Түркістандағы «қураған ағаштар мазары»

Қараусыз қалып, күтім көрмей қоқыстар мекеніне аттанған «мазараттағы» ағаштар көкте тұрып бізге қарғыс жаудырып тұрған болар. Енді мұндай тірліктен кейін орнына еселеп ағаш әкеліп ексе де, «өкпелеген жасылдар» көгермей өтетін шығар.

ЖАРНАМА ОРНЫ
12.09.2020
521
A+
A-

Қазақта «Бір тал кессең он тал ек» деген аталы сөз бар. Осы сөзбен-ақ бабаларымыз жасыл желектердің тұрмыстық өмірге қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп кеткен. Оның үстіне ағаш бір жылда мың шақырым жол жүрген көліктен шыққан газды жұтады. Демек, олар атмосфераның таза болуына көп септігін тигізді. Жасыл теректердің адам өмірінен басқа тұтас қоршаған ортаға тигізетін пайдасы орасан зор. Не көп, жіпке тізіп айта берсек, пайдасы шаш етектен. Сондықтан да, қандайда бір өңірдің ажарын одан әрі аша түсетін бірден бір нәрсе — ағаштар. Осыдан екі жыл алдын Түркістанға пәленбай мың түп ағаш егіліп жатыр деген хабарды ести сала, қатты қуанған болатынбыз. Алайда сол жасыл желектердің бүгінгі сыйқын көріп жылағың келеді.

Қаламыздың орталық көшелеріне егілген ағаштар күн санап азайып жатыр. Олардың 80 пайызы жойылған. Өткен жылы ғана О.Жандосов, Әмір Темір, Байбұрт, Қазбек би, Майкөтов, Қожанов сынды біршама көшелерге егілген ағаштардың бүгінде қураған қаңқасы ғана қалған. Одан қала берді, көп бөлігі түбінен кесіліп, алынып тасталған. Редакциялық ұжым болып, жасыл теректердің неліктен мұндай хәлге душар болғанын анықтауға кірістік. Айтсам сенбессіз, нәтижесінде қураған ағаштар демі таусылған адам секілді қала маңайына «жерленіп» жатыр екен. Нақтырақ айтсақ, қала сыртындағы Шәуілдір тас жолы аумағында орналасқан қоқыстар мекеніне, қураған ағаштарды түбінен кесіп, көлікке тиеп апарып тастауда. Көгеріп, жайқала алмаған жасыл газондар да орылып, ағаштармен бірге құшақтасып жатыр. Осылайша қолдан жасалған олқылықтың кесірінен «қураған ағаштар мазары» пайда болды. Түркістандағы Хақназар орталық көшесі бойындағы «Жасыл Түркістан» мекемесіне қарасты бей-берекет қалдықтар төгетін мекенде де өлі ағаштардың қаңқасы тау-тау болып үйіліп жатыр. Біз желектерді күтімсіз қалғандықтан өкпелеп басқа жерге көшіп жатқан болар деп ойласақ, олардың бастары кесіліп, қоқыстар мекеніне «жерленіп» жатыр екен.

2019 жылдан бастап қаланың орталық көшелеріне 2,321 млрд-тан астам қаржыға 177 884 дана ағаш көшеттері отырғызылған. Одан бөлек Түркістан облыс орталығы атағын иемденген жылдан бастап 30-дан астам орталық көшелерге және 32 сектор бойынша әр аудан тарту еткен ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Жалпы осы уақытқа дейін қала ішіне 500 мыңнан астам жасыл желектер отырғызылған. Алайда 3 млрд-тан астам қаржыны арқалаған ағаштар, бүгінгі таңда өзін ақтай алмай, қурап жатқандығын ескертіп, бірнеше рет дабыл қаққан болатынбыз. Біздің «Жаңа Түркістан» редакциялық ұжымы қала ішіндегі көгалдандыру жұмыстарының ақсап жатқандығына тоқталып, сараптама жүргізді. Дегенмен «айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, үнімізге құлақ асқан бірде-бір жан болмады.

Бүгінде осындай салғырттықтың нәтижесінде Түркістанда «қураған ағаштар мазары» пайда болды. Күтімі дұрыс болмай, жерсіне алмай жатқан теректерге қатігездік танытып түбінен кесе бергенше жайқалып өсуіне неге ықпал жасамады? Бәрінен бұрын, ауаға шашылған 3 млрд 700 мыңнан астам қаржылар-ай! Ендігі кезде мемлекеттік бюджеттен ағаштарға деп бөлінген қаржылардың өтеуін кім береді? «Ағаштар мазарындағы қураған миллиардтарды» көзбен көргенде осы қаржыны қаламыздың басқа да әлеуметтік жобасына жұмсасақ болмас па еді деген ойға қаласың.

Қараусыз қалып, күтім көрмей қоқыстар мекеніне аттанған «мазараттағы» ағаштар көкте тұрып бізге қарғыс жаудырып тұрған болар. Енді мұндай тірліктен кейін орнына еселеп ағаш әкеліп ексе де, «өкпелеген жасылдар» көгермей өтетін шығар.

ЖАРНАМА ОРНЫ
Тегтер:
Пікірлер

  1. Жанашыр says:

    ЖУМЫС ИСТЕМЕГЕН когалдандыру мекемеси бастыгы неликтен депутатыкка тагайындалмакшы?
    Истемеген адамды жумыстан шыгару керек.