Түркістанда жолай кезіккен әрбір екінші адамның «апырай ә, газ қашан келіп қалар екен» деген уайымы бар. Қаншама жылдан бері көгілдір отынның әуресімен алысқан жергілікті тұрғындар әкімдікке сенуден қалды. Қала әкімі Рашид Аюпов былтыр жыл соңына дейін 80 пайыз, осы жылдың қазан айына дейін 100 пайыз қала толық газбен қамтылады деп сөз берген. Биыл тамыз айының аяғында газ мәселесіне байланысты жиын өткізіп, алдағы екі апта ішінде барлық абоненттер толық газбен қамтылуы тиіс деп кесіп айтты. Әкімнің табиғи газ мәселесіне жауапты тұлғалардан сұрау алып, бәсеңдікті сынға алған кейпінен бір нәтиже шығып қалар деп үміттендік. Бірақ сөз төркіні газ мәселесіне келгенде аяқсыз қала беретін болды. Біз де алдағы уақытта берілген уәделер мен тапсырмалардың қаншалықты деңгейде жүзеге асатындығын бақылап отыруға сөз берген едік. Қала ішінде көгілдір отынға қатысты пәлендей өзгеріс бола қоймаса да «айтылған сөз – атылған оқпен тең» деген сарынмен уәдемізден тайқымай, газ туралы бір ай бұрынғы жиындағы айтылған тапсырмаларға қорытынды жасауды жөн көрдік.
Шілде айынан бері қала ішіндегі газдандыру жұмыстарының баяу жүріп жатқандығын айтып, дабыл қақтық. Айта-айта Жамал апамызды да қартайтып тындырдық. Салғырттықтың салдарынан ба, жауапсыздықтың кесірінен бе бірде-бір ескертуімізге әкімдік тарапынан жауап ала алмадық. Демек, газ мәселесіндегі олқылықтар әлі күнге дейін шешімін таппай, әкімдіктің бізге берер жауабы да жоқ болып тұрғаны ғой. Сөзімізге дәлел, қала ішінде 52 037 абонент газ пайдалануы тиіс болса, осы уақытқа дейін 7 285-не газ кірген. Ал оның ішінде, осы жылдың басынан бастап қыркүйек айына дейін 1034 абонентке ғана газ тартылған. Біле білсеңіз, қаладағы бірнеше аудандарға газ құбырын тарту жұмыстары әлі күнге дейін басталған жоқ.
Сонда әкім мырзаның толық қаланы газбен қамтуға сөз бергендегі бір жылдық көрсеткіші осы-ақ болғаны ма? Көпқабатты тұрғын үйі бар 1 және 2-мөлтек аудандағы үш мыңға жуық пәтердің 409-ы газға қосылған. Бір ай көлемінде 199 абонент табиғи газбен қамтылып үлгерген екен. Бұл осыған дейінгі айлардағы көрсеткішпен салыстырмалы түрде жақсы нәтиже. Егер Рашид Аюпов о баста халық алдында берген уәдесіне жауапкершілікпен қарап, газдандыру жұмыстарына қыркүйек айындағыдай бақылау жүргізер болса, бүгінде діттеген межесіне жетіп қояр еді. Бір ай ішінде 200 жуық үй газбен қамтылып тұрса, алдағы екі ай көлемінде 44 752 абонентті қалайша толық көгілдір отынмен қамтамасыз етеді? Бүгінге дейін қозғалмай, газ мәселесіне салғырттық танытып келген жауаптылар әкім мырзаның «қала толық осы жылы газбен қамтылады» деген уәдесін растай алады ма екен?
Қыркүйек айының 10-нан бастап 24-не дейін Түркістан 258 вагон, 18 037 тонна көмір қабылдаған. Бұған дейін 1800-ге жуық вагон, 100 мың тоннадан астам көмір қабылдаған. Бір тонна көмірдің бағасы – 16 мың. Демек, қала халқы әкімдіктің мәліметтерінен шаршап, қыстың қамына әлдеқашан кірісіп кеткен.
Араларында жергілікті биліктің уәдесіне сеніп, көмір алмай отырғандары да бар. Өздеріне сенім артып, телміріп отырған халыққа межелі уақытында газды үйлестіре алмай ұятқа қалған әкімдік ертеңгі күні не деп ақталады? Сондықтан бұқараны құрғақ уәдемен тойдыра бермей, тоқетерін айту қажет. Әлем желі арқылы көпшілікке түсініксіз графикты шығарып, сандарды асырып қойғанмен нәтижелі іс оңбайды. Әкесі өлгенді де естіртеді емес пе, газ туралы нақты ақпаратты халыққа жариялаудың несі соншалықты қиынға соғып отыр?
Табиғи газдың олқылықтарымен алысып жүргенімізде күз де есік ашты. «Газ әне келеді, міне келеді» деп күткенде қалың суықтың беті көрінді. Тағы да осылайша газдандыру сағызша созыла берер болса, қыс уағына жетіп тынары анық. Ол – «Түркістандықтар толық көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген, сәл күте тұрайық» деп жағдайға қарайтын мезгіл емес.