Бізбен байланысыңыз

Сәлем, сіз не іздеп жүрсіз?

Жаңалықтар

«Әкеден қалған мал емес 2»

Түркістан қаласы әкімдігі мәдени-тарихи этнографиялық музейдің су жаңа ғимаратын паналап отырғаны бәріне мәлім. Аз күн демей, құрылыстан өтіп жатыр деген ескі ғимараттың аукционға шығарылып жатқанынан да хабардармыз.

Былтыр жөндеуден өткен ғимараттың әп-сәтте топалаңы шығып, бүлінгенін айттық. Оның үстіне бір жыл алдын 250 миллионнан астам қаржыға жөндеуден өткен ғимараттың 313 миллиондық нарықтық бағасының өзі күмән тудырады. Сайып келгенде әкімдіктің дайын тұрған ғимараты болмай жатып, ескі әкімдікті неге сатылымға шығармақшы болғаны тағы да түсініксіз.

Талқыға түскен әкімдіктің ескі ғимараты одан бөлек krisha.kz сайтында сатылымда тұр. Қызығы 250 млн-нан астам астам қаражатқа жөндеуден өткен ғимаратты бар жоғы 213 млн теңгеге бағалап отыр. Бүгінгі күні аукционға қойылып кетіпті. Ол бойынша 150 миллионға сол ғимаратты сатып алуға болатыны белгілі болды. Бұған не дейсіз?

Бүгінде қалалық әкімдікке қарасты сегіз мекеме басқа ғимаратты бюджет қаржысы есебінен жалға алып отыр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Спорт бөлімі, «Ақ-Желкен» балабақшасы, Тілдерді оқыту және дамыту орталығы, Түркі тілдес елдерінің кітапханасы, Түркістан газеті, Жасыл Түркістан мекемесі, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қазіргі таңда тұрақты ғимараты жоқ. Жоғарыда аталған мекемелердің барлығы ай сайын бюджеттегі қаржыға телміріп қарап отырады. Ол былай тұрсын, халық ең көп жиналатын әлеуметтік маңызы бар орталықтар ыңғайсыз орындарда орналасқан. Қалалық әкімдікке қарасты осы мекемелердің ғимараты жалға алынып отырғандығын біле тұра, әкімнің ескі ғимаратты сатылымға шығарғаны ақылға қонымсыз нәрсе.

Жоғарыда аталған нысандарды қала ішінен іздеп жүріп зорға табасың. Тіпті көпшілік жиі баратын «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімі үлкен жолдың бойында, тойханаға қарама-қарсы ғимаратта орналасқан. Анықтап қарамасаң білдей бір қалалық мекеме екеніне көз жеткізу өте қиын. Жай жолаушы жағада орналасқан бөлімді дүкен немесе кішігірім мейрамхана ма деп ойлап қалады. Басшылықтың жақында ғана жөндеуден өткен ғимаратты осы сияқты мұқтаж мекемелерге бермей сараңдық танытып отыруын қалай түсінуге болады? Егер жаңа әкімге ескі ғимараттың сәулеті мен құрылысы ұнамаса, басқа жерді жалға алып отырған мекемелерге меншіктеп бергені дұрыс. Әлдебір дүкен төбесінде, я болмаса, өзге де нысандардың жанында жапсарласқаннан гөрі, бұрыннан халық игілігі үшін қызметте болған ғимаратта отырғандары абзал.

Егер осылай әрекет етер болса, басқа жерді жалға алып отырған біршама мекеме тұрақты ғимаратпен қамтылар еді. Бір жағынан қалалық бюджетті тиімді пайдаланып, жалға берілген сомаларды өзге де өзекті мәселелерді шешуге жұмсауға болады. Талқыға түскен әкімдіктің ескі ғимаратын жекешелендіріп, міндетті түрде тойхана немесе қонақүйге айналдыру қажет па?

Мұның өзін аз десеңіз, жұрт «тойханаға айналады» деп топшалаған қалалық мәдениет үйін мысалға алуға болады. Түркістан тарихымен терең бойлай өркениетті өсіріп келген Мәдениет үйінің ғимаратын да аукционға шығарады екен деген сөз ел аузында айтылып жүр. Тұнған рухани естелік пен халықтың игілігі үшін қызмет еткен тарихи ғимараттарды сатылымға шығарып, жекешелендіруге жаңа басшы неге сонша әуес? Коммуналдық меншіктегі мүлікті көпшілікпен ақылдаспай, мәслихат келісіміне құлақ аспай сата бергені дұрыс емес. Соның салдарынан, Мәдениет үйі мекемесі қаланың шетіндегі Бірлік ауылындағы тозығы жеткен клуб ғимаратын паналап отыр.

Қала ішінде жалғыз Мәдениет үйі ғана емес, «Балалар мен жасөспірімдер орталығы», «Саз мектебі», «Өнер мектебі» сынды нағыз бетке ұстар рухани орданың қайнар көзі болып табылатын ошақтар да «тар жерде тамаша» болып отырған жайы бар. Талқыға түскен әкімдіктің ескі ғимаратын меншіктеп берсе, Мәдениет үйінен бастап үш мектеп те сыйып кетер еді-ау. Құлауға шақ қалып тұрған клубта күнелтіп жатқан мәдениет қайраткерлері мен жас өнерпаздар бұрыннан халықтың көзі үйренісіп қалған ғимаратта жақсы үйлесім табар еді.

Өзіне де өзгеге де бұйыртпай тастаған әкімдіктің ескі ғимаратын жекешелендіріп, сатылымнан түскен ақшаны қайда жұмсамақ екенін білмек ниетпен Рашид Аюповтан тікелей сұрау алдық. «Жаңадан Мәдениет үйіне ғимарат саламыз, соған қаржы түсіру мақсатында аукционға қойылды» деп қысқа қайырды. Әкім мырза берген жауабымен бізді тағы да екіұдайлы ойда қалдырды. Жаңадан бой көтереді деп меңзеп тұрған ғимарат әп-сәтте салына салуы мүмкін емес. Бұрыннан келе жатқан ғимаратты жақсылап жөндеуден өткізіп мәдениетке қайтадан неге бере салмады? Не керек, аукционға қойылғалы жатқан ғимараттардың тағдыры жөнінде әкімге қояр сұрағымыз өте көп. Көкейдегі сауалдарға әкімдік тарапынан мардымды жауап та ала алмадық. «Өзім білдімге» салынып, санасудан қалды деуге жаңа басшыны қимайсың. Алайда тікелей өзіне бағытталған сауалдарға елеусіздік танытып, кері байланысқа шықпауы кез келген адамды басқа ойға жетелейтіні анық.

Қысқасы, қаланың ортасында орналасқан ескі әкімдік жаңадан салынып жатқан ешбір ғимараттан кем түспейді. Арбаны сындырмай, өгізді де өлтірмей әрекет етуді қала әкімі білмеуі мүмкін емес. Мәдениеттің де, өнер, саз мектептерінің де панасыз отырғанынан хабардар. Қазақта «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген керемет аталы сөз бар. Халықтың жаны ашыған, көзі түскен мұқтажын барынша әкімдікке жеткіздік. Тонның келте болуын қаламайтын көреген басшы айналасымен келісіп іс қылады. Әкімнің көрегенділігін ендігі жасайтын қадамынан байқайтын боламыз. Егер осының бәріне көз жұмып басқаша әрекетке көшетін болса, әкімнің бір бүккені бар деген сөз.

Бәрінен бұрын, мемлекеттік мүліктер жекешеге өтіп кетпей тұрғанда, құзырлы органдар осы істің заңдылығын бір зерделеп, ақиқатын айтса дұрыс болар еді.

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You May Also Like

Жаңалықтар

«Тазалық - иманның жартысы» деп Пайғамбарымыз (с.а.с ) имандылықтың жартысы ішкі және сыртқы тазалықтан тұратынын жеткізген. Бұл сөз жер бетінде көпшілік арасында айтылып жүрсе...

Жаңалықтар

Түркістан қаласының басты экологиялық мәселелерінің бірі – оның құрғақ климаты, құмды желі. Мұның шешімі ретінде қала маңында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы 2019 жылдан бастау...

Жаңалықтар

Мақтааралдық Сырым Айтбай шығыс жек-жек өнері спортымен 2013 жылдан бері айналысып келеді. Cпорттағы cегіз жылда үлкен жетістіктерге жетті. Сондай-ақ жекпе-жек спорты мен джиу-джитсудан Қазақстан...

Жаңалықтар

«Түркістан Яссы» ЖШС-не кернеуі 1000 вольттан асатын жерасты кабель желiлерiн зақымдағаны үшін айыппұл арқалады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен...