Құрылысы бітсе де берілмеген газ, бүлінген шкафтар

Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылы тұрғындары газ келеді деген үміттің жетегінде жүргеніне биыл 6 жыл толды.

Құрылысы бітсе де берілмеген газ, бүлінген шкафтар
24.08.2020
104
A+
A-

2015 жылы құны 751 миллион теңгенің «Ескі Иқан» газ тарату станциясы құрылысы аяқталған. 2018 жылы ауылдағы тұрғын үйлерге газ құбырлары түгел жүргізілген. Тіпті біраз ауыл азаматтары газ жүйесін үйіне тартып, көмір пештерін жаңартып та қойған. Яғни, көгілдір отын әне-міне келе қалса, тұтынуға сақадай сай жұрт бүгінгі күні күз қамына тоннасына 20 мың теңгенің көмірін сатып алып жатыр. Шамасы жетпегені тезектерді қоймасына толтыруды бастап кеткен.

Алты жыл бойы бір де бір тұрғынға газ таратып көрмеген «Ескі Иқан» станциясы ескіріп, енді қайта жөндеуден өткізуді қажет етіп тұрғаны белгілі. Кентау қалалық Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі басшысы Асхат Абдрасилов, 42,5 млн теңге қаржыға 10-20 тамыз аралығында кемшіліктерді жоямыз деген жоспары бар екенін айтады.

Алайда жұмыс мұнымен бітпейтін секілді. Себебі ауыл көшесі газ реттегіші ұрланған, бұзылып, қираған шкафтарға толы. Бұл – екі жыл бойы газ иісі мұрнына бармаған шкафтардың сиқы кетіп, бақылауға алынбағанымен қоймай, қараусыз қалғанының айғағы. Ауыл бұзақылары аман болса, аз уақытта барлық газ жүйесі қалпына келтірілмесе, бір де бір үйдің газ шкафының сау-тамтығы қалмайын деп тұр.

Ауыл ақсақалы Маннатов Даныш ауылдың газбен қамтылуын жуық арада шешіп берер деп облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтен үміт күтіп отырғанын жасырмады. Одан бөлек, ауыл тұрғындарының ауыз су проблемасын тілге тиек еткен ақсақал, орталықтандырылған жүйенің жұмыс жасамай тұрғанына налиды. Күрделі мәселелердің әлі күнге күрмеуі шешілмей жүргеніне не себеп екенін Кентау қаласы әкімдігі толық мәлімдей алмады.

15 мыңнан аса халқы бар Ескі Иқанның ескерілуі тиіс жағдайы елеусіз қалмаса игі. Жуық арада сүмбіледен соң, күз келетінін білетін ауыл жұрты алдағы уақытта көгілдір отынды күтіп отыра бере ме, әлде тезек-отындарын дайындай бере ме?

ТЕГТЕР:
ПІКІРЛЕР

Пікір жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.