Департаментке тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдар негізінде 5-19 наурыз аралығында кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде кәсіпорын тарапынан тұтынушыларға ұсынылған төлем түбіртектерінде ұсынылған ақыны 3 күн ішінде төлеу қажеттілігі көрсетілгендігі және үйде жылыту құбырларының жоқтығына қарамастан жылу энергиясына 100 пайыз ақы талап ету деректері анықталған. Егер тұрғын үйде жылыту құбыры болмаса немесе алынып тасталса, бірақ жылу жүйесі үй ішінен жүріп өтсе, жылу мөлшері есептеліп, ай сайынғы төлемақы төлейтін болады. Бұл туралы мәліметті департамент басшылығы жеткізді.
Жылу энергиясымен жабдықтау жөнiндегі қызметтердi көрсетуге арналған үлгілік шарттың 7-тарауы 25-тармағына сәйкес, тұтынушы Өнім берушінің жылу энергиясымен жабдықтау бойынша ұсынған нақты қызметтеріне ақы төлеуді есеп айырысудан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей есепке алу аспаптарының көрсеткіштеріне сәйкес жүргізілетіндігі ескерілмеген. Қазақстан Республикасының азаматтық кодексінің (ерекше бөлім) 488-бабына сәйкес, энергияға ақы абонент iс жүзiнде алған энергия мөлшерi үшiн алынуы тиіс.
Кәсіпорынның іс-әрекеті Заңның 26-бабы 2-тармағы 6)-тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметке қатысы жоқ қосымша талаптарды белгілемеуге міндетті делінген талабын бұзу болып табылған.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 164-бабы 4-бөлігімен Кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалған. «Кентау Сервис» мекемесі аталған заң бұзушылықты толығымен мойындаған. Кәсіпорынға жалпы көлемі 424 160 теңге әкімшілік айыппұл салынып, ол 7 тәулік ішінде мемлекеттік пайдасына өндірілген.
Сонымен қатар, Департамент субъектіге қатысты Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар саласындағы заң бұзушылықтар салдарын жою туралы нұсқама шығарып, нұсқама ол тарапынан орындалған.
Алайда, Департамент тарапынан талдау барысында алдын шығарылған нұсқама субъект тарапынан толығымен орындалмай, ол бойынша Департамент Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 462-бабының 3-бөлігімен әкімшілік іс қозғап, істі негізінен қарау үшін сотқа жолданды.Кентау қалалық сотының 2020 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен субъекті Кодекстің 462-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 555 600 теңге көлемінде тағы әкімшілік айыппұл салынып отыр.