Бізбен байланысыңыз

Сәлем, сіз не іздеп жүрсіз?

Жаңалықтар

Елдің ағасы өмірден өтті

Түркістан өңірінің танымал ақсақалы, мемлекетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қоғам қайраткері, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» – Мырзан Ханділлаев 78 жасында өмірден озды. Ел азаматының отбасына және жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

Мырзан Ханділлаев – биік парасат пен адамгершілікті жоғары қоя білген ауыл ақсақалы ретінде жастарды тәрбиелеу мәселелерімен, елдегі шешілмей жатқан көптеген жағдайларды реттеумен айналысып, ақыл-кеңесін беріп, халықтың құрметіне бөленген азамат. Отбасында жұбайы Құрбаш екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздары ел дамуына қызмет етіп жүрген саналы азаматтар. Адамдық қасиеті мол азаматтың бейнесі түркістандықтардың жүрегінде ұзақ сақталатын болады. Арда азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Мырзан Ханділлаев – 1942 жылы 25 ақпанда  дүниеге келген.

Жасынан колхоздың жұмысына араласып, еңбекке шыңдалып өскен Мырзанды 1958 жылы онжылдықты бітірген соң Абай колхозының басшылығы ауыл жастарымен бірге бұрынғы Фрунзе ауданының орталығы Шорнақ селосындағы СПТУ-31-дің филиалына жіберіп, механизатор мамандығын алғызады. Алған механизатор мамандығы бойынша  Абай атындағы колхозда төрт жыл трактор айдап еңбек етеді.

Ол – 1962 жылы колхоздың жолдамасымен Қазақ мемелекеттік ауыл шаруашылығы институтына түседі. 1967 жылы ғалым-агроном мамандығын алып, Түркістан ауданы Куйбышев атындағы кеңшарға аға агроном болып орналасады. Осы кеңшарда бір жылдай еңбек еткеннен кейін партиялық жұмысқа шақырылып, Қазақстан Компартиясы Түркістан аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1969 жылдан аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1974 жылдан еңбекші депутаттардың аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1977 жылы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлім меңгерушісінің орынбасары, облыстық мал азығын дайындау және бордақылау өндірістік мамандандырылған бірлестігінің директоры, 1980 жылдан Түркістан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, осы жылдары Алматы жоғары  партия мектебін бітіреді.

1985 жылы өзінің сұрауы бойынша және  облыстық партбюро шешімімен «Майдантал» Қаракөл қой кеңшарының директоры лауазымдарында қызмет етеді.

1985-1995 жылдары ауыл шаруашылығының білгір маманы, іскер басшы «Майданталды» рентабельдігі жоғары шаруашылыққа  дейін көтеріп, зор ұйымдастырушылық қабілетін танытады. Қой басы 35 мыңнан 55 мыңға, 2300 гектар дәндік жүгерінің орташа түсімі 60 центнерге жетеді. Жер асты  суымен  тұрақты қамтамасыз етілген кейбір бригадалар 100-120 центнер өнім алды. Ғылыми институттармен  бірлесе  отырып жүгерінің «Қазақстан» атты жоғары өнім түрін шығарады. Мал шаруашылығында ғылыми орталықтармен байланыса отырып, кеңшардың бір бөлімшесінде 25 мың бас қойды  асылдандырып, айтарлықтай нәтижеге жеткен. Кеңшар Бүкілодақтық социалистік жарыстың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Кеңестер одағы Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің, Министрлер кеңесінің, Бүкілодақтық Кәсіподақтар Орталық кеңесінің және Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік жастар одағы Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын екі рет, Құрмет дипломын бір рет жеңіп алады. КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет кітабына жазылды.

1995 жылы экономикасы тұралаған «Куйбышев»  атындағы кеңшардың директорлығына ауыстырылды. Жекешелендіру тұсында аудандық жер инспекциясының бас инспекторы, 1997 жылдан аудандық, одан соң аудан мен қалалық  еңбек халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын өткізуге орай құрылған «Парыз» қоғамдық қайырымдылық қорының, 2001 жылдан «Ардагерлер үйі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның директоры, 2003-2006 жылдары Шорнақ, Иассы ауылдық округтерінің әкімі лауазымдарында қызмет істеді. Одан соң Түркістан қаласы «Парасат» мемлекеттік қорының президенті қызметін атқарды. Мемлекет жүктеген осындай міндеттерді мінсіз атқарумен бірге қоғамдық өмірге де белсене араласты. Бірнеше рет аудандық кеңестің, облыстық мәслихаттың депутаттығына, аудандық партия комитетінің мүшелігіне, облыстық партия  комитеті тексеру комиссиясының  мүшелігіне, Қазақстан комсомолының XII,  XIII, Бүкілодақтық Комсомолдың XVII съездерінің делегаттығына сайланды. Кеңес Одағының түйе  шаруашылығын өркендету жөніндегі Бүкілодақтық ұйымдастыру кеңесінің  мүшесі болды.

1999 жылы қалалық мәслихаттың шешімімен «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атанды.

Мырзекеңнің өзі бесжылдықтың қорытындысы бойынша «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бұған дейін де «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иесі атанған. Кейін облыстық кеңестің, облыстық мәслихаттың грамоталарымен, «Қазақстан  Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Тың және тыңайған жерлерді игеруге – 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан  халқы ассамблеясына – 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

***

Азаматтар азайып бара жатыр,

«Мұзбалақ» еді бәрі-бәрі батыр.

Еңбегі елге сіңген ақсақалдар

Кезекпен о дүниелік болып жатыр.

Солардың бірегейі Мырзан еді,

Құрметпен аға тұтқан туған елі.

Тышқан жылы, қарашаның он бірі –

Пәнидегі болды ғой соңғы күні.

Сөйлестік қарашаның оны күні.

Көтеріңкі көңілі, анық үні.

«Бір апта Шымкентте демаламын» –

деп еді қоңырауда сол бір түні.

Ал бүгін келіп жетті суық хабар,

Суық хабар әркезде жолын табар.

Құрбаштың өзі естіртті ғой

«Досыңнан айрылдық» деп жаман хабар.

Естігенде бұл сөзді есім шықты,

Болсам да бұл өмірде қанша мықты.

Шұрық тесік жүргеім тоқтай жаздап,

Бұлақтай екі көзден жасым ақты.

Одан кейін өткен өмір еске түсті,

Интернатта қара нан, шикі сөк жеген түскі.

Алматыда студенттік кездер қандай!

Бір жүрген, құшақ жайып, болып күшті.

Одан кейін еңбекке араластық,

Орындауға мемжоспарды жағаластық.

Сен агроном, комсомол, партхатшылық,

Мен шахтада қатар жүріп шамаластық.

Халықтың сен біліп ең жағдайын да,

Өскен шөп, жатқан тастың қандайын да.

Сенімен қош айтысып жатқан шығар,

Самал жел таудан соққан осындайда.

Кезі келді зейнеткер болдық біздер,

Алды-артыңа қарайтын жақсы кездер.

Сіз-біз еп бір-бірімізді қолдап жүрдік.

Өтті ғой талай қыстар, көктем, күздер.

Мырзан сен өте жақсы өмір сүрдің,

Үйлендің Құрбаштай қызына үрдің.

Екеуің қол ұстасып, ойнап-күліп,

Үш ұл, үш қыздай алты бала сүйдің.

Бір Алладан сұрайын:

Ал досым, жатқан жерің жайлы болсын.

Топырағың торқа, пейіштен орын болсын.

Жан-жарың, үрім-бұтақ аман болып,

Жетіспеген әкенің аңсағанда орны толсын!

Өскенбай Құлатайұлы

жазушы, Түркістан, Кентау қалаларының Құрметті азаматы

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You May Also Like

Жаңалықтар

«Тазалық - иманның жартысы» деп Пайғамбарымыз (с.а.с ) имандылықтың жартысы ішкі және сыртқы тазалықтан тұратынын жеткізген. Бұл сөз жер бетінде көпшілік арасында айтылып жүрсе...

Жаңалықтар

Түркістан қаласының басты экологиялық мәселелерінің бірі – оның құрғақ климаты, құмды желі. Мұның шешімі ретінде қала маңында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы 2019 жылдан бастау...

Жаңалықтар

Мақтааралдық Сырым Айтбай шығыс жек-жек өнері спортымен 2013 жылдан бері айналысып келеді. Cпорттағы cегіз жылда үлкен жетістіктерге жетті. Сондай-ақ жекпе-жек спорты мен джиу-джитсудан Қазақстан...

Жаңалықтар

«Түркістан Яссы» ЖШС-не кернеуі 1000 вольттан асатын жерасты кабель желiлерiн зақымдағаны үшін айыппұл арқалады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен...