Ересектерден бөлек, мектептегі жасөспірімдердің арасында қос тарапқа бөлінген топтардың кикілжіңдері де болып тұрады мұнда. Соңы 21 шілдеде қалаға қарасты Шорнақ ауылында орын алған оқиғамен түйінделді.
Түйінделді ме, жоқ па, мәселе енді ғана ортаға шығып отырған сыңайлы. Бұдан бұрын осы жылдың ақпан айында «Қызыләскер» мектебінде бірде директор орынбасары «Шорнақ ауылында ұлтаралық қақтығыс орын алды» деп жалған ақпарат ұсынғаны үшін жұмыстан босатылса, бірде 4 қазақ, 9 өзбек ұлтты жасөспірімдерінің арасында төбелес орын алған. Бұдан бөлек, маусымда Кентауға қарасты Қарнақ ауылындағы кафелердің бірінде ішімдік ішкен қазақ азаматы абайсызда өзбек ұлтты азаматқа иығы соқтығысуының соңында бір топ белгісіз адамдардың тепкісінде қалғаны бар. Бұл байырдан бері дос-туыс халықтың бірлігінің шырқын бұзбаса игі.
Осы және өзге де ақпараттар Кентау қаласындағы осы уақытқа дейін жағдайдың тұрақты болмағанын айғақтайды. Яғни, бұл Кентау қаласы әкімдігінің жүргізген идеологиялық жұмыстарының кемшін тұстары бар екенін көрсетіп отыр. Қала әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі басшысы Төрехан Сүлейменов осы уақытқа дейін ешқандай ұлттар арасындағы кикілжіңдердің болмағанын айтады. Кейін де болмайтынына сендірді. Дегенмен карантиндік ахуал орын алғанға дейін қалаға қарасты барлық елді мекендерді аралап, ауыл ақсақалдары мен жастарына насихат айтып, тіпті әр жұма мешіттердегі уағыздарда ұлттар достығы жайлы ақпараттар берілуіне жағдай жасағанын жеткізді. Әрине, міндетті мешіт имамдарына жүктей қою ыңғайлы. Бірақ баршамыз білетін наурыз айынан бері ғибадат орындарының есігі карантинге жабылғаны белгілі. Жұма және басқа күндері де уағыз айтылмайды қазір. Мұны ең бірінші кезекте бөлім басшысы Төрехан Сүлейменов білер болар. Бес уақыт намазы мен жұмасын тастамайтын иманжүзді, бөтеннің ала жібін аттамас жандар құлшылыққа мешітке келетіні рас. Қызығы, алкогольдік сусындар мен жаман әдеттерге әуес, сіріңке үшін шу шығарып, төбелесе кететіндерге нендей амал жасап, насихаттық жұмыстарды бөлім басшысы кімге тапсырды екен? Шорнақтағы оқиғаның орын алуының түп төркіні осында жатыр емес пе? Соған қарағанда кабинеттің аясындағы қызмет қаланың қоғамдық әрі саяси ахуалын тұрақтандырады деуге күмәнмен қарауға болатын секілді.
Ал қала әкімі халыққа жақын болды ма? Дәурен Мақажанов жыл басынан бері 16 ауыл мен ауылдық округтердің орталықтарына жылдық есептерден басқа бір-екі рет сапар шеккені анықталды. Ал Кентау қаласына қарасты 40 шақты елді мекен бар. Алыс-жақын ауылдарға былтырдан бері халайықтың хәлін сұрап барғаны жайлы деректер жоқтың қасы. Шорнақ аулына 21 шілдеге дейін үш рет келген. Осы уақытқа дейін ауылда орын алған жағдайлардан бейхабар болуы мүмкін емес. Елді мекендердегі тұрғындардың пікіріне ден қойылса, қордаланып қалған дүниелердің шешімін шығарып, халық қауіпсіздігіне нұқсан келтірер жағдайлардың орын алмасы анық. Нақты шаралар жүзеге асырылса, ұлттар достығының маңызын жастар мен жасөспірімдерге ұғындыру мақсатында жұмыстар жасалып, халық үніне құлақ асылса, бір ши үшін шыққан дау Президент үстеліне үлкен мәселе боп түспес еді.
Қала әкімінің халықпен жақындығы жайлы сөз болғанда, алдымен осы уақытқа дейінгі жұмыстарында ел арасында жүріп қызмет атқарған ба, осыны анықтап алған жөн-ақ. Еңбек өтіліне қарасақ, алғаш «АТФ», «Қазкоммерцбанк» сынды банктерде менеджер ретінде жұмыс жасаған. Сондай-ақ «ҚазАгро», «Агрокредит» басқармаларында басшылығында қызметте болған. Яғни, еңбек жолының көпшілігінде халыққа несие беру саласымен айналысқан. Кентауға әкім болып келместен жыл бұрын Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары міндетін атқарған. Яғни, мемлекеттік жергілікті басқару саласында бір жыл ғана жұмыс жасаған. Демек, өзінің туған қаласына әкім боп келместен бұрын халықпен байланысты қызметтерге енді кірісе бастаған. Алайда қазіргі күні 202 мыңнан аса жұрты бар Кентау қаласының тұтқасын ұстауға бұл қызметтер қаншалықты деңгейде жеткілікті? Оның үстіне қалаға қарасты аумақтардың көпшілігі ауылдық елді мекендер. Ауылдардың әр түпкіріне барып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларын тыңдап, тиісті шаралардың барлығы қабылданғаны жайлы әкімдіктің ақпараты көп емес. Шілденің жиырмасындағы әкімнің әлеуметтік желідегі коронавируспен күрес бойынша тікелей эфиріне ары кетсе жүзден аса адам қатысты. Осы кезге дейін тым болмаса, сол Шорнақтағы 1300 оқушысы бар дүрбелеңі көп жалғыз «Қызыләскер» мектебіндегі үш ауысым мәселесін шешер уақыты болған шығар. Иә, қазір оқушылар демалыста, ертең онлайн дәріс алады. Желі тартпайтын елді мекендердегі хал-ахуал болса, көңілді көншітпей отыр. Жүйелі жұмыс, білікті басшылығы бар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «билік пен халық арасындағы диалогы» орын алған жердің берекесі кірмесе, шырқы бұзылмасына кепілдік беруге болады.