Маркасы «Ваз 2107» автокөлігі мен велосипедші бір-біріне соқтығысқан. Анық болғаны екеуі бір бағытпен кетіп бара жатады. Сол жағына қарай бұрылған велосипедші апатқа ұшырайды. Нәтижесінде велосипед тізгіндеген тұрғын түрлі дене жарақаттарымен аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызылды.
Велосипедшіде аңшы қаруы болған
Оқиға орнына жеткен қалалық полиция басқармасының қызметкерлері басқа деректерге тап болған. Тексеру кезінде велосипедшінің өзімен бірге «ТОЗ» маркалы аңшы қаруын киімге орап алып жүргені анықталды. Велосипедші өз-өзіне толық келгеннен соң, оған қатысты қаруды тасымалдау ережесін бұзуы бойынша тергелмек. Оған ҚР ӘҚтК-нің 484-бабының 1 бөлігімен шара көрілуі мүмкін. Қару заңға сәйкес полиция басқармасында тіркеуде болған.
Бүгінгі таңда жол көлік оқиғасы бойынша сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындысымен кінәлі тарап анықталып, тиісті құжаттар жинақталатын болады.