Түркістанда баспана дауы дауылға ұласпаса еді

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Түркістанда осыдан бірнеше жыл бұрын көпқабатты тұрғын үй құрылыстары басталған. Қаланың «Отырар» ықшам ауданында 2018 жылдан бастап бой көтерген 5 қабатты 20 үйді мұқтаж жандарға беріледі деп хабарлаған болатын. Жаңа баспананың он біріне былтыр қолданысқа берілген. Қалған 9 үйдің кілттері неге екені белгісіз, бүгінгі күнге дейін берілмей келеді.

Түркістанда баспана дауы дауылға ұласпаса еді
ЖАРНАМА ОРНЫ
17.09.2020
794
A+
A-

Баспанадан үміткер 600-ге жуық отбасы сол жылы пәтер алу мүмкіндігінен айрылды. Содан бері көштен қалған тұрғын үйдің құрылысы қазірге дейін аяқталар емес.

Жаңа баспана кезегіне жетім балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері мен жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар және көпбалалы аналар тіркелген. Оның ішінде рухани шаһардың облыс орталығы атанғалы Түркістанның дамуы мен гүлденуіне үлес қосып жатқан мемлекеттік қызметкерлер де бар.

Былтыр қолданысқа берілуі тиіс нысандардың құрылысы әлі күнге дейін жалғасып келеді. Аталған тоғыз үйдің жетеуі бір ай көлемінде аяқталса, қалған екеуі әзірге дейін құрылысын жалғастарып отыр. Жөндеу жұмыстары осы уақытқа дейін созылған «Құрылыс Сервис СК» ЖШС мен «Каз Медео Гранд» ЖШС қарамағындағы №1 және №6 үй ғимараттары. Дайын деген жеті үй аумағының инфрақұрылым жұмыстары толық жүргізілмеген. Яғни, көпқабатты үйдің маңайына балалар үшін салынатын ойын алаңдары мен түрлі абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоқ.

Негізінде аталған тоғыз үйдің құрылысы 2019 жылдың 27 желтоқсанында мемлекеттік қабылдаудан өтіп қойған. Тіпті келісім шартта көрсетілген тоғыз үйге 3 млрд-қа жуық қаржы толығымен төленіп, есеп айырысып қойған. Осы тұста іс жүзінде құрылысы қазірге дейін бітпеген тоғыз көпқабатты тұрғын үй қалайша мемлекеттік қабылдаудан алдын ала өтіп, құрылыс жұмыстарының ақысы толық төленіп кетті деген заңды сұрақ туындайды.

Түркістан облысының құзырлы органдары осы мәселенің анық-қанығын бүгінге дейін неге тексермей отыр? (Түркістан облыстық прократура, Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) Әлде бұл жайттан бейхабар қалды ма? Олай болса, осы мақаладан кейін заңды бағасын бере жатар.

Енді Түркістан қаласы әкімдігіне келер болсақ, биыл ақпан айындағы әлеуметтік желідегі жариялымында «Отырар» ықшам ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің он бірінің қоныс тойы тойланғанын хабарлап, қалған тоғызы наурыз айында беретіндігін жоспарлап жатқанын айтқан еді. Демек, әкімдіктің күнделікті халыққа беріп отырған деректеріне сүйенетін болсақ, наурыз айына дейін аталған ғимараттар қолданысқа беріледі деп топшаланған. Алайда түсініксіз себептермен іс бітпей, құрылыс жұмыстары бүгінгі таңға дейін «сиырқұйымшақтанып» кетті. Мұның салдарынан кезекте тұрған көпбалалы аналар мен пәтерге мұқтаж жандар «баспананы қашан беріп қалады?» деген үмітпен әкімдікке телміріп қарап отыр. Биыл шаһарда баспанаға үмітті 11 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішіндегі 600 жуық отбасы 10 ай өтсе де өздеріне тиесілі пәтерлерін иелене алмай отыр.

Ашығын айтқанда жоспарлы 20 тұрғын үйдің 9-ының жұмысы бітпей қалған, бұл – бір. Қолданысқа берілмеген көпқабатты тұрғын үйдің ақшасы алдын ала толығымен аударылып, қабылдаудан өткізіп жіберілген.

Осы үйлердің құрылыс жұмыстары басталған уақытта әкімдік құрылыс кестесін түзетіні белгілі. Сол кестеде құрылыс жұмыстарының басталуы мен аяқталуы мерзімі көрсетіледі. Келісім шартта белгіленген мерзімінен асып, уақытынан кешіккен жағдайда мердігерге қалалық әкімдік тарапынан штарфтық, айыппұл санкцияларын қолдану тиіс болатын. Ал бұлар құрылысы бітпеген нысанды мемлекеттік қабылдаудан толық өткізіп, ақшасына дейін аударып қойған. Ендігі кезде штраф туралы ауыз аша алмай, мердігер компанияның артынан қуалап жүр. Соңында үйдің құрылысын асарлатып, жалынып бітіріп жатса таң қалмайсыз. Осы әрекеттің ақ-қарасын ажырататын бірде-бір жаны ашитын азамат қалмағаны ма? Одан бөлек облыстық сәулет және құрылысты қадағалау басқармасы қайда қарап отыр? Жылы орнынан қозғалып, жан-жағына мойнын созар болса, сол үйлер анық көрініп тұр емес пе? Облыс басшылығы Түркістан қаласы әкімдігінен осы аталған жағдайдың себебін сұратып, нақтысын анықтаса екен. Себебі осындай мәселе бір жыл бойы пәтерге мұқтаж жандардың «ертең үй алып қаламын» деген үмітін күн санап сөндіріп жатыр.

Қазақ сенімнен кеткен адамына «Сенген қойым сен болсаң» деп кейіген. Атқарушы билік әлдеқашан берілуі тиіс ғимараттың олқылықтарын жасырып, «әне берем, міне берем» деген сылтауға салып отыр. Бұқараға ашық деректермен бөлісіп отырудың орнына Мұқағалидың «Мұнда қалған бір сыр бар, айтпайсыңдар қусыңдар» деген өлең тармағындағыдай бір сыр бүгіліп жатқан болар? Әйтпесе, о баста бітпеген үйді мемлекеттік қабылдаудан өткізіп, ақшасын санап бермес еді ғой.

ЖАРНАМА ОРНЫ
Тегтер:
Пікірлер

Пікірлер жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.