Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан, үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салуда. Қазақстан Республикасы қазақ тілінің ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр. Елбасымыздың 22-қыркүйекті «Қазақстан халықтарының тілдері күні» деп жариялау да сол мақсаттан туған.
Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмауы үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Осы ретте, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек», – деген болатын 2012 жылы 14 желтоқсандағы Жолдауында.
Ана тілімізді білу, онымен еркін сөйлеу ол мақсат емес, міндет.
Қазіргі таңда бұл жағдай бір мәселеге айналып отырған секілді. Ал өзге тілдер, әсіресе, халықаралық ағылшын тілі, біздің болашағымыз үшін, мақсаттарымыздың орындалуы үшін үйренілуі керек тіл. Сол себепті, даму үстіндегі ел болғандықтан, еліміздің өркендеуіне септігімізді тигізгіміз келсе, ағылшын тілін білуіміз қажет.
Міне, осы тұста қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде арнайы үйірмелер ұйымдастырылады. Ол үйірмелерде сіз дипломдық жобаңызға байланысты қандай мақалалар, өзге де ақпараттар жайын біле аласыз.
Сөзімді қорытындылай келе, ана тілімізде әдеби сөйлеп, өзге тілдерді үйреніп, жан-жақты азамат бола білейік!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымының кандидаты
Данат Жанатаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары:
Оралбай Айнұр, Улугбек Каюмов, Акрам Ерасыл,
Манарбекова Тұнық, Абдуллаева Жансая.

