Ауданның Қарасу ауылдық округіне қарасты ауыл аумағында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3 жер тілімі бөлініп берілген. Жалпы аумағы 162 гектарды құрайды. Мұнда 1480 тұрғын үй орналасқан. Жаңа құрылыс деп аталған мекеннің халқы бүгінде қиын жағдайға қалып отыр. Жаңбыр жауса, су толып, балшыққа айналатын жолы әбден әбігерге түсірген. Қазіргі пандемияның өршіп тұрғанын ескерсек, жедел-жәрдем көліктерінің ауылға келуінің өзі мұң.
Ал бұл күндері жарықты үйлеріне әупірімдеп жүріп, бірі бірінен жалғай жақын маңдағы электр желісінен тартып алып тұтынып отыр. Тұрғындар аса ауыр мәселелерімен аудан әкімшілігіне арыз-шағымдарын айтып бірнеше рет барғанын айтады.
Қазіргі таңда ауылда тек су жүйелерінің құрылысы бастау алған көрінеді. Жоспар бойынша келер жылға дейін аяқталуы тиіс. Ал электр желісі мен газ жүйесінің жобалары жасалып қойғанмен құрылысы бұл жылы басталайын деп тұрған жоқ. Ал асфальт төсеп, ауыл тұрғындарына жол жасап беру тіпті кейінге қалайын деп тұр.