Қыркүйек айына дейін мектептерде жыл сайынғы жөндеу жұмыстары ғана емес, сырттағы әжетханаларды ішке кіргізу мәселесі шешілуі керек. Дегенмен Кентау қаласының бірқатар мектептері жаңа оқу жылына әлі дайын емес. Олай деуге себеп бар.
Онлайн білім беруге қаладағы 170 мұғалімнің жағдайы келмей отыр. Оларды компьютермен қамтамасыз етуге мемлекеттен демеуші күтілуде екен. Мұғалімдерге техникалық қызмет көрсететін 351 кезекші топ жұмыс жасамақшы.
Жалпы білім беру ошақтарының санитарлық аспаптарға (унитаз,қолжуғыш,писсуар) қажеттілігі бала санына байланысты бөлінеді. 20 қызға – 1 унитаз, 30 ұл және қызға – 1 қолжуғыштан, 30 ұлға – 1 унитаз, 40 ұлға – 0,5 писсуар лотогы болуы тиіс.
Осы тұрғыда Кентау қаласының бірқатар мектептерінің дәретханалары санитарлық-эпидемиологиялық қағидаларға сай болмай шықты. Соның бірі – №24 Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебінің әжетханаларының түрі тым тұрпайы.
Мектепте 5 дәретхана болса, оның біреуі қызметкерлерге, қалғаны оқушыларға арналған. Бірінші қабатта 1 дәретхана,екінші қабатта 2 дәретхана, бір унитаз және бір қолжуғыш, оның біреуі қызметкерлерге арналған, ал екіншісі ерлерге арналған және үшінші қабатта 1 ғана дәретхана бар.
Әр әжетханада унитаздар мен қолжуғыштар саны әр түрлі, үшінші қабатта ерлерге 3 унитаз болса,оның екеуі жұмыс жасамайды. Ал стандартқа сай, 30 балаға 1 унитаз болуы керек. Одан қалды, писсуарлар лотогі жоқ. Жыл сайынғы жасалатын құрылыс жұмыстарының құрамына дәретханалар енбей қалған.
Білім ордасында биыл 1201 оқушы екі ауысыммен оқытылады. Коронавирустық инфекцияның қаупі сейіліп, балалар мектепке келе қалса, санитарлық аспаптар жетпей қалайын деп тұр.
Кентау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, мектептердің жөндеу жұмыстарына 4,9 миллиард теңге, соның ішінде әжетхана құрылысына 186 млн теңге бөлінген.
Кентау қалалық №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында 1 ғана дәретхана бар. Мұнда 819 оқушы екі ауысыммен оқытылады. Әжетхана құрылысы жаңа болғанымен оқушыларға жеткіліксіз. Жалпы унитаздар саны ұлдарға 4, писсуар лотогі 3,қолжуғыштар саны 3, қыздарға да 4 унитаз,3 қолжуғыштан бар.
Қала орталығынан бөлек, оған қарасты ауылдардың да жағдайы мәз емес. Шаға ауылдық округі Шоқтас ауылының шағын жинақталған мектебінің жағдайы тым мүшкіл. 4 сыныптың білім ордасы деуге келмейтін ғимарат 1 қыркүйектен бастап қырыққа жуық оқушыны қабылдайды. Төрт мұғалімнің бірігіп жасаған жалғыз дәретханасы сыртта орналасқан. Интернет түгілі байланыс желісі тартпайтын елдімекен тұрғындары бестен жоғары сынып оқушыларын не Кентау қаласына алып баруы керек, не ауыл маңындағы төбе басына шығаруына тура келеді.
Былтыр Тараз қаласындағы мектептердің бірінде педофилдік зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Бұл даулы оқиғадан соң, Білім министрі Асхат Аймағамбетов мектеп сыртындағы әжетханаларды жою ісін қолға алатыны жөнінде баяндады. Осы жайттан кейін Қазақстандағы барлық білім беру объектісі саналатын мектептердің әжетханалары мектеп ауласында емес ішкі жүйеде орналасуы және санитарлық талаптарға сай болуы басты бақылауға алынған.