2020 жылы Түркістанда 81 көше орташа жөндеу көрген. Осылай деп қала әкімі Рашид Аюпов биыл халыққа есеп берген. Алайда Отырар мөлтек ауданы көшелеріндегі жолдарда көліктер жүріп болмайды. Асфальт беттері әр жерден ойылып жатыр. Бұл жағдай көлік тізгіндегендердің наразылығын тудырып отыр. Қала ішіндегі ойық жолдардың кесірінен көліктердің өгізаяңдап қозғалуына тура келеді.
Ал 10,5,7 нөмірлі автобустарға тіпті обал. Автокөліктер рұқсат етілген жылдамдықпен жүре алмайды. Жер астына түскен жолдар көлік апатына себеп болуы да мүмкін. Адам өміріне де аса қауіп тудырып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол сапасын сынға алып, жергілікті әкімдіктерге, құқық қорғау органдарына тапсырма берген болатын. Сапасыз жолдарға мемлекет қаржысының жұмсалмауын бақылауды тапсырған.
Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап, оның есебін беруді тапсырдым.
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) April 9, 2021
Президент әкімдердің үлкен міндеті – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігін баса айтты. Алайда Түркістан жолдары үңірейіп, қазылған «окопқа» ұқсап тұрғанда, әкімдік тұрғындардың, көлік жүргізушілерінің жол қауіпсіздігіне 100 пайыз кепілдік бере алмасы анық.
Әкімдік уәдесі былай тұрғанда міндетін орындайтын болса, автокөлік жолдарының сапасына жіті көңіл бөлетін бе еді? Рашид Аюповтың қаладағы құрылыс жұмыстарының сапасын бақылағанда не көргені өзіне және құдайға аян.
Былтыр Түркістан қаласындағы 81 көшенің орташа жөнделуіне 5 миллиардтан аса қаржы кеткен. Президент Тоқаев 2020 жылы республикалық бюджеттен жол жөндеуге 50 миллиард жұмсалғанын айтқан. Демек, қала әкімдігі еліміз бойынша жолдарды ретке келтіруге бөлінген бюджет қаржысының 10 пайызын Түркістандағы 81 көшеге жұмсаған. Жолдарды жөндеуден өтті деп айтуға ауыз бармайды. Түркістандағы жолдар ендігі құрылысты қайта қажет етеді. Осылайша мемлекет қаржысы сапасыз жолдар салуға тиімсіз жұмсалып жатыр.
«Жаңа Түркістан» газеті алдағы уақытта облыс орталығында жөндеуден өтіп, Президент айтқандай «жыл болмай, жарамсыз қалған» сапасыз жолдарды назарларыңызға ұсанатын болады. Сондай-ақ Түркістан қаласы әкімдігінің жол бойынша жасаған жұмыстарын бақылауына алады.
Олжас Әбдіхалық