Түркістандықтар жаппай көмір алуға көшті

Рашид Аюпов Түркістанға әкім болып тағайындалған жылдан бастап тұрғындарға біршама жұмыстардың шешімін табатындығына сөз берген. Сол уәденің бірі – көпшілік қаншама жылдан бері асыға күткен газ мәселесін оңтайластыру. Алайда, онсызда шамданып кеткен табиғи газ орнату жұмыстарына биыл да нүкте қойылмайтын сияқты. Оған, газбен қамтамасыз ету жұмыстарының ай сайын бәсеңдеп жатқаны дәлел.

Түркістандықтар жаппай көмір алуға көшті

Түркістан қаласында жалпы 52 037 абонент газ пайдалануы тиіс болса, қалалық «Инфрақұрылым және коммуникация» мекемесі қазіргі таңда 8257 үй табиғи газды пайдаланып отыр деп мәлімдеген болатын. Оның ішінде 2020 жылдың басынан бері 1230 үйді қамтыған. Бұл – Түркістан қаласы әкімдігінің берген мәліметі. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан қаласындағы газдандыру жұмыстары туралы ақпараты басқаша болып шықты. Мәліметте Түркістан қаласы бойынша барлығы – 7086 тұрғын газбен қамтылғанын, оның ішінде 2020 жылы газға қосылған – 835 тұрғын деп көрсеткен. Сонда Түркістан қаласы әкімдігі табиғи газға қатысты мәліметтерді осы уақытқа дейін жалған беріп келген бе? Оның үстіне «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ кезінде коммерциялық жолмен газ құбырларын тұрғын үйлерге жеткізу құны 250-320 мың теңге аралығында болған. Сол уақытта қала ішіндегі 6 мыңнан астам үй газға қосылған. Ал қазір табиғи газды қосып алу бағасы одан үш есе арзан бағада. Соған қарамастан тұрғындардың газды орнатып алу жұмыстары бәсеңдей түскен. Соңғы екі айда 120-ға жетер-жетпес тұрғын үй газға қосылған.

Бүгінгі күнгі мәліметте 1 және 2-мөлтек аудан бойынша 317 пәтер көгілдір отынмен қамтылған. Түркістанда баяғыдан келе жатқан газ құбырына мұқтаж 102 көпқабатты үй, 3200-ден астам пәтер бар. Соның үш жүзден астамы ғана табиғи газбен қамтылған. Бұл көрсеткіш аталған пәтерлердің 10 пайызын да құрамайды. Газ мәселесіндегі ұйымдастыру жұмыстарының қаншалықты деңгейде жүріп жатқандығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Егер табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары осы сарынмен кете беретін болса, биылғы жылы аналарымыз тағы да газ балондарын жоғарғы қабатқа арқалап өткізетін түрі бар.

Қала әкімі Рашид Аюпов жақында ғана газ мәселесіне байланысты жиын өткізді. Табиғи газбен қаланы қамтамасыз ету жұмыстарындағы бәсеңдікті сынға алып, алдағы бір апта ішінде барлық абоненттер толық газбен қамтылуы тиіс деп тапсырма берді. Бір аптадан кейін газ мәселесі тағы қаралып, әкімдік нәтижесімен бөлісетін болды. Біз алдағы уақытта, берілген уәделер мен тапсырмалардың қаншалықты жүзеге асатындығын бақылап отыратын боламыз.

Газетіміздің өткен санында «Қырқына шыдадың, енді тағы күте тұр» деген атпен Түркістан қаласындағы газдандыру жүйелері жайлы мақала жариялаған болатынбыз. Қалай болмасын, қаладағы газ жүйесін орнату жұмысы тоқырап тұр. Тұрғындардың біразы «қыстың қамын жаз ойла» деп, жаппай көмір сатып алуға көшіп кеткен. 2020 жылы Түркістан 1250 вагон, яғни 84 435 тонна көмір қабылдады. Соңғы екі апта ішінде 14 835 тонна көмір әкелген. Демек, бұл – қала халқы әкімдіктің осы жылы «табиғи газ қаланы толық қамтиды» деген уәдесіне сенімсіздік танытып отыр деген сөз.

ТЕГТЕР:
ПІКІРЛЕР

Пікір жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.