Бізбен байланысыңыз

Сәлем, сіз не іздеп жүрсіз?

Жаңалықтар

Бағасы қымбат ағын су

Тіршілік нәрі су десек, оның бағасы аспандаса, диқандардың уайымы артады. Ебін тауып, жерге дән сеуіп, егінмен айналысып отырған еңбек адамдарының судан өзге мәселесі аз болып па?

Көктем келсе, дала жұмыстары, жаз келсе, егін күтімі мен терімі, саудаға тартудан бұрын діттеген мақсатына жетіп, аман-есен жер ризығын ала білу – шаруаларды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады. Алайда Шардара ауданының Кенжегүл Есемханова есімді диқаншы әйелі бүгінгі күн еккен егініне апталап су бере алмай, еткен еңбегім далаға кетеді-ау деп жан ұшыра жанашырлардан жәрдем сұрағаны бар.

Он бес жыл бойы жерге егін салып, тауқыметін тартса да, өз нәпақасын тауып жүрген Кенжегүлдің биыл судан тарыққаны жанына батса керек. Өзі Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық округіндегі 30-дан аса гектар жерді жалға алып, шаруашылықпен айналысқан. Бұл жер Рысбай Исамуддин есімді азаматтың иелігіндегі «Әсем» шаруа қожалығына тиесілі болып шықты. Алайда жер иесі ауызша келісіммен, таныс әрі туыс деп Кенжегүлге пайдалануға берген. Шаруа әйелі мұнда мақта, жүгері сынды дәнді-дақылдарды баптап өсіріп келген. Дегенмен жаз ортасында егін суы шорт кесілген. «Шұғыла-1» шаруашылық кооперативі төрағасы Шайманов Нұрланның бұйрығымен «Әсем» шаруа қожалығына апта бұрын су беру тоқтатылған. Бұған Кенжегүл Есемханованың жылдар бойы жиналып қалған қарызы себеп болыпты. Қоссейіт ауылдық округі әкімдігінің таратқан мәліметі бойынша, 2017 жылдан бергі 604 000 теңге көлемінде шаруа әйелдің берешек қарызы бар. Дәлел ретінде Кенжегүл Есемханованың кооперативке өз борышы жайлы жазған «Тілхатын» көрсетіпті.

Шаруа әйел қарызы барын мойындаса да, оның көлемімен келіспейді. Биылғы жүз мың берешек деп көрсеткені артық сома дейді. Судың да сұрауы бар дерміз, алайда егін егіліп, жемісін берер шақ пен Шардарадағы шіліңгір шілдедің көлеңкедегі 40 градустық ыстығын ескерсек, апталап өсімдіктердің тіршілік нәрін татпай, қарыз есебінен тоқтатылуы, ашығын айтқанда, өте бұрыс шешім екені анық. Журналист ретінде әкімдіктер мен кооператив төрағаларына хабарласып, араға түсіп, шаруашылық сусыз қалмасын деп бұғатталған құлақты ашқызуға өз үлесімізді қостық. Егін тіршілік нәрін татып жатқанда біраз шындықтың да беті ашыла бастады.

Бүгінгі күні «Шұғыла-1» кооперативі ағын су мөлшері бағасын гектарына байланысты есептеп келеді. Егістік жерінің әр гектарына 8 мың теңге көлемінде бекіткен. Бұның қаншалықты заңға сай екені белгісіз. Кооператив төрағасы Нұрлан Шайманов диқандарға пайдаланған ағын су мөлшеріне сәйкес қаржы төлегені туралы түбіртек бергенмен, тарифтері антимонополия комитеті арқылы бекітілмегенін айтады. Шаруа қожалықтары былтырдан бері суарылуы тиіс егістік жерінің әр гектарына 8 мың теңге төлеп келеді. Қарапайым арифметикалық есепке салсақ, Кенжегүл Есемханова 30 гектарлық егістік жеріне 240 мың теңге төлеуі тиіс. Бұл – қарапайым шаруа үшін үлкен шығын екені айтпаса да түсінікті. Оған қоса, тамыз айында кооператив төрағасының көмекшісі Қуаныш Шаймановтың айтуынша, ағын су бағасы он-он бір мыңға көтерілмек.

Карантин уақытында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығына барынша қолдау көрсету қажеттігін айтып, жергілікті басқару органдарына тапсырмалар берген болатын. Жанармай отындарын жеңілдікпен сатып алуға, өнімді алдын ала сатып алуға дейін бюджеттен қомақты қаражаттарды бөлді. Алғашқы жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз» деп атап өтті Президент. Енді шаруаларға мемлекеттік қолдаулардың тиісті көрсетілуі жергілікті басқару органдарының назарына іліккені жөн болар. Әйтпегенде шаруалардың мұң-мұқтажын қарастыру мен қолы жетуге тиіс қолдаулардан қағылмауын қадағалауға тиіс Қоссейіт ауылдық округі әкімдігінің Кенжегүл секілді диқандардың қарызын теріп жүргені жөн болмас.

Фото: azattyq-ruhy.kz

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

You May Also Like

Денсаулық

Облыс орталығынан қырық шақырым жерде орналасқан Абай ауылы тұрғындарының бүгінде көңілі алаң. Мың жарым адамға жетер-жетпес халқы бар ауылдың негізгі күнкөріс көзі – ауыл...

Жаңалықтар

Түркістан облыс орталығы атағын иемденіп, қала ішіне жаңашыл бағыттағы идеялар легі іске аса бастады. Қала кіреберісінен толық көмкерілген әдемі гүлзарлар мен саябақтар көне шаһардың...

Жаңалықтар

Түркістан қаласы әкімдігінде 109 қызметі, яғни Бірыңғай байланыс орталығы ресми түрде іске қосылды.

Жаңалықтар

Түркістан облысында қылмыс болмаған, мүлдем мәселесі жоқ ауыл бар десек, сенесіз бе? Ертегі емес, шынымен де дәл солай. Бұл Төлеби ауданындағы Жоғарғы Ақсу ауылдық...