Талапқа сай автобусы жоқ Түркістандағы «Bus Lane»

Соңғы бір жылда Түркістанның болашағы үшін жақсы жобалар қолға алынды. Тарихи қала өз болмысын сақтай отырып, заман талабына сай ілгері жылжуда.

Талапқа сай автобусы жоқ Түркістандағы «Bus Lane»
ЖАРНАМА ОРНЫ
18.09.2020
804
A+
A-

Тіпті қала әкімі Рашид Аюповтың өзі Түркістанды халықаралық деңгейге көтеру үшін қоғамдық көлік жолдарына «Bus Lane» жобасын енгізді. Қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктердің кедергісіз қозғалысына арналған жасыл жолақтар бүгінде Б.Саттарханов даңғылына сызылды. Арнайы салынған жасыл жолдың ерекшелігі – жолаушының діттеген жеріне кедергісіз жетіп алуын қамтамасыз ету.

Екі жақты төрт шақырым жерді құрайтын арнайы жолға тұрғындар таңырқай қарасты. Қоғамдық көліктердің кедергісіз қозғалуы үшін жасалған жасыл жол қазірге дейін жүргізушілердің ашуын тудырып отыр. Асфальт жолдың шетіне ерекшелеп белгіленген жолаққа басқа көліктердің кіруіне және тоқтауына тыйым салынған. Бастапқыда көлік жүргізушілері арнайы салынған жолдың ережесін бұздың деп айыппұл салынып жатқандығын айтып әлеуметтік желіде шырылдаған болатын. Артынша қала әкімі Рашид Аюпов жаңа жоба тесттік режимде енгізілгенін хабарлаған.

Ал қалалық жол-патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық көлік үшін бекітілген арнайы жолға белгі қойылғаннан соң айыппұл саламыз деп жауап берді. Қазір автобус жүретін арнайы жолға белгілер қойылып жатыр. Демек, талаптарды орындамаған автокөліктер біртіндеп айыппұлға іліге беретін болады. Өзі төрт шақырым қашықтықты құрайтын, басы-аяғы жоқ жасыл жолақтардың міндеті көлік жүргізушілерінен аямай «ақшаны суырып» алу ма деп қаласың. Олай емес дейін десең, қоғамдық көлік үшін әспеттеп салынған жол неге бір ғана көше бойында орналасқан?

Бүгінде салынған жасыл жолақ бастапқы қалпынан айнып, бояуы өшіп жатыр. Ендігі бояуы жоғалған жолақты ай сайын түзеп тұру үшін қалалық бюджеттен тағы да қаржы бөліне ме? Сол арнайы жолдар қаланы түгел қамтыған болса, бәріне көз жұма салуға болар еді. Одан қала берді, екі жыл бойы жөндеуден көз ашпай жатқан жолға әп-сәтте ережесі бар жасыл жолақ сызыла салды. Жасыл жолдың ережесі қаланы толық қамтығаннан соң ғана күшіне еніуі қажет. Себебі жолаушы көлігі тек Б.Саттарханов даңғылымен ғана жүрмейді.

Дегенмен көше ортасында қоғамдық көлік кептеліске тап болып, жолаушының шағымданып жатқанын көрмейсіз. Керісінше тасмалдаушы автобусқа көңілі толмай күңкілдеп жүрген бір адам.

Рашид Аюпов Түркістан қаласына әкім болып тағайындалған жылы қоғамдық көлік мәселесін шешуге уәде берген болатын. Түркістан облыс орталығы атанған жылдан бастап тұрғындар осы мәселені айтып шаршады. Бірақ қоғамдық көліктің жыры әлі біткен жоқ. Тұрғындар үшін, ең алдымен таза, талапқа сай көліктердің қызметке енуі маңызды. Өзіңіз ойлап қараңызшы, №12,8,9 сынды есігін жапсаң, терезесі қирауға шақ қалып тұрған тасмалдаушы көлік арнайы жолмен кетіп бара жатыр. Адам лық толы көлікте бір аяғыңды көтеріп зорға тұрасың, есігінен атылып кетейін деп межеңе жетесің. Егер жолың болып жүргізушіге жақын тұрсаң тиыныңды санап қолына бересің. Автобустың арт жағында орналассаң, алдына барып жол ақыны берем дегенше жүз адамның аяғын басып, қарғысына ұшырап, ит әурешілікпен көліктен түсесің. Дегенмен бұл жағдай №2,6,7 сынды тозығы жеткен қоғамдық көліктегідей жанармайдың иісі шығып, уланып тұрғаннан әлде қайда жақсырақ. Ал енді елестете берсеңіз болады. Осындай жағдаймен көліктен түскен жолаушы «әкім мырза, арнайы сызып берген жолыңызға рақмет» деп алғыс айтар ма екен? Оның үстіне халықаралық стандарт жолмен жүруге Түркістандағы «халықаралық стандартқа» сай қоғамдық көліктердің өзі ұялатын шығар.

Түркістан облыс орталығы болғанымен, үлкен қаладағыдай кептеліс жоқ. Сондықтан тар жолды тарылта бергенше, ең алдымен қоғамдық көліктерді ретке келтіру қажет. Сосын халықаралық талаптарға сай автобустар арнайы жасыл жолдармен кедергісіз жүре беретін болады. Әлде жергілікті билік Б.Саттарханов көшесіне ғана орнатылған жолға ереже енгізіп, көлік жүргізушілерінен ақша өндіріп алғаннан соң ғана автобустарды жаңалауға көшуді жоспарлап отыр ме екен, кім білсін?

ЖАРНАМА ОРНЫ
Тегтер:
Пікірлер

Пікірлер жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.