Түркістан облыс орталығы болған жылдан бастап қала ішінде түрлі нысандар мен спорттық алаңшалар көптеп салына бастады. Бастапқыда тұрғындар бой көтерген су жаңа алаңдардың салынғанына қатты қуанған еді. Дегенмен сол спорттық нысандар бір жыл өтпей қирап жарамсыз кейіпте жатыр. Қаланың көпшілік жеріне қойылған спорттық жаттығу тренажерлері бүгінгі күні сын көтермей көбісі істен шыққан.
Мәселен, осы айтылған көріністерді №23 жалпы орта мектеп жанындағы футбол алаңынан көрсек болады. Ойын алаңына темір сымнан жасалған тор қоршаулары жырым-жырым. Кейбір жерінде мүлдем жоқ. Доп теуіп, ойынмен алысып жүрген бүлдіршіндер ағытылған темір торға құлап, денесіне зақым келеді ме деп қорқасың. Дәл осы мектеп жанында орналасқан футбол және тенис корттарына қалалық бюджеттен 41 млн тенге қаржы бөлінген. Ал мұндай сорақылыққа душар болған алаңшалар осы аймақпен ғана шектеліп қалмайды. Жалпы қалалық бдюжеттен 13 нысанға салынған спорттық алаңшаларға 400 млн-нан астам қаражат жұмсалған.
Оның үстіне, Түркістан облыс орталығы болған жылдан бері қала және аудандар демалыс орындарымен қоса спорттық алаңшаларды тарту еткен болатын. Бүгінде олардың біршамасы қараусыз қалғандықтан бастапқы қалпынан айрылып ойрандалған.
Бәрімізге ортақ мүліктің жағдайы қазіргі таңда неліктен мұндай халге душар болды? Кенеттен пайда болған ойын құрылғыларына бүгінде жолаудан қалдық. Себебі алаң төңіректері осынша аз уақыттың ішінде бүлінген. Балалар үшін орнатылған құрылғылардың біразы бұзылып, сынған. Балалар сырғанағының да жағдайы мәз емес. Ойын баласын апарып ойнатуға да жүрексінесің.
Ал ересектерді тербетер әткеншектің шынжыры үзіліп, екі жақтауы ғана қалған. Осы аталған көріністердің бәрін 1-мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үй маңайынан байқай аласыз. Бюджет есебінен қыруар қаржы бөлініп, ел игілігі үшін салынан алаңшалардың бүгінгі жағдайын көріп көңілің құлазиды.
Қала ішінде ашық тұрған спорттық алаңшалар ғана аянышты хәлге душар болып тұрған жоқ. О.Жарылқапов спорт кешені де күрделі жөндеуді талап етіп тұр. Жыл басында, осы стадионға ЖСҚ құжаттары дайындалып, 234, 967 млн тенге қаралып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Дайын құжаттар әкімдік тарапынан неліктен қаралмай жатқаны түсініксіз. Спорт саласына деген немқұрайдылықты қаламыздағы жалғыз стадионның бүгінгі ахуалынан-ақ байқауға болады.
Бұған кінәлі кім? Әрине, аталған нысандардың барлығын жергілікті тұрғындар қолданатыны белгілі. Алайда тұрғындардың барлығына тәптіштеп ортақ мүлікті күтіп ұстау керектігін қашанға дейін ескертіп отырасың? Сол себепті әкімдік ортақ мүлік бұдан әрі бүлініп, дымы қалмай тұрғанда жылдам әрекет жасауы қажет. Мәселен спорт алаңшаларының барлығын әкімдіктің спорт бөліміне бекітіп берер болса, міндеттелген мекенге жауапкершілікпен қарайтын еді. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуда септігін тигізетін еді.
Биыл Түркістан қаласы әкімдігі ақылы қоғамдық жұмыстар үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд шамасында ақша бөлген. Онда 1400-ден астам орын болса, бүгінде 900-ге жуығы түрлі жұмыстарға тартылған. Түркістан қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сәйкес, қоғамдық жұмыстарға тартылғандардың 90 пайызы мемлекеттік органдар мен кеңселік жұмыстарға жіберілген. Ал қоғамға қажетті осындай мәселеге келгенде қаражат бөлмей сараңдық танытып отыр. Кеңселік жұмыскер халққа қажет осындай істермен айналыса алмайтын болса, олардың санын көбейте бергеннен не пайда?
Қаламыздағы әр аудан, маңайға барсақ, көретін көрініс біреу ғана. Егер қалалық әкімшілік мемлекет есебінен салған және әр аудан сыйға тартқан әрбір нысандарға салғырттық танытып, осылай қараусыз қалдыра беретін болса ендігі жылы спорттық алаңшалардың орнын сипап қалатын сияқтымыз.
Облыс қарамағындағы аудан, қалалар өз бюджеті есебінен жырып салып берген және қала есебінен бой көтерген осыншама дүниеге немқұрайды қарауға не себеп? Іс әрекеттері бейне бір, жаудан қалып кеткен бөтеннің мүлкіне қарағандай көзқараста секілді болып көрінеді. Қала басшылығының спортқа деген көзқарасын осындай тірліктен-ақ аңғаруға болады. Аталған мәселені дер кезінде қолға алып, жанашырлықпен қарамаса ертеңгі күні спорттық алаңдарымызды да қураған ағаштар секілді металл қалдықтарын жинайтын пункттерден іздеп жүрмейік.
Сакен Хандиллаев
Түркістан қалалық мәслихатының депутаты