Былтыр Тараздағы мектептердің бірінде оқушы қыз оқу орнының сырттағы әжетханасында зорланған болатын. Оқиға қоғамдық резонанс тудырып, іле-шала Білім және ғылым министрлігі бүкіл ел бойынша мектеп ғимаратының сыртында орналасқан дәретханалармен күрес жұмысын бастап кеткен. Ол бойынша жұмыстарға қаржы жергілікті билік бюджетінен жұмсалатыны мәлім болған. Дегенмен балалар қауіпсіздігіне келгенде Түркістанның қаржысы 8 мектепке жетпей қалған көрінеді.
Облыс орталығында Адами капиталды дамыту бөліміне қарасты 32 мемлекеттік мектеп бар. Оның ішінде Ғ.Мұратбаев атындағы №5, әл-Фараби атындағы №10, №14, Әмір Темір атындағы №3, Некрасов атындағы №9, Н.Төреқұлов атындағы №8, Ә.Науаи атындағы №13, С.Рахимов атындағы жалпы орта мектептері ішкі әжетханаларынсыз қалып қойған. Адами капиталды дамыту бөлімінің басшылығы ол бойынша хабардар. Ал қалалық Құрылыс бөлімі бұл іспен айналысып жатыр-мыс. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл аймақ әкімдеріне мектептерді бейнебақылау жүйелерімен және әжетханалармен 100% жабдықтауы тиіс еді. Бұл туралы жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы шегелеп айтты. Бұл – балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың жолын кесудің бірден-бір жолы. Білім және ғылым министрлігі бақылауына алған әжетханаларды ішке енгізу жұмыстары Республика бойынша 1 қыркүйекке дейін аяқталуы керек болатын. Алайда облыс орталығына қарасты 8 мектептің әжетхана құрылысы әлі басталмаған.
Оқи отырыңыз:
Мектептердің ағымдағы жөндеуі мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жасалған болатын. Бағдарлама бойынша Түркістан қаласына жалпы көлемде 34 миллиард қаржы бөлінген. Алайда қаладағы барлық жалпы орта мектептерінің әжетханаларын ғимарат ішіне енгізу жұмысы не себепті толықтай орындалмағаны белгісіз. Әлде Президент тапсырмасы Түркістан қаласына толық жетпей қалған ба? Өкініштісі 700-ден аса оқушысы бар жақында ғана Қазыбек бидің аты берілген №14 мектептің әжетханасы мектептің сыртқы ауласынан да тыс мектеп маңындағы орталық «Парасат» саябағында орналасқан. Әжетхана мен мектеп арасына қоршау қойылған. Демек мектептің ішкі әжетханасы түгілі сыртқысы да жоқ.
Оқушылар және мектеп мұғалімдері саябақтағы әжетхананы пайдалануға мәжбүр. Қала әкімдігі және оның Адами капиталды дамыту бөлімі мұндай сұмдықтың орын алып отырғанынан бейхабар болуы мүмкін емес. №14 мектеп әжетханасы биыл салынбайтынын қалалық Құрылыс бөлімі мәлімдеді. Демек, мектеп оқушылары «Парасат» саябағындағы әжетхананы әлі қанша уақыт пайдаланатыны белгісіз. Ғимаратында, тіпті сыртқы ауласында да әжетханасы жоқ мектепке балаларды оқытуға Түркістан қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қалайша рұқсат беріп отыр? Бұл – бала қауіпсіздігіне және санитарлық талаптарды сақтауға салғырт қараушылық емес пе? Әрі оның салдары ауыр болуы ықтимал екенін ойлаған жөн-ақ.
Былтырдан бастау алған істің созылуына не себеп болғаны белгісіз. Мектеп оқушылары көктемгі демалыстан бері сабақты онлайн жүйе арқылы оқып келеді. Жазғы демалыста мектеп ғимараты бос болды. Енді міне, екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300-ге дейінгі мектептер дәстүрлі оқу форматына көшеді. Ата-аналардың өтініші бойынша 1-ден 5 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етілді. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында осындай шешім қабылданған. Демек, келесі айдан бастап сабаққа баратын Түркістандағы 8 мектептің оқушылары сыртқы әжетханаларды пайдаланатын болады. Ол, әрине, баршасына белгілі бала қауіпсіздігіне аса қауіп төндірмек немесе оқушылар сабақ оқып жатқанда әжетхана құрылысы жүрмек. Екеуі де жергілікті билікке аса сын болмақ. Еліміздің болашағы саналатын балалар өмірі бәрінен маңызды екенін ескерсе, мүмкін оқушылардың қолайсыз ғимараттарымен жергілікті билік басшылары орын алмасқаны жөн болар ма еді?
Құрылыс бөлімінің мәліметінше, бүгінде 8 мектептің 7-еуінің әжетханасын жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат әзірленіпті. Әрқайсының құны – 22, 875 миллион теңге. Алайда құрылыс биылға жоспарланып отырған жоқ. Сонда Түркістан қаласы әкімдігі құрылыс жұмыстарына ақшасын қимай екі айдан кейін мектептердің облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының қарамағына өтуін күтіп отыр ма немесе бұл Президент тапсырмасына құлақ аспаушылық па?
Мамырда Мақтаарал ауданының бірнеше аулын су басып қалғаны белгілі. Бүгінде Президенттің өз бақылауына алған жаңадан салынған тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталды.
Үйлері суға кеткен тұрғындар қоныс тойын тойлап үлгерді. Сол тұрғын үйлердің құрылысы 17-18 миллион теңгенің жобасында салынды. Сайып келгенде түркістандық бір ғана мектеп әжетханасының құны Мақтааралда жаңадан салынған бір үйдің бағасына тең, тіпті асып жығылады. Әрине, балалардың өмірі мен қауіпсіздігі қаржымен есептелінбейді. Алайда Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 17-18 миллионға үй салып бергенде Түркістандағы 1 ғана мектептің әжетханасына 22 миллионнан аса қаржының жұмсалатыны оғаш емес пе?