Түркістанның «жығылған» жалаулары

Түркістан облыс орталығы атағын иемденіп, қала ішіне жаңашыл бағыттағы идеялар легі іске аса бастады. Қала кіреберісінен толық көмкерілген әдемі гүлзарлар мен саябақтар көне шаһардың көркін одан әрі аша түскендей әсер қалдырды. Жол бойына жағалай отырғызылған жасыл желектер мен «Turkistan» жазуы таңбаланған түрлі-түсті жалаулар қаланың сыртқы көрінісін ғана ажарландырып қоймай, бір көрген жанға ерекше әсер қалдыруы тиіс болған.

Түркістанның «жығылған» жалаулары
ЖАРНАМА ОРНЫ
01.11.2020
448
A+
A-

         Бүгінде сыйқы қашып, сиясы өшкен түрлі-түсті жалаулар қураған ағаштар сияқты сырттан келген қонақтарға «мен мұндалап» айқалап тұр.

         Рашид Аюпов әкім болып тағайындалған жылы ежелгі және қазіргі заман миксі көрсетілген, Жібек жолы бойындағы қозғалысты баяндайтын логотипті енгізген болатын. Бүгінде қаламыздың жеке бренді жазылған жалаулар орталық көшелердің бойына тағылды. Қызметіне қарай бұл жай ғана жалаулар емес, тиісінше көне шаһардың болмысын аша түсетін байрақ іспеттес. Ал кез келген өңірдің символына айналған мұндай байрақтарды сонау заманнан бері ерекше қастер тұтқанынан хабардармыз. Қазақ тарихына үңіліп қарар болсақ, әр үш жүздің болмысын аша түсетін таңбалы жалаулардың болғаны білгілі. Демек, Түркістандағы аталмыш брендтегі жалауларды киелі шаһардың беткеұстар байрағы десек те қателеспейміз.

Қызылорда көшесі

         Жоғарыда аталған ерекше стильде әспеттеліп жасалған байрақтар түркістандық тұрғын үшін де, қонақтар үшін де таңсық дүние емес. Себебі шаһардың ең беделді, үлкен көшелердің бойына тағылған жалаулар ұзақ жолдан ерекшеленіп, бірден көзге түседі. Ал оған «Turkistan» жазуы бар қала логотипі орнатылғаннан соң мүлдем елемей өту мүмкін емес. Облыс орталығының жеке бренді бейнеленген жалаулар әсіресе, Қызылорда қаласынан қатынайтын үлкен көшелердің бойында көптеп орналасқан. Бұл, әрине, қала брендін қонақтарға көрсетіп қана қоймай, адам жадында сақталып қалуына жол ашу. Демек, кішкентай ғана түрлі-түсті жалаулар тек Түркістанның көркеюіне ат салысып қоймай, жеке белгіні жарнамалауда үлкен рөл атқарып тұрғанынан хабардар етеді. Әрі-беріден соң, қаламызға қыдырып келген жолаушы көзіне ең бірінші оттай басылатын дүние де осы — жалаулар. Ал енді, осынша идеология мен қыруар қызметті бойына сіңіріп тұрған дүние тозығы жетіп, желбіреп тұрса не болмақ?

Қызылорда көшесі

         Өкінішке қарай, Түркістан байрағы бүгінде назардан тыс қалып, тозып кеткен. Тіпті кейбіреулері жылдап ауыспағандықтан кірленіп, ақ жалау қара түске боялған. Бірақ жыртылып, жоқ болуға шақ қалып тұрған көріністен бұл әлде қайда жақсырақ. Ең сорақысы, байрақтардың ұсқынсыз кейпі Б.Саттарханов, Тәуке хан, Қызылорда сияқты ірі қалалардан қатынайтын көлік жолдарының бойында тізбектеліп жатқаны. Түркістанға алғаш табан тіреген жан көлік терезесінен сыртқа қарап, көзге оттай басылатын ұсқынсыз жалауларды көргенінде «таза қала Түркістан» деп ұрандатып жүрген сөзімізге түкіріп кететін шығар. «Жол бойына жағалай тағылған жалау» деп те кесіп айта алмаймыз. Себебі олардың арасы сиреп, көбісі жыртылып, жоқ болып кеткен. Мүмкін қалалық әкімдік жалаулар өзінен өзі осылай жойылып кетеді деп көңіл бөлмей отырған болар. Қалай ойласақ та, облыс орталығы Түркістан үшін жоғарыдағы жайттар үлкен сын. Туристердің назарына  бірден ілігетін осындай дүниелерді көзге ілмей тұрып, «Түркістан – туризм орталығы» деп мақтанышпен айтатынымыз орынсыз. Көне шаһардың ерекшелеп белгіленген байрағы бүгінде елеусіз ғана жыртылып, құлап жатыр. Ал ұғымымызда байрақтың жығылуы жақсы мағына бермейтіні бәрімізге аян.

         Қала басшылығы шаһардың шырқын бұзып тұрған дүниелерге кейінгі кездері мән беруді мүлдем қойды. Себебі қала көркін қашыратын мұндай өрескел қателіктер туралы редакциямыз бұдан алдын да көтеріп келді. Өзгерген жалауша, нәтижемен бөліскен жауаптылар болмады. Соған қарағанда Түркістанның атауына нұсқан келтіретін мұндай жауапты жұмыстар ешкімді ойландырып отырған жоқ сияқты.  Мүмкін жалаушадан келетін зиянның шама-шарқын пайымдай алмай жатқан болар деп, екінші рет қаузап, ескертуді жөн көрдік. 

Тәуке хан даңғылы

         Қонақтар мен тұрғындарға қала туралы жақсы ой қалыптастыру үшін көше бойларына тал ектік. Күтімсіз қалды ма, жерсіне алмады ма түбінен кесіп қоқыс орталығына аттандырдық. Енді жалаушалар да қураған һәм жоғалған ағаштардың кебін киіп жатпасын. Тым құрығанда жылына бір-екі рет жаңалап тұруға болатын шығар?!

         Түркістан сияқты тарихи, киелі қаланың статусын төмендетіп алмайық десек, ең алдымен, «жығылған» жалауларымыздың жүзін жарқыратып, биікке іліп қойғанымыз дұрыс болады.

ЖАРНАМА ОРНЫ
Тегтер:
Пікірлер

Пікірлер жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.