Түркістан қаласында беті ашық құдықтардың саны соңғы кездері күрт артқан. Кәріз және су жүйелері орналасқан құдық қақпақтары қаланың бірнеше көшелерінде жоғалып кеткен. Бүгінде аңшы тұзағы секілді көшелер маңында ашық жатқандары тұрғындар өміріне аса қауіп төндіріп отыр. Жергілікті биліктің назарынан тыс қалып, салғырттық танытудың соңы қайғылы жайтпен аяқталып жатқаны жасырын емес. Былтыр ақпанда Елордада он үш жасар жасөсіпірімнің өмірі дәл осындай құдықтың қақпақсыз қалғандығынан орын алған-ды. Түркістанда да, құдай бетін әрі қылсын, қайғылы оқиға орын алмасына кім кепілдік бере алады? 200 камера түгілі, 2 мыңы қаланың ашық құдықтан келетін қауіптен құтқара алмайтыны шындық. Әрі орнатқандарын қалай бақылауда ұстап отырғаны белгісіз Түркістан қаласы әкімдігі болса.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті биліктердің осы мәселе жөнінде салғырттық танытуға болмайтыны жайлы мәлімдеген. Тіпті көзге айқын көрінуі үшін құдық қақпақтарын бояп қою қажеттігі жайлы ескерткен.
Алайда Түркістанда мемлекет басшысы айтқан түрлі түске боялуы керек қақпақтардың өзі жоқ. Әрі одан келетін қауіп-қатер орасан зор. Мұнда туындайтын басты сұрақ – қала тұрғындарының қауіпсіздігі әкімдік үшін маңызы қандай? Басты қамтамасыз етуі тиіс қауіпсіздік мәселесін қашан қолға алары белгісіз. Әлде оны орындау үшін қандай да бір қайғылы жайттың орын алуы күтілуде ме? Дегенмен оның алды алынғаны дұрыс болар еді.
Қаладағы Нарбаев, Кенен көшелерінде құдықтардың беті ашық жатқанына көп болғаны айқын көрінеді. Тұрғындар балаларының қауіпсіздігін ойлап, ескі баллондар қойып, ағаштарды тігіп кеткені болмаса, оған арнайы назар аударылып жатқаны байқалмайды. Қайғылы оқиға бүгінгі күні тіркелмесе де, бірнеше көліктердің дөңгелектері құдыққа байқаусызда түсіп кетіп, шыға алмай қалған жайттары айтыла бермейді. Мұндай бассыздықтың орын алғанына көлік тізгіндегендер наразы. Ал тұрғындар атқамінерлерге шағымданып шаршаған.
Қалада қақпақсыз құдықтардан бөлек, басқа да олқылықтардың беті ашылды. Түркістанда күрделі жөндеуден өтіп, асфальт төселген көшелер саны артқаны мәлім. Бүгінгі күнге дейін жетпіс шақырымдай жол асфальтталған. Бұл жақсы жаңалық болса да, құрылыс жұмыстарының шикілігі байқалып отыр.
Шекті-Тілеу көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының жасалмай қалып қойғаны және жолдың екі жиегіндегі науалардың беті жабылмай қалғаны бар. Тұрғындар үйлеріне кіріп-шығуы үшін үйлерінің алдындағы лотоктарды құммен толтырғанын байқауға болады.
Одан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстарын жасаған мердігерлер тегістелген жолдан шыққан құрылыс қалдықтарын тұрғын үйлер маңына тау-тау үйінді етіп тастап кеткен. Мұны қалай түсінуге болар екен? Жұмыстардың соңына дейін атқарылуын бақылауда ұстау әкімдік үшін қаншалықты қиын?
Шекті-Тілеумен қатар, Майкөтов көшесінің екі жағы құрылыс қалдықтарына толған. Тау-тау үйінділер бүгінде қоқыс полигонына айналып барады. Тұрғын үйлердің де тұрмыс қалдықтары осы көше бойына күн өткен сайын жиналып жатыр. Қазіргі күні Түркістанның бірнеше көшелерінде жол құрылысы жүргізіліп жатқаны мәлім. Егер олардың да жұмыс соңы осылай қоқыс үйінділердің пайда болуымен аяқталар болса, жуық арада киелі қала қоқыстар мекеніне айналып кету қаупі жоғары.
Аталған олқылықтар жергілікті атқарушы биліктің назарына ілінсе құба-құп. Әйтпегенде қоқыс үйінділерінің қала имиджіне қара дақ түсіргені былай тұрсын, ең маңыздысы ашық құдықтардың беті жабусыз қалса, тұрғындардың өміріне қатер төнетіні айқын.