Түркістан қаласында заманауи құрылғылармен жабдықталған, балаларға білім беруге арналған жаңа «Ақжайық» музыкалық мектебі ашылды. Жағымды жаңалықты түркістандықтар қуанышпен қарсы алғаны мәлім. 120 бала өнердің 18 түрінен дәріс алатын болады. Қос қабаттан тұратын ғимарат музыкалық аспапта сабақтар өтуге барынша лайықталған. Алайда қалалық Адами капиталды дамыту бөліміне қарасты өнерге баулитын үш білім ошағының үшеуі де өздеріне лайықты ғимараттары болмағандықтан тәрбиеленушілеріне талапқа сай сабақ өте алмай жүргені бар. Қаламыздағы бұл жағдай кеше-бүгін туындаған мәселе емес. Екі жылдан астам уақыт өтті. Орын алған олқылықтың орнын тездетіп толтыру керектігін қала басшылығы мен білім бөлімі түгілі бүкіл қала тұрғындары біледі. Бұдан бұрын қалалық Мәдениет үйі мекемесі қаланың шетіндегі Бірлік мөлтек ауданындағы салынғанына жүз жылға жақындаған ескі ғимаратқа көшіріліп, 45-тен аса мәдениет қызметкерлерінің ешқандай жағдайлары жасалмаған, едендері шұрық тесік, жылу жүйесі орнатылмаған жерде жұмыс жасауға мәжбүр болған хәлдері мәдениетті бағалай білетін түркістандықтардың жанына батқаны жасырын емес. Мәдениет үйінің ғимараты жекешелендіріліп, бүгінде оны «мейрамханаға» айналдыру жұмысы жүріп жатқан шақта «өнер үйренемін» деген балапандардың да басына түскен бұл нәубет жараға тұз сепкенмен бірдей етті.
Түркістан қаласында мың жеті жүзге жуық өнерлі жас өрендердің біршамасы Балалар мен жасөспірімдер орталығында, басқасы Өнер мектебі мен Саз мектептерінде дәріс алып жүр. Дәріс алуда дейін десең, дәріс алуға қиналып жүр екен ғой. Ал жүзден аса педагогтың уайымы ата-аналардың сеніп тапсырған балаларына лайықты тәлім беру үшін жанталасқа түсу болып тұр. Облыс орталығында өнерлі өрендерімізді әлдилеп, барлық жағдайы жасалмай отырғанына налисың. Енді анығына тоқталған жөн.
Қалалық «Балалар мен жасөспірімдер орталығының» 1 322 тәрбиеленушісі бар. Алайда 50-ден аса қызметкерлерімен қоса Ғабит Мүсірепов көшесіндегі екі қабатты ғимараттың екінші қабатын пана тұтып отыр. Мұндағы бөлмелердің саны онға да жетпейді. Ал орталықта 30-дан аса үйірме жұмыс жасайды.
Өнерлі өрендер талантын өз сахнасында емес, қай мектептен шақырту түссе, сондай-ақ қоғамдық іс-шаралар өткізілетін орындарда көрсетіп келген.
Алғашында қалалық адами капиталды дамыту бөлімі бұл ғимаратты толыққанды орталықтың пайдалануына берген. Дегенмен жақында ашылған «Халықтық кеңсеге» оның бірінші қабатын, өнерлі жасөспірімдердің шығармашылығын танытатын сахнасымен қоса «тартып алып» берілген. «Халықтық кеңсенің» халыққа қалай қызмет жасап жүргенін барлық түркістандықтар жақсы біледі.
Енді орталықтағы балалардың бүгінде не билейтін, не ән шырқайтын алаңы жоқ. Белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков басшылық еткен ұстаздар ұжымы мен өнерлі өрендер Халықтық кеңсенің арқасында «тор ішінде қалған торғайдай» тыныстары тарылып жатқаны бар. Балаларды өнерге баулу емес, оларға жайлы жерде білім беру бас ауруға айналған.
Ал 70-тен аса тәрбиеленушісі, 10-нан аса педагогы бар «Өнер мектебі» қалалық №27 мектептің үш адам әрең сиятын 4 бөлмесінің барына қанағат етіп отыр.
Мұнда қазақтың дәстүрлі әндері, жыр-термелері, айтыс өнері үйірмелері бар. Бірақ қуықтай ғана бөлмеде емін-еркін дәріс берудің өзі мұң.
60 жылдық тарихы бар «Саз мектебінің» хәлі тым мүшкіл жағдайда. Екі жылдан бері балаларға лайықты білім беруге ғимарат таппай тентіреп жүр. Бүгінде 297 шығармашыл тәрбиеленушісі бар өнер ордасы, білімді де білікті 45-тен аса ұстаздарымен қоса қалалық №10 әл-Фараби атындағы мектептің ескі ғимаратына қоныс аудартылған. Сынып санының жеткіліксіздігінен 3-4 оқытушылар бір бөлмені кәдуілгі тақтамен бөліп пайдаланып отыр.
Қобыз, флейта, рубаб, баян, домбыра сынды бірнеше аспаптарды балаларға үйрету кезіндегі дыбыстардың жаңғырығы бір-бірлерінің дәрістеріне кедергісін келтіріп қана қоймай, баланың өнерге құштарлығын өшіретін секілді. Тіпті, психологиялық тұрғыдан оқытушыға да, оқушыға да кері әсерінің бары жасырын емес.
Тар бөлме, одан қалды саз аспаптарынан шығатын дыбыс бір-біріне қосылған сәтте дәріс сыныбында отырмақ түгілі қашып кеткің келеді. Дегенмен өнер ордасының ұжымы қала әкімдігі тарапынан жаңа ғимарат орны табылып қалар деген үмітпен, қараңғы бөлмеде, қыстың суығына қарамастан көндігіп келген. Арадан 2 жыл өтсе де, «Саз мектебінің» жайы Түркістан қалалық әкімдігінің назарынан тыс қалған.
Домбыраның хас шебері, «Құрметті педагог» Гүлмира Өмірханқызы, «Педагогика саласының үздігі» Айжан Жүнісқызы, әнші әрі сазгер Қаламқас Парманқызы, «Алтын домбыра» иегері, әнші әрі термеші Әлия Оразбекқызы сынды өнер мен мәдениет қайраткерлері жас өрендердің шығармашылығын шыңдауға барын салатын кәсіби ұстаздары бар Саз мектебінің жетім хәлге жетіп отырғаны, әрі әкімшілік тарапынан қолдаудан қағылғаны қалай? Әлде Түркістан өнерінің дамуына және түркістандық жас өнерпаздарға әрдайым жол көрсетуге жанын салуға әзір Ұстаздардың кәсіби біліктілігіне сенімсіздік білдіріп отыр ма?
Осы тұста ең үлкен сұрақ туындайды. Қолда бар алтынның қадірі жоқ дегендей, Түркістан қаласында жетістіктерін ауыз толтырып айтарлықтай қалалық Адами капиталды дамыту бөліміне қарасты үш білім ошағының жағдайы қиындап, мектептеріне лайықты ғимарат таппай тентіреп жүргенде тағы да бір жаңа өнер мектебін ашып, оған жаңа қосымша басшылық тағайындап, жаңа құрам жасақтап, «Ақжайықты» сол мектепке берудің қандай қажеттілігі бар еді? Әлде біз түсінбейтін қандай да бір мәселенің болғаны ма?
«Адамның бір қызығы бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп, Абайдың жолын қуған қала тұрғындары барын салып баласына өнер үйретуді жөн санайды. Баласы өнерсіз, білімсіз артта қалмасын деген ата-ананың уайымын түсінуге болады. Ата-ана бала жауапкершілігін мойнына алып, қаладағы үш өнер мектептерінің біріне беріп, ұстаздардың қолына табыстап келеді. Бірақ ұстаздардың мұндай жағдайда үйірме сабақтарын өтуге мәжбүр еткен жағдайдың оңалар кезі тездетіп келсе жақсы. Өнерлі ұрпағымыздың қанатын кеңге жайып, әлемді тамсандыра алуы үшін мәпелеп, бар қажеттіліктерін жасау қажеттігі уақыт күттірмей шешілуі тиіс мәселе. Алайда өзекті мәселені шешу үшін қала басшылығы басын ауыртып отырған жоқ. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын!» деген Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының сөзін қала әкімдігі бір сәт ойына алғаны жөн болар.