Көктем-күз егіннің басында болса, жыл бойы мал шаруашылығымен айналысады. Бертінде кемі екі сиырың болса, өлмейсің, сүтін сатасың, санын көбейтсең, ел қатарлы өмір сүруге болатыны жайлы ақсақалдардың ақылын алған ауыл тұрғындары сол екі сиырынан айрылып қалам ба деп қорқып отыр. Себебі бірнеше тұрғынның күтіп баптағандарының мазасы қашып, жем жеуді қойған, соңында арам қатқан.
«Қарасан болды!»
Ауыл тұрғыны Елеусіз Батырханов бүгінгі күні екі сиырынан айрылған. «Бүкіл ауыл малмен күнелтеді» – дейді ақсақал – «Алғашында бір сиырым өлді. Одан кейін кеше (бірнеше күн бұрын – ред.) екіншісінің мазасы қашты. Арам қатпай тұрып сойып алайын дедім. Дәрігер Нұрлан (Сәрсенбеков – ред.) да бар. Сиырды бауыздап, қолтығының астын тілгенде сұп-сұйық қан ақты. Өз көзіммен көрдім. Сол кезде Нұрлан бұның етін жеуге болмайды деді. Неге десем, «қарасан ғой бұл» деген соң, түн ішінде ауыл сыртына апарып өртеп жібердік.»
Ақсақалдың айтып отырғаны – ауылдың мал дәрігері Нұрлан Сәрсенбеков. Қазіргі таңда ауруханада емделу үстінде. Дегенмен сырқатына қарамай сұрағымызға жауап қатты.
«Қарасан болды. Сойғаннан кейін санын ашып көрдім. Аяғы ісіп кеткен. Иесімен апарып өртеп жібердік. Меңгеруші біледі. Экспертизаға ештеңе алған жоқ. Бір-екеуі қарасан болды» – деді ауыр тыныс ала мал дәрігері.
Бүгінде бары-жоғы белгісіз «қарасанның» кесірінен ауылдың тыныштығы бұзылған. Алдымен жаннан бұрын малының хәлін сұрайтын қазақтың сол малының жағдайы «қарасаннан» кетіп, барымыздан айрылып қаламыз ба деген күдік ауыл ішін жайлаған. Елеусіз қарттың айтуынша, бүгінде ауыл бойынша 22 мал арам қатқан, оның барлығы ірі қара.
Қарасан адамға да жұғады
Сиыр төлін баққан бақташылар жақсы біледі. Айдауына көнбеген, иесіне көрсетпегені қалмаған жас сиырларға «қарасан келсін, қарасан келгір» деп қарғыс жаудырып жатады. Бірінің аузы дуалы болды ма, ауыл жұртының уайымы сол баққаны болды. Аты жаман ауруға 3 айдан 4 жасқа дейінгі жас малдар шалдығады. Одан үлкендері қарасанмен ауырмайды. Ұсақ малдарға да жұғатын ауруға негізінен сиырлар шалдығады. Қарасан ауруы жануарларға топырақтан жұғады. Сондай-ақ жеген жем-шөптерінен де жұғу қаупі бар. Қарасанға шалдыққан малдың қызуы көтеріліп, жем-шөптен тыйылады. Тері мен ет арасында ісіктер пайда болады. Ауруы асқынғандары арам қатады. Сұмдығы сол, ол – адамға жұғады. Ауру малдың етін немесе сүтін пайдаланғандар қарасанмен өздері ауырады.
Өлекселер өртелмеген, көмусіз қалған
Мал өлекселерін ауыл жұрты елдімекен маңындағы шұңқырларға апарып тастайды. «Жаңа Түркістан» редакциясы журналистік зерттеумен барған уақытта расында бірнеше малдың қаңқалары өртеусіз, сондай-ақ көмусіз қалғанына куә болды. Шұңқырларда жас сиыр малдарының өлекселері жатыр. Ит-шибөрілер мен қарғалар олармен қоректенгені көрініп тұрды. Егер ол өлген малдар шындығында да «қарасанға» ұшырағандар болса, ауылда, сондай-ақ ауылға жақын маңдағы елдімекендерде эпидемиялогиялық жағдайдың қалыптасу қаупі жоқ емес. Әр өлген малдың себебін анықтап, оны өртеу – жергілікті ветеринарлық қызмет пен ауыл әкімдігінің атқаратын жұмысы. Бұдан бірнеше жыл бұрын Бабайқорған ауылдық округіне қарасты “Бeккари шұңқыры” жасалған болатын. Сондай-ақ ауылда мал өлекселерін тастайтын арнайы орындар белгіленген және мал өлекселері ветеринарлық талаптарға сай жойылуы тиіс. Дегенмен Бабайқорған ауылдық округінде ондай жұмыстардың бірде-біреуі жасалмаған.
Мәселенің мән-жайын анықтау барысында Бабайқорған ауылы ветеринарлық бекеті меңгерушісі Нұрғали Шакиров ауылда қарасанға ешбір малдың шалдықпағанын айтады. Меңгерушінің айтуынша, барлық өлген малдардан талдау сынамаларын алып, оны Республикалық ветеринарлық зертханаға жолдап, өлекселерді ауыл маңындағы шұңқырларға апарып өртеу жұмыстарын жүргізеді. Оның айтуынша, «Қарасан» деген күдікпен Кентау қаласында орналасқан зертханаға сынама жөнелтілген. Алайда күдік расталмаған.
«Малымды өзім дәріледім»
Қарасанның кесіріне жолықпау үшін алдын ала малдарға вакцина салу жұмыстары жүргізілуі керек. Ал ол жұмысты жергілікті ветеринарлық қызмет атқарады. Нұрғали Шакировтың мәлімдеуінше, биыл қарасанға қарсы Бабайқорған ауылдық округі бойынша 2600 дана вакцина малдарға егілген. Ауыл тұрғындары мәлімдеген соңғы өлген 22 малдың себебі сұралғанда, олардың жұқпалы емес аурулар кесірінен, яғни сым жұту, целлофан материалдарды жеу салдарынан өлгендерін айтады бекет меңгерушісі. Яғни ешқандай эпидемиологиялық жағдай қаупі туып тұрған жоқ. Алайда соңғы арам қатып жатқан ірі қаралардың барлығы дерлік сым жұтты дегенге сену қиын. Тұрғындардың да уайымы – осы.
Қарасаннан басқа, сібір жарасы, аусыл сынды қауіпті ауруларға қарсы екпе жұмыстары тегін жасалады. Дегенмен тұрғындар мемлекет бөліп берген вакциналары жануарларына жетпей қалып, дәрігер жазып берген екпелерді алу үшін қалаға барып, өз қалталарынан сатып алатынын айтып шағымданды.
«Мал дәрігерлері қолдарында барын малдарға салып кетті.Малымды биыл өзім дәріледім.». дейді ауыл тұрғыны Дармырзаев Гүржісхан.
Екі сиырынан айрылған Елеусіз қарт: «Осы ауылдағы мал дәрігерлері укол жазып береді. Ол 5-10 мың болса да қалаға барамыз. Амал жоқ аламыз. Мал керек. Солармен күнелтіп отырмыз» – дейді. Абай ауылы – бүгінде Кентау қаласына қарасты Бабайқорған ауылдық округіндегі елдімекен. Ауыл Кентаудан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Айтып өту керек, ауыл тұрғындары қалаға таксимен қатынайды.
Бүгінгі күні облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Кентау қалалық ветеринарлық қызметі» мекемесі Абай ауылындағы қарасанға қатысты ақпаратты жоққа шығарды.
«Кентау қаласына қарасты ауылдарға жалпы көлемі 49 292 доза вакцина берілді. Оның 2850 дозасы Бабайқорған елді мекеніне берілген. Вакцинация толық аяқталды. Қарасан деген күдікпен зертханаға ештеңе келіп түскен жоқ. Тек мамыр айында жоспар бойынша тексеру жүргізілген.» – деді эпиозоотолог дәрігер Шакир Ирисбаев.
Мал дәрігердің айтуынша, соңғы деректерге байланысты зертханаға Бабайқорған ауылдық округінен «Қарасан» деген күдікпен ешқандай сынама келіп түспеген. Кімнің бұрыс ақпарат бергені жауапсыз қалып отыр. Себебі Бабайқорған ауылы ветеринарлық бекеті меңгерушісі Нұрғали Шакировтың айтуынша, қарасан деген күдікпен сынама тапсырылған және ол теріс нәтиже көрсеткен болатын.
«Менің тақырыбым емес»
Бұл жағдайдан ауылдық округ әкімі Абдумуталип Абдраимов хабарсыз болып шықты. Сұрағымызға толыққанды жауап берген жоқ. Ал Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Үсенбаев бізді қабылдаудан бас тартты. Себебі бұл сұрақтар бойынша қалалық «Ветеринарлық қызметі» мекемесі айналысады-мыс. Ғалымжан Үсенбаев – Кентау қаласы әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары. Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының маңызды саласы. Қала бойынша эпидемиологиялық жағдай қаупі төнсе, ветеринария қызметі жауап береді деп қолды бір сілтеуге болмасы анық.«Қарасан» секілді қауіпті жағдайға басқа сала жауап беруі тиіс болса да, әкімдіктің бұл жағдайға еш қатысы жоқ деген сөз емес. Қандай жағдай болмасын қала әкімдігі әрбір ауыл-ауылдағы жағдайдан құлағдар болуы тиіс.
Мүмкін хабары болмаған шығар, дегенмен ең болмағанда, ауылдан хабар әкелген тілші арқылы ақпарат алып, тиісті шараны атқаруға болар еді. Тексеру жұмыстарын жүргізуге мұрындық болса құба-құп. Көңілі алаң халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, уайымынан арылтуға ынта таныта қоймағаны ненің белгісі болды екен? Халықтың жағдайынан артық не бар? Ауыл әкімі өз ауылындағы жайттан хабарсыз болса, Кентау қаласының ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ғалымжан Үсенбаев мал шаруашылығындағы мәселені білуге құлық танытпаса, халықтың жағдайын кім ойлайды?
«Жау жоқ деме, жар астында» деген бар. Ауыл халқы айтса, қалт айтпас. Уайымының да жөні бар. Ауыл ғана емес, бүкіл әлем коронавируспен алысып жатқанда, ауыл тұрғындарының «қарасан» деген күдігі ақталып шықса, пандемия үстіне «қарасан» деген эпидемия қосылса, қауіптің көкесі сол кезде болмасына кім кепіл? Әлгі күдік расталып, ауырған өлексені жеген ит-құстар, оны жұқтырған малдар қарасанды ауыл-ауылға таратса, ал ауру малдың сүті мен етін тұтынған тұрғындардың жағдайы не болмақ? Иә, өздеріңіз байқағандарыңыздай, ауыл әкімшілігі мен ветеринарлық бекеті, Кентау қаласы әкімдігі мен қалалық ветеринарлық қызметі Абай ауылындағы жағдайға, күнкөріс көзі – малына ғана қарап отырған, еті мен сүтінің арқасында өз қамын жасап отырған тұрғындардың мұң-мұқтажына бейқам қарап отыр. Ал малынан қапыда «кеселдің» кесірінен өлген тұрғындардың бүгінгі жағдайына кім жауап береді?
Олжас Әбдіхалық