Бүгінде белгіленген аумақтарда көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақ бойынша аудан және қалалар орталыққа түрлі көрікті нысандарды сыйға тартуда.
Соның бірі Арыс қаласы Гауһар ана көшесіне балалардың ойын және спорт алаңын салып, халыққа қуаныш сыйлаған. Бүгінде шад-шадыман көңілге бөленген бүлдіршіндердің сыңғыр күлкісіне толған аймақта жастар да спортпен айналысып, дене шынықтырып-ақ жүр. Алайда алаңқай көрінісін сол маңда орналасқан құрылыс нысаны бұзып тұр.
Құрылыс балалар алаңына жапсарлас салынуда. Ең болмағанда 50 метрге дейінгі арақашықтықты сақтамай, нысанның бұлайша алаңқайға жақын орналасқаны балалар үшін, қала көркі үшін дұрыс бола қоймас. Бұл мәселеге Түркістан әкімдігі қалайша көз жұмып отырғаны белгісіз.
Кешеннің көркін құрылыс ғимараты көрсетпей тұрғаны көрініп тұр. Жер иесі заңды құқыққа ие болса, басқа аумақтан жер беріліп, оңтайлы шешім шығарылады деген үміттеміз. Дегенмен әуел баста құрылыс жұмыстарына, сондай-ақ кез келген белгіленген аумақта қандай нысандарды салуға рұқсат екендігін туралы түсіндірме жұмыстары жасалынбағаны ешкімнің ойына келмеген бе?