Бағасы қымбат “кәрі жіліктер”

Кәрі жілікті халқымыз не себепті босағаға іліп қоятынын білесіз бе? Ескідегі негізгі ұғымға сәйкес ол – құрық ұстаған күзетші, мал-жанды бәле-жаладан аман сақтаушы, ел қорғаушы батыр бейнесі болған.

Бағасы қымбат “кәрі жіліктер”
ЖАРНАМА ОРНЫ
26.09.2020
516
A+
A-

Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Естайұлының назарына!

Ауылдағы азаматтар көше қалса, қариялар керегеге ілінген кәрі жілікті қой қораның төріне, тал-теректердің бұтағына арнайы іліп қойған. Ағаш, шөп қыстырып қойса, түн ішінде бейне құрық ұстаған күзетшіге ұқсап, малды, ер-тұрманды ұры-қарыдан, жаудан, қасқырдан қорғайды деп сенген. Дәл осы жоралғы Түркістан қаласында әлі күнге дейін сақталып қалған. Алайда біршама заманға сай цифрландырылып, кәрі жіліктің орнын бейнекамералар алмастырған. Былтыр қала әкімі Рашид Аюпов 2019 жылдың соңына дейін халықты «бәле-жаладан» сақтайтын 500 бейнекамераны көшелерге орнатуға Түркістан қаласы тұрғындарымен кездесуінде уәде берген. Бірақ қалалық Полиция басқармасымен біріккен әкімдік жобасы аяқсыз қалып, межесіне жете алмай, былтыр облыс орталығына 200 бейнекамераны ғана қойдым деп есеп берген. Ал биыл ештеңе жоқ. Қалған 300 камераны қашан орнататыны бүгінгі күнге дейін белгісіз. Әрқайсының құны миллион теңгені құрап, жалпы қала бюджетінен 200 миллион қаражат жұмсалып кеткен. Иә, халық қауіпсіздігі үшін ештеңеден аянбау қажет. Дегенмен ол іс нәтижелі болып шықса жақсы.

Ес білгелі қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері деп білеміз. Қаланың қажет етіп тұрған тұстарына бейнекамераларды қоюға мұрындық болатын әкімдік екені рас. Алайда Түркістан әкімдігі орнатқан миллиондық камералардың бір де біреуі облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы базасына қосылмаған. Орталық – халық қауіпсіздігі мен тәртіпті қашықтықтан бақылайтын арнайы мекеме. Бірақ оның базасында Полиция департаментінің қалаға орнатқан 54 бейнекамерасынан басқасының мәліметтері мүлдем жоқ. Сонда әлгі 200 бейнекамера не мақсатта жұмыс жасайды?

Түркістан қалалық Полиция басқармасы олардың барлығы әлі күнге әкімдік меншігінде екенін мәлімдеді. Сонда халықтың жүріс-тұрысын және оның қоғамдық қауіпсіздігін қала әкімшілігі қандай тәсілмен бақылап отырғаны түсініксіз. Әлде бейнекамералар шынайы түрде жұмыс істемей, қала халқы мен қонақтарының өздерін қауіпсіз сезінуі үшін ғана «кәрі жілік ырымын» жасап отыр ма? Босағаны көшедегі бағаналар алмастырып, әрқайсына кәрі жілік секілді бес-алты камераны іліп қойса, бәлкім халықты «бәле-жаладан» аман сақтайды немесе көлік жүргізушілері мен қала тұрғындарын сескендіру үшін қойылған болар.

«Жау жоқ деме – жар астында» дегендей, кез келген келеңсіздіктің алдын алу үшін қауіпсіздікті басты назарға ала отырып, ол бойынша жедел әрекет жасау маңызды. Алайда әкімдіктің бейнекамералар мәліметін «үйінде» сақтап отырғанда,қоғамдық қауіпсіздік мәселесі жуық арада шешіле қоймас. Кез келген мақсатқа немесе арнайы бағдарламаға бюджеттен қаржы бөлген кезде оның мақсатты жұмсалуы және белгілі бір түпкі нәтиженің орындалуын қамтамасыз ету керек. Ал Түркістан қаласы әкімдігі бюджеттен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 200 миллион теңге қаржы бөліп, бір жылға жуық уақыттан бері бөлінген қаржы түпкілікті нәтижені осы күнге дейін қамтамасыз етпей отырған секілді. Себебі жаңағы бейнекамералар мәліметі Ішкі істер органдарының базасына толық түспейінше бейнекамералардағы ақпараттың құны «көк тиынға» пара-пар. Яғни бюджеттен бөлінген қаражат осы күнге дейін түпкілікті нәтижені толық бермей отыр.

Онымен қоймай қала орталығындағы Тәуке хан даңғылында былтыр орнатылған бейнекамералардың жартысына жуығы шоғырланған. Көше бойындағы бір ғана бағанадан олардың бес-алтауын байқауға болады. Әкімдік сатып алынған 200 бейнекамерадан тез құтылуы керек болды ма, әлде оларға қойылған камералар саны маңызды болды ма, бір ғана Тәуке хан даңғылы мен Қожанов көшесінің қиылысына 30-ға жуығын тізіп тастаған. Түркістанда ұзын саны 845 көше бар. Сонда бір көшеден басқасының маңызы жоқ болғаны ма? Осылайша артық қыламын деп, тыртық қылғанның салдары ауыр болмаса игі. Бейнекамераларды қазақтың ырымындағы кәрі жіліктер секілді пайдалана бермей, қажетті жерлерге қойып, орнатылғанын базаға қосып, қоғамдық қауіпсіздікке аса үлкен мән беретін уақыт жеткен секілді.

ЖАРНАМА ОРНЫ
Тегтер:
Пікірлер

Пікірлер жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.