамбылдың жыры жалын атқан, Мағжан мен Ілиястың шумақтарына қанат бітірген қазақ тілінің тамыры тереңде жатыр. Ендігіде сол тұғырдың теңселмеуі үшін жұмыла жұмыс жасау керек. Ол үшін «Ана тілім – арым бұл» деген азаматтардың қарасы көбейіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін саналы ұрпақтың көбейгені құба-құп. Көбейіп қана қоймай, сол тіліміздің тегеурінін алдымен өзіміз ұғына білейік. Өзіміз құрмет тұтайық. Себебі өзіміз сыйлай алмаған дүниені өзгеге сыйлата алмасымыз анық. Тарихқа аз-кем шегініс жасап көрелік. Тәуелсіздік алған кезден бастап ана тіліміздің жағдайы анағұрлым жақсарып кетті дей алмаймыз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі орны әлі де бекімеді. Негізінде қандай тіл болмасын оның өміршеңдігін сол тілде сөйлеушілердің үлес салмағы айқындайды. Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының «Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ақтығында қазақ тілі азып-тозып, бірте-бірте тұтынудан шығады. Әуелі қазақша жазу ұят жағдай болып көрінер, онан әрі не болары белгілі ғой?! Оқыған жастарымыз қазақ тілінен жиренсе, қарттарымыздан қайран болмаса, қазақ тіліне жан сақтайтын орын болмайды» деген кесімді сөзін тұздық ретінде қолданғанды жөн санадық. Расымен де ғасырдан астам уақыт өтсе де осы бір сөз әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. Тал бесіктен тұла бойға құдірет болып сіңген «тіл» атты қазынаның құны өлшеусіз. Әлем тарихын зерделейтін болсақ, алдымен тілін жоғалтып, артынша діні мен ділінен айырылып, соңында «ел» деген атақтан қағылған мемлекеттер қатары аз емес. Кез келген халықты түбегейлі жойып, мәңгүрттендіру саясатын жүргізу үшін ең алдымен сол елдің ана тіліне тұсау салу ғана жеткілікті болған. Себебі әр елдің тілінде ұлттық тарихы, болмысы, рухани һәм дүниауи тірлігі жатыр. Қай мемлекетті алсаңыз да тілдік ерекшеліктеріне байланысты тұрмыстық өзгешеліктері, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптық айырмашылықтары бар. Демек «тіл» – бұл тек ауызекі сөйлеу қатынасына ғана керекті құрал емес. Ол – ұлттың өзі. Ана тілге деген немқұрайлы көзқарастың артында алапат апаттар жасырынып жатуы мүмкін. Сондықтан да осындай толқынды, тосқауылды тарих таразысы сүріндірмеуі үшін тілімізге деген құрметтің құнын еселеп, барынша дәріптеу мен дамытуға тырысуымыз қажет деген ойдамын. А. Байтұрсынұлының тіл турасында көзқарасы берік орныққан. Ұлтқа ұстаз болған Аһаңның ана тілінде білім алуды: «Орысша оқығандар – орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар – ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине ол қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, жолын танытып, балалары әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де өз тіліміздің бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелер секілді әуелі ана тілімізді оқытып, содан кейін ғана басқаша оқытуға тиіспіз» деген сөздерімен-ақ құптайтынын аңғарамыз. Осы бір идея тілді меңгертудегі біздің берік ұстанымымыз болу керек. Оң-солын танығаннан соң ғана өзге тілдерді (орыс, ағылшын тілдері) үйретсек те ұтылмаймыз. Әрине, біз мұнымен көп тілді меңгерудің маңыздылығын жоққа шығарудан аулақпыз, алайда, ата-бабамыздан аманат болып қалған ана тілімізде сөйлеу – қазіргі заманның басты талабына айналып отыр.
Темірлан АЙТБАЕВ
Алматы облысы Дін істері басқармасы ММ, «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ Қоғаммен байланыс маманы