Теміржол желісі қалада жоқ болғандықтан, көмірдің де мұнда келер бағасы қымбаттау. Түркістан облыс орталығы атанып, оның құрамындағы 12 ауыл Кентауға енгені мен бұрынғы 4 ауылын санамағанда, 2019 жылы қаланың 80 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек болған. Бұл бұрынғы әкім Әбдібақыт Мақұлбековтың уәдесі еді. Амал нешік, орындалмай кетті.
Биыл жылдың соңына дейін қала халқының жартысы көгілдір отынмен қамтамасыз етілуі керек. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы – осы. Бұл туралы Кентау қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысы Асқат Абдрасилов атап өтті.
Кентау қаласын газбен қамтамасыз ету үшін оны тарататын үлкен екі автоматтандырылған станция құрылысы бес жыл бұрын, яғни 2015 жылы салынып бастап, аяқталып қойған. Оның бірі – Үлгілі елді мекенінде, бірі – «Қызыләскер» АГТС. Құрылыс және монтаж жұмыстарының құны 3,8 млрд-тан асқан еді. Бүгінгі күнге дейін бұл станциялар бір де бір үйге газ таратып көрген емес. Себебі де бар.
Кентау қаласы бойынша газ тартылуы тиіс 25-30 мың абонент бар. Нақты санын әкімдіктің бөлім басшысы айта алмай отыр. Осыған қарап, газдандыру жұмысы жоспарлы жүріп жатыр ма деген сұрақ туындайды. Белгілісі ешкім техникалық шарт алмаған. Әзірге техникалық шартты алу мүмкін емес. Құрылысы жылдар бұрын біткен газ құбырлары бүгінгі күн тотығып, іші түрлі қалдықтармен толып қалған. Оны тазалау және шаю жұмыстарын жүргізбесе болмайды. Ол үшін де бюджетке сенім артылып отыр. Асқат Абдрасиловтың мәліметіне қарағанда тамыздың оны мен жиырмасы аралығында газ жүйесінің кемшіліктерін түзетпек.
Қалаішілік газдандыру құрылысы 2018 жылы басталған. І кезек бойынша 866 млн теңгелік жұмыс атқарылып қойған. ІІ кезек бойынша 844 млн теңгенің жұмысы аяқталған. ІІІ кезек бойынша Кентау(Бургем) қаласын газдандырудың 1,3 млрд теңгенің жұмысы қабылданып қойған. 2019 жылы қалаішілік газбен қамтамасыз ету жұмысы толықтай бітсе де көгілдір отын тұрғындар игілігіне берілмей келеді. Мұның себебін анық білер ешкім жоқ. Бәлкім, қала басшысы Дәурен Мақажановтың газдандыру мәселесіне келгенде басқалай жоспары бар ма?
Соңғы деректерге сәйкес, қаладағы 600-дей үйге газ жүйесі мүлдем тартылмаған. Бұл туралы Кентау қаласы әкімі Дәурен Мақажанов мәлімдеді. Тұрғын үйлердің не себепті құрылыстан тыс қалып кеткенін қала басшысы білмесе де, кешігіп болса да газ өтетіні айтылды әкімнің халықпен тікелей эфирдегі кездесуінде.
Түркістан облыс орталығына айналып, қарамағындағы 12 ауыл Кентау қаласына берілгені мұң екен газдандыру жұмысы тағы баяулап қалды. 2014 жылы салынған «Ескі Иқан» газ тарататын станциясы ескірген тәрізді. Оған да шаю жұмыстарын жүргізу қажет болып тұр. Үшқайық ауылдық округі, Теке, С.Қожанов, Нұртас, Жалаңтөс елді мекендерін газбен қамтамасыз етуге 2018 жылы 835 млн теңге бөлінсе де, нысан әлі күнге толық бітпеген. Жаңа Иқан ауылдық округіндегі жағдай да дәл осындай. Ал Хантағы ауылында 432 млн теңге көлеміндегі іс атқарылғанмен, тұрғындар көгілдір отынның келуін күтіп отыр.
Қарнақ, Құшата, Байылдыр елдімекендеріне көгілдір отынмен қашан қамтамасыз етілетіні белгісіз. Оранғай, Қарашық, Шорнақ ауылдық округтерін табиғи газбен қамтамасыз етуге енді қимыл жасалып жатыр. Сараптамаға берілген жобалық құжаттың қашан қабылданып немесе қайтарылып жіберілері белгісіз. Бабайқорған, Иасы, Жібек жолы, Сауран, Ащысай ауылдық округтерін газбен қамтамасыз етудің 2022-2023 жылдардағы жоспары ғана бар. Жоспардың жобаға, жобаның іске айналар кезі туғанға дейін ауылдық елді мекен тұрғындары көгілдір отынға қолы жетпейтіні анық.