«Жасыл Түркістан» қуратып алған ағаштарын қоқыс полигандарына апарып жерлеудe күндізді қойып, түнге көшкен. Түн жамылып, қала орталығындағы Шекті Тілеу көшесіне келген ағаш кесушілер өмірлерін бәйгеге тігіп жүр. Олардың қауіпсіздігін ойлаған ешкім жоқ. Басшыға қарағанда қала тұрғындары түн жарымында жол ортасында ағаш шауып жүрген жұмыскерлердің өміріне алаңдап, жарық шағылыстыратын киім апарып беріп жүр. Оның үстіне, ағаш кесу жұмыстары жексенбі түнінде ұйымдастырылуы қаншалықты заңды екені белгісіз. Күз келді. Жаңа көшеттерге орнын басатып берген өлі ағаштардың обалы кімге? Тағы да егілгелі отырған мыңдаған көшеттер…
Шекті Тілеу көшесіне егілген ағаштардың жаппай өліп, өсе алмай қалғанын тұрғындар мен қала қонақтары жол бойынан әр өткен сайын байқайды. Қылқанжапырақты және тұт ағаштарының қаңқасы қала сиқын қашырып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Қала әкімдігі бұл сұрықсыз кейіптен жексенбінің түнінде отап тастап құтылайын деді ме, әйтеуір жұмысшыларды шақырып, өлі талдарды түбінен шапқылап, ағаш мәйіттерін апыр-топыр жүк көлікке тиеп алып кетті. Араларын қолына ұстаған жұмысшылардың ойында ештеңе жоқ. Тапсырма берілді, орындалды. Дегенмен қоғам назарынан бұл жайт тыс қалғаны жоқ. Ағаштан бөлек, бір көшедегі олқылықтар саны жетіп артылатыны ортаға шықты.
Түркістан қаласы 2 жылда еңсесін тік көтеріп, рухани шаһардың мәртебесі асқақтап жатса, сапасыз құрылыстар мен асығыстықтың көріністері бір ғана көшеде айқын көрсетіліп тұр. Жүрдім-бардым жасалып, аяқсыз қалған шала жұмыстардың нәтижесі ортаға шыққанда, шынын айтқанда, қала тұрғындарының игілігі үшіндігі әсте байқалмайды. Шекті Тілеу көшесіне асфальтталып, жол төселді. Жаяу жүргіншілер жолдың қарсы бетіне өтуі тиіс. Белгі бар, алайда жаяу жүргіншілер жолы жасалмаған. Ең болмағанда, жол жиегіндегі науаның (лоток) беті жабылмаған. Ер кісі аттап өткенмен, баласы бар аналар жолдан өтуге қорқады. Сонымен қатар көшедегі екі жол жиегіндегі науалар іші қоқысқа толып қалғаны бар. Көбісі әдейі құммен толтырылған. Неге десеңіз, көше бойындағы үйлердің тұрғындары есіктеріне кіріп-шығуы үшін беті бетондалмаған әлгі лотоктарды құммен толтырмағанда қайтсін?
Ол – ол ма? Тұрғындардың, әсіресе кішкентай балапандардың денсаулығына аса қауіп төндіріп отырған тағы бір жайт бар. Беті ашық құдықтар аңшының құрған тұзағындай өз жемтігін күтіп отырған сыңайы бар. Құдық бетін жағалай өскен арамшөптен оның ашық тұрғанын байқау мүмкін емес. Ол үшін жақсылап қарап, тексеріп барып өту қажет. Ал алаңсыз балақай түгілі, назары ауған кез келген тұрғынның аяғыннан шорт айыратындай ашық құдықтың қауқары барын елеген ешкімнің болмағаны қалай? Ал мұндай ашық құдықтардың бір көшеде бірнешеуін мұқият жүріп байқауға болады. Ең болмағанда, белгі қойылмай кеткеннен соң, тұрғындар денсаулығына қауіп төндірген күйі қалайын деп тұр.
Ал жол бойындағы тратуарлардың толық аяқталатын түрі жоқ әлі. Жартылай қалған жұмысты тәмамдауға бағасы қымбат әлдебір тұрғынның еккен шыршалары кедергі болып отырған сыңайлы. Себебі шыршалы үй маңындағы құрылыс жұмысы аяқсыз қалған. Опырылып қалып жатқан веложол аймағы күн сайын кеңейіп барады. Әр жерде тесік пайда болып жатқаны кез келген көкірегі ашық көзі ояу жанды алаңдатады. Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні секілді, өзі жұқа асфальтталатын веложолдардың бір бөлігі тесілсе бітті, барлық жолды қиратпай тынбайды.
Осы көшені бойлай жүре берер болса, қызықтың көкесі сонда болып отыр. Бұл – жолды асфальттап жүрген мердігерлердің шеберлігіне қос қолдап шапалақ ұрып құрмет көрсетуге болатындай дүние. Жаяу жүріншілер белгісіне зақым тигізбей, айналасын асфальтталып кету ғажап емес пе? Әрі ол белгі көше қиылысындағы жолдың ортасында тұрғаны көпті таң қалдырғаны жасырын емес. Сонда әлгі белгіні орнынан алып, басқа бос жерге орнату қиынға соғып, көше ортасына қалдырып, әсемдеп асфальттау жеңіл болғаны ма?
Шым төселмесе де, оны суару үшін қойылған құбырлардан аққан су арамшөптерді қоректендіріп жатқаннан басқа еш пайдасы болмай отыр. Көксіз сары топырақтың өзі қалаға келген қонақтарға қандай әсер етері қайдам, тұрғындар көзіне қала орталығы емес құмды аймаққа айналған ауылды елестетіні шындық. Сонда бұл істі аяқтай салу қатты қиын болғаны ма?
Мұның барлығы – Түркістан қаласы Шекті Тілеу көшесінің қазіргі көрінісі. Бірнеше мәселенің бір көшеден табылуы жақсылықтың нышаны емес. Орталық көшенің жайы осы болса, басқалары туралы айтып жақ, жазып қолдың талары анық. Уақытша қиыншылық болып, бірер айда халықтың тұрмысы жақсарса ешкімнің дауы жоқ. Алайда көктем өтті, жаз өтті, баяғы жартас сол жартас. Есесіне халық қауіпсіздігі мен бала өміріне деген қауіп артып барады. Олқылықтарды түзету, нақтырақ, аяқсыз қалған істі соңына дейін орындау аса ауыр жұмыс саналмаса керек-ті.