Бізбен байланысыңыз

Сәлем, сіз не іздеп жүрсіз?

Жаңалықтар

Тазалық жаса – таразың ауыр бассын!

«Тазалық – иманның жартысы» деп Пайғамбарымыз (с.а.с ) имандылықтың жартысы ішкі және сыртқы тазалықтан тұратынын жеткізген. Бұл сөз жер бетінде көпшілік арасында айтылып жүрсе де, тазалық өз жоғарғы деңгейінде жасалынбай жүр.


Notice: Trying to get property 'post_excerpt' of non-object in /var/www/vhosts/janaturkistan.kz/janaturkistan/wp-content/themes/zoxpress/parts/post/post-img.php on line 35

Адамзаттың ішкі тазалығы, ішкен асы, киген киімінің тазалығын әркімнің өз қалауына қалдырамын. Ол өз алдына кең ауқымды тақырып. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасында айтылғандай, елдің бесігі болған ауылымның сыртқы тазалығы жайлы ой қозғағым келді. Жай ауыл емес, таза бесікте жатып өскен текті ұрпақ Бабай батыр бабам өсіп-өнген, киелі мекен Бабайқорған ауылым жайлы. Қарт Қаратау етегінде орналасқан, екі бетінде мөп-мөлдір суымен Ақтөбе, Көксарай өзені ағып жатқан, ортасында толассыз сыңғырымен, мөлдірлігі таңдай қақтыратын Қарабұлағы бар мекен. Алыс-шақын шет елдерден, елімнің түпкір-түпкірінен зиярат жасауға асыға келушілері бар Үкаша ата мен Жылаған атаның мәңгі тұрағына салынған кесенелері туралы ауыз толтырып айтуға-ақ болар-ау. Алайда ауылымда көзге оғаш көрінетін, жаныңа бататын үйілген ластық пен күл-қоқыстарын көріп қынжылдым. Имандылықтың төмендігі болар, бірі ел сыртына шығарып тастауға транспорттық шығын жасағысы келмей, ағып жатқан таза суға күлді аударып түсіріп, таза суды ластаумен болып жатыр.

Енді біреулері су жағасынан жанға жайлы демалатын орын тауып алады да, сол жерде ішкен-жегенін, алькоголді ,алькоголсіз сусындардың бөтелкелерін сындырып, ол жерге қайтып келместей етіп қалдықтарын шашып кетіп жатыр.

Кейбіреулері нәрестелердің нәжістеріне толы жөргектерді көше жағасына шашып кетіп жатыр. Өлген малды иттер жеп қояр деп елден көп ұзатпай-ақ шығарып тастайды. Оның сасып-бықсыған, қолқаны қабатын иісі мазаңды алғанда қанша қаражат бөлініп, есіл дүние жұмсалып жасалған «Беккари шұңқыры» бар екенін, елімнің есіне салғым келеді. Бұндай өрескел ластықтан біржола құтылудың жолын ойлы азаматтар: «Елге еге болып отырған әкімнен» темірдей тәртіп күтіп,күл-қоқыс тастағандарға аямай айыппұл салдырса тыйылатындарын үміттеніп айтып жатады. Ол тек үміт. Сол әкімнің өзіне бірнеше мәрте ауызша айтып тоғыз жолдың торабындағы бірнеше айдан бері жатқан қоқысты алдыра алмаймыз. Себебі өзінен үстем болған кісілерге сөзін өткізе алмай ма, әйтеуір шашылған ластық көшеде ұзақ жатумен желге ұшып кеткеніне ел-жұрт куә. Құдайындай сыйлайтын қонағы келе жатқанында үйін тап таза айнадай жылтыратып қоятын халықпыз. Ауылыма анда-санда қала әкімі жұмыс бабымен және бірнеше зиялы қауым, министрлер зиярат етіп келіп-кетіп жатады. Сол әкімдер келгенде көрмесін деп көзін байлап аралатады ма екен ауылды, әлде түнде келіп кетеді ме екен, жоқ әлде сол зиялы кісілер мүлдем сыйсыз, құрметсіз қонақтар болды ма екен деген ой тағы қынжылтады. Ұят.

Айтпақшы сол әкімдік тазалыққа, қоғамдық жұмыстарға деп ауыл тұрғындарынан бірнеше кісіні жұмысқа алыпты деп есітіп жатамыз қаңқу сөздерден. Олар қайда, қай жерде жұмыс жасап жүр екен.

Бір кездері ұйымдасып жігіттер болып, ағайын, ел-жұрт болып көше бойындағы қоқыстарды тазалап, ата-баба аруақтарын сыйлап, мазарат ішіне тазалық жүргізгенін көзім көріп куә болған едім. Біз өзімізді иісі мұсылман халықпыз дейміз, мұсылман емес бір мемлекеттің ғалымы зерттеу нәтижесінде «көшеде көзіңе ерсі көрінетін кәмпиттің қағазындай кез келген қоқыстың қайта-қайта көзің түсіп қарап қоя беруің арқылы бойыңдағы қуатыңды жойып тастайтынын» дәлелдеп жаһанға жария еткен. Шүкір дейік, осыны білген, санасы терең азаматтардың біразын білемін. Кәмпиттің қағазы болсын жерге тастамай, шаққан пістесінің қабығын қалтасына салып алып үйіндегі жиылған қоқысқа тастайды.

Ауылым отыз рудан құралса да бір ата-ананың баласындай татулығы мен бірлігі жарасқан ел еді. Қазіргі таңда сен тимесең, мен тимейін деп көшедегі қоқысты көрсе де, көрмегенсіп өтіп кете берудің себебі имандылығымыздың саяздығында деп ойладым. Өсеміз деп жүріп, өшуге шақ қалып тұрмыз. Дами алмай жүргеніміз – мөп-мөлдір сыңғырлап аққан су сияқты біздің, адамзаттың да сөйлейтін сөздерінде қоңыр үн нәзіктікті, мөп-мөлдір су сияқты жуған жерін жарқырататыны сияқты біздің де ұстаған жерімізде жұмсақтықты сездіретін мінезіміз жоғалды. Керісінше шайтан араласып, лапылдап жанған от сияқты шытырлатып, арсын-күрсін дыбыс шығарып, жан-жақты өртеп қара күйе жағатын қасиетсіз мінездер пайда болды. Ненің неден пайда болатынын әркім өзінің есебіне алсын деймін.

«Тазалығы қатынның тарағынан белгілі, батырлығы батырдың жарағынан белгілі» дегендей, қолыма қалам-жарағымды алып, жазғандарым нәпсіге ауыр тиіп, жараның бетіне себілген тұздай боп, шымбайға батып жатса, күлді тазартудың орнына күлді көріп қойған жанның көзін жойып тазартам деушілер де шығуы мүмкін, патша көңілдері білер. Дос сүйекке батырып, жылатып айтады деп ,«тазалық жаса, таразың ауыр басатын иманың толысар » қағидасын түсініп, қазіргі сәттен бастап тазалық жасап, дағдыланғысы келіп, алға бір қадам жасаған жанның алдында басымды мың иемін.

Абай Әбдімәлікұлы

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You May Also Like

Жаңалықтар

Түркістан қаласының басты экологиялық мәселелерінің бірі – оның құрғақ климаты, құмды желі. Мұның шешімі ретінде қала маңында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы 2019 жылдан бастау...

Жаңалықтар

Мақтааралдық Сырым Айтбай шығыс жек-жек өнері спортымен 2013 жылдан бері айналысып келеді. Cпорттағы cегіз жылда үлкен жетістіктерге жетті. Сондай-ақ жекпе-жек спорты мен джиу-джитсудан Қазақстан...

Жаңалықтар

«Түркістан Яссы» ЖШС-не кернеуі 1000 вольттан асатын жерасты кабель желiлерiн зақымдағаны үшін айыппұл арқалады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен...

Денсаулық

Облыс орталығынан қырық шақырым жерде орналасқан Абай ауылы тұрғындарының бүгінде көңілі алаң. Мың жарым адамға жетер-жетпес халқы бар ауылдың негізгі күнкөріс көзі – ауыл...