Үкімет ұсынысына Түркістан әкімдігі неге немқұрайды қарады?

17-тамыздан бастап өңірлерде карантинді жеңілдету туралы шешім қабылданды. Дегенмен жұмыс беруші қызметкерлердің 80%-ы қашықтықтан жұмыс істеу форматын сақтау қажет деген қаулы бекітілді.

ЖАРНАМА ОРНЫ
20.08.2020
189
A+
A-

Түркістан қаласы әкімдігінің қызметкерлері әлі күнге дейін қалыпты жұмыс режимінде көрінеді. Қала әкімдігінің аппарат басшысы Жәнібек Наушабай штатта 137 мемлекеттік орын болса, бүгінгі таңда оның 123-і жұмыс істеп жатқанын айтты. Ал қалған 14 орын бос. Демек, әкімдіктегі қызметкерлердің ешқайсы онлайн жұмыс форматына көшпеген. Оның үстіне, Түркістанда вирустың өршіп тұрған уақытында қалалық әкімдік қызметкерлерінен COVID-19 індетімен – 10, пневмониямен – 33 адам ауырған. Осы тұста неге әкімдік қарамағындағы бірде-бір мемлекеттік қызметкер қашықтықтан жұмыс жасау режиміне көшпей отыр деген заңды сұрақ туындайды.

Ғалымдар Қазақстанда күз мезгілінде COVID-19-дың үшінші толқыны басталады деп болжам жасады. Мектептер мен ЖОО-да қазірден бастап онлайн оқу форматына дайындық үстінде. Елдегі қозғалыс нәтижесіне қарап, індеттің беті біраз сейілгенімен одан келетін қауіптің қатері әлі жойыла қоймағанын аңғарасың. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жұмыс берушілерге мамандарын қашықтықтан жұмыс жасату туралы кеңес берген болатын. Ал Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі ведмоствоаралық комиссияның отырысында еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай қаралды. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына қол астындағы жұмысшылардың 80%-ын қашықтықтан жұмыс жасауға ауыстыру ұсынылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік және квазимемлекеттік саладағы қызметкерлердің 70% қашықтықтан жұмыс істеуге көшіру керек екенін айтқан болатын. Алайда Түркістан қаласы әкімдігі жұмыстың жаңа түріне асығатын түрі жоқ.

Коронавирус инфекциясы Қазақстанға тарала бастаған уақытта ең көп зардап шеккен қалалардың бірі Түркістан болды. Қасым-Жомарт Тоқаев 18 шілдеде өткен селекторлық отырысында елімізде шектеу шаралары күшейтілгенімен халық әлі де отбасылық мерейтойларды өткізуін тоқтатпағанын айтып, мұндай көрсеткіш Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында көптеп байқалады деп сынға алды. Осы жиында әкімдіктің карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстары да әлсіз жүріп жатқандығын ескерткен болатын.

Әкімдік тұрғындарға вирустан сақтанудың жолдарын түсіндірмес бұрын ең алдымен өздері көпке үлгі болулары керек. Біздің мекемеден осынша адам үйінде отырып жұмыс жасап жатыр, инфекцияның таралуына жол бермеу үшін сіз де солай жасаңыз деп қала тұрғындарына үндеу жасаса, бейқам жүрген жұрттың жүрісі азаяр еді. Мемлекеттік қызметкерлердің белсенді әрекеттерін сырттай бақылап отырған халық та сенім білдіріп, жұмыстарын қашықтықтан атқаруға болатынын түсінеді. Ең бастысы, бүкіл әлемді жаулаған вирустың қаншалықты қауіпті екенін әкімдіктің іс-әрекетіне қарап біледі. Мемлекет бекіткен талаптар мен сақтық шараларды орындауға әкімдік, ең алдымен өздері білек сыбана кірісетін болса, Түркістан қаласы COVID-19 инфекциясының екінші толқындағы көрсеткішін басқа қайталамайтын болады.

ЖАРНАМА ОРНЫ
Тегтер:
Пікірлер

Пікірлер жоқ. Сіз бірінші пікірді жоғарыдағы форма арқылы қалдыра аласыз.