Қыркүйек айының он бірінде амфитеатр ғимаратында «Pecha-kuha» атты концерт өткен болатын. Онда блогерлер, модераторлар келіп тренинг өткізді. Әйгілі Мирас Жүгінісов атты әнші келіп ән айтты. Аталмыш шара сағат кешкі он-он бірге дейін жалғасты. Бас-аяғы төрт жүзге жуық адам қатысқан. Осылайша карантин уағында жиынға бара алмай жүрген халыққа арнап әкімдіктің өзі концерт ұйымдастырып берді. Бастапқыда шулы концерттен әкімдіктің хабары жоқ шығар деп ұйымдастырушыдан «дүбірлі тойды» жасау үшін кімнен рұқсат алғанын білмек ниетпен сұрау алдық. Жауаптылар жиын қала әкімі Рашид Аюповтың қолдауымен өткенін мәлімдеді. Халықтың бей-берекет той жасай беретін әдетінен арыла бастадық па дегенде көпшілікке үлгі көрсетер әкімдіктің бұл әрекетін қалай түсінсек болады?
Өзіңіз ойлап қараңызшы, инфекция қауіпті, жақындарыңызды ойлап, көпшілік шоғырланған жиынға бармаңыздар деп насихат жүргізіп аласың да, артынша төрт жүз адамға арнап арнайы концерт ұйымдастырып бересің. Бұл идеологияның астарында не жатыр?
Әкімдіктің орнында қарапайым тұрғын болып, сондай дүние жасайтын болса айыппұл салып, тиісті жазасын алар еді. Заң алдында қара да, хан да тең дәрежеде. Ал бұл «түркістандық концертке» шектеу болмағаны ма? Әлде қызметтік мансабын пайдаланып, «өзім би, өзім қожа» деген сарынға салынды ма? Тәртіпке бағынбай, той жасап, көпшіліктің денсаулығын бәсекеге қойғандардың барлығы тең дәрежеде тиісті жазасын алса дұрыс. Осы әрекеттен кейін ғана әкімдік тұрғындар алдында вирустың қауіптілігі мен сақтану шаралары туралы үгіт-насихат жұмыстарын ұялмай жүргізе алатын болады.
Инфекцияның қай уақытта келетінін, қай жерде болатынына кепілдік бере алмаймыз. Біз түгілі әлемдік ғалымдардың өздері дөп басып айта алмайды. Бірақ ешқандай ресми орталық вирустың түбегейлі жойылғаны, беті қайтқаны туралы мәлімет берген жоқ. Алматы, ШҚО, Павлодар облыстарында 180 жуық адам коронавирус инфекциясымен қайтадан тіркелді. Бұл көрсеткіш, індет толқыны біртіндеп өсіп жатқанынан хабардар етеді. Демек той тойлап, бей-берекет жүретін уақытқа әлі жете қойған жоқпыз. Сондықтан Түркістанда карантин талаптарын күшейтіп, сақтық шараларының мұқият орындалуына көңіл бөлу қажет. Ал халыққа соны насихаттай алу үшін ең алдымен, өздері көпке үлгі болатындай қимыл жасауы тиіс.
Жаз айында вирустан Түркістанның қалай зардап шеккенін көрдік. Сенімсіздік танытып, соққы алған жұртты тағы да оңбай жығылсын демесек әрекетке көшкен дұрыс. Індеттің беті қайтқанша «дүбірлетіп той» жасауды қысқартқан жөн. Ендігі кезде мұндай олқылықтар Түркістан төрінде қайталанбаса екен. Себебі қазір бір сәттік қызықтан бұрын әрбір тұрғынның денсаулығы бәріміз үшін маңызды.