Мәселенің шешімі тек Хамза көшесімен бітсе жақсы. Жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көшенің 500-ден астамы топырақ жолды құрайды. Жылына 100-ден астам топырақ көшеге тас төселіп, жөндеуден өтіп тұрады. Биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесімен асфалть жолдар 13,7 пайызға өссе, 13,65 пайызға азайту жоспарланған. Алайда топырақ көшелерді жөндеу жұмыстары шетте қалып кетті.
Түркістан облыс орталығы статусын иемденген жылдан бастап, қала ішінде жаппай инфрақұрылым жүйелерін жүргізу этаптары басталған болатын. Сарқынды су, газ құбырларын жер асты жолдары арқылы жүргізетін болғандықтан, жер қазу және көму жұмыстары тас жолдардың сапасын төмендетті. Кей аймақтарда асфальт жолдар бастапқы қалпынан айрылып, жөндеуге келместей болып зақымдалған. Яғни аталған мәселе салдары тас жолдар мен асфальт жолдарға кері әсерін тигізіп, топырақ жолға айналған. Қала ішіндегі жолдардың 70 пайызы осындай сорақылыққа душар болып отыр. Мысалы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне баратын орталық көшелердің бірі М.Әбеновты атап кетсек болады. Бүгінде тұрғындар асфальтты былай қойғанда, тас төселген жолдарға жарымай қалды.
Өткен жылы топырақ жол 113,7 шақырымды құраса, биыл да сол қалпында тұр. Демек, жыл сайын тым құрғанда тас төселіп, саны азайып тұратын көшелерге биыл қаржы бөлінбей, жұмыс тоқтаған. Дегенмен, бюджетінде 150 млрдқа жуық ақшасы бар Түркістан қаласы, 2020 жылы топырақ жолдарға қаржы бөлмей не жоспарлап отырғандары белгісіз? Тым құрғанда, сол қаржының 0,3 пайызын топырақ көшелерді жөндеу жұмыстарына бөлетін болса, тұрғындардың алғысына бөленер еді. Бұл көрсеткіш жергілікті тұрғындарға «батпаққа батып жүре бер» деген сыңай танытатын секілді.
Жел тұрса шаңға бататын көшенің адам өміріне қаншалықты зиян екенін білесіз бе? Білмесеңіз түсіндіріп көрейін. Бала-шағаңызды далаға ойнап кел деп сыртқа жібердіңіз. Ойын баласы құрдастарын жанына ертіп алып, топырақ көшенің шаңын шығарып атойлап басына көтереді. Башпайынан бастап, басына дейін шаңға көміліп үйге кіреді. Сол екі ортада ағзаға зиянды микроптардың бірді жарымын жұтып үлгереді. Баласын мұндай ахуалда көрген ата-ана енді көшеге шықпастай етіп сазайын тартырады. Немесе келесі күні тағы да амалсыздан топырақтың арасына жіберуге мәжбүр болады. Бұл жаз мезгілінде болатын оқиға. Ал мұндай көшелердің қыста көрсететін сойқанын мен айтпасам да өзіңіз пайымдап тұрған боларсыз.
Сәкен Хандиллаев
Түркістан қалалық мәслихаты депутаты